Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғамСпортЭнергетический ауылдық округі

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДАҒЫ ЖЕРЛЕСІМІЗ

Дене шынықтыру адам ағзасына керек пайдалы қасиеттің бірі десек, спорт та адамзаттың керек дүниесінің біріне айналғалы не заман. Бүгінде спортқа, соның ішінде — номері бірінші спортатанған футболға қызықпайтын адам жоқтың қасы. Әсіресе, соңғы кезде футболдан еліміздің құрамасы Ұлттар лигасы аталатын турнирде өз тобында жеңімпаз болып, сосын Германияда өтетін Европа құрлығының біріншілігіне іріктеу кезеңінде Дания, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Словения сияқты азулы қарсыластарымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Әттең, соңғы ойында ұтылып қалып Евроға тікелей өте алмады. Бірақ, жанкүйерлердің жүрегіне біздің футболшылар да ойнай алады екен деген үміт отын жақты деп ойлаймын. Ұлттық құрама сапында орталық қорғаушы шебінде біздің жерлесіміз Александр Николайұлы Марочкин ойнайды. Наурыз айының аяғында Қазақстан мен Грекия құрама командаларының ойынына жанкүйер ретінде қатысып қайттық. Ойыннан кейін келесі күні жерлесімізбен кездесудің сәті түсті. Футболистеріміз 26-наурыз күні өтетін Люксембург елінің командасымен жолдастық кездесуге дайындалып жатыр екен. Кездесу Эгей теңізінің жағалауына жақын орналасқан Дивани Аполлон қонақүйінің холлында өтті. Амандасып болысымен: Саша, сен журналистерден қорқасың ба?– деп сұрақ қойдым. Өйткені, байқағаным жүзінде мына кісі қайдан келген, кешегі ойын жайында сұрайды ма деген таңдану ма, қобалжу белгісін аңғарғандай болдым. Ол: Мен, негізі журналистерге интервью бермейтін едім — деді. Мен күліп: Қорықпа, мен журналист емеспін. Жәй, жанкүйер зейнеткермін. Өтеген батыр ауылында тұрамын, стадионға қарсы үйде. Іле-Сәулет командасындағы ойындарыңды терезеден көріп отыратынмын дедім. Ал, кәзіргі мақсатым біздің Өтеген батыр ауылында кезінде ойыныңа тәнті болған қаншама ересек жанкүйерлер бар, футбол мектебінде қаншама жасөспірім балалар бар доп теуіп жүрген. Соларды сенің өмір жолың қызықтыратыны сөзсіз, интервью берсең — деген едім. Жарайды- деп өзі туралы әңгімелеп берді;

Мен 1990 жылы 14 шілдеде Арқалық қаласында дүниеге келіппін. Бірақ, туылғаным болмаса, ес білгелі Покровкада (кәзір-Кенен ауылы) тұрдым. Анам Марочкина Наталья бүгінде өмірде жоқ. Өгей әкем Пашкевич Николай Александрұлы құрылысшы болған, Қонаев қаласында тұрады. Балалық шағым көшеде өтті десем болады. Кіші Алматы өзенінің жағасында шағын стадион бар. Таңертеңнен кешке дейін стадионда доп тебетінмін. Футболист болам деген арманым сол жерде басталған болу керек. 1997 жылы Өтеген батыр ауылындағы 38-мектепке бірінші сыныпқа бардым. Денешынықтру сабағы ең сүйікті сабағыма айналды. Мектептегі футбол командасының капитаны едім.

Мен кәсіби спортқа 22 жасымда келдім. Ауданымыздың Іле-Сәулет командасы ел біріншілігінің Бірінші лигасында жақсы ойнайтын. 2010 жылы қола, 2011 жылы күміс медаль жеңіп алды.2012 жылы жергілікті ойыншыларды командаға тарту мақсатында бірнеше ойыншыларды шақырды. Ішінде мен де бармын. Оған дейін кәсіби мамандығым болмағасын күзетші болып жұмыс істеп, қолым бос кезде достарыммен әуесқой командада ойнайтынмын. Іріктеуден өтіп, алғашқы кәсіби контрактыма отырдым. Клубта Феропонтов Андрей Святославовичтің қарамағында жаттықтым, командалық футболдың тактикасы мен стратегиясына қанықтым, шеберлігімді шыңдадым. Осы жерде қатысып отырған ҚФЛ-дың құрама командалар департаментінің директоры Ғайни Қайназаров әңгімеге араласып, Марочкиннің басқалардан ерекшелігі ешқандай да футбол мектебінде оқымай-ақ, өзінің тума дарыны мен еңбегінің арқасында жоғарғы лига командасында ойнап қана қоймай, Қазақстан ұлттық құрама командасының белді мүшесі болуға қол жеткізгенін атап өтті.

Сол жылы Іле-Сәулеттің құрамында Бірінші лиганың чемпионы атанып, Премьер-лигаға жолдама алдық. Мен соңғы ойында Жас Қайрат командасының қақпасына жеңіс голын соқтым. Бірақ, финанс мәселесіне байланысты басшылықтың ұйғарымымен жоғары лигада ойнаудан бас тарттық. Екі жылдан кейін Іле-Сәулет тарап кетті. Команда сапында екі жылда мен 42 ойынға қатысып, 5 гол соғыппын.

Содан, енді не істеймін деп жүргенімде, 2014 жылы Ақтау қаласының Каспий командасына шақырту алдым. Команда Бірінші лигада болатын, жаттықтырушысы Игорь Прохницкий. Ол жерде мен кейде шабуыл шебінде де ойнадым. 22 ойынға қатысып, 1 гол соқтым. Келесі жылы футбол маусымының ортасында мені Премьер-лигада ойнайтын Көкшетаудың Оқжетпесіне шақырды. Бас жаттықтырушы Владимир Муханов, көмекшісі Феропонтов. Бұл менің Премьер-лигадағы дебютым болатын. Маусым аяқталғанша 9 ойын өткізіп үлгердім. Жарақатыма байланысты командадан кетуіме тура келді.

2016 жылы қайтадан Бірінші лигадағы Қызылорданың Қайсарының құрамында ойнап, команданы Премьер-Лигаға шығардық. Жаттықтырушымыз Сұлтан Әбілдаев болатын. 2017 жылы В. Муханов қайтадан Оқжетпеске шақырып алды. Маусымда 29 ойынға қатысып, 3 гол соқтым. Сол Оқжетпесте алғаш рет еліміздің құрама командасына шақырту алдым. Жаттықтырушы ресейлік маман Александр Бородюк болатын. Алғашында паспортыңды әкел, Польшаға виза жасаймыз дегенде, сеніңкіремей, әзілдеп жатыр ма екен деп қадым. Соңынан шындық болып шықты.

2018-20 жылдары Стойче Младенов деген болгариялық маман қайтадан Қайсар командасына шақырып алып, команданың қорғанысында екі жарым маусымда 69 ойын өткізіп, 4 гол соқтым. 2020 жылдың екінші жартысында Қостанайдың Тобылына ауысып, 2023 жылға дейін 57 кездесуге қатысып, 1 гол есебіме жаздым. 2023 жылдың ортасынан Астана командасының құрамындамын.

2019 жылдан Ұлттық құрама сапында 42 ойын өткізіппін. Атақтарымды айтсам, 2019 жылы Қазақстан кубогының иегері. 2021 жылы Қазақстанның чемпионы. 2021-22 жылдары Суперкубок иегері. Менің барлық жетістіктерім жаттықтырушыларымыздың арқасында деп ойлаймын. Мен солардың әр ойынға берілген тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырыстым деді.

Сөзге араласқан Ғ.Қайназаров: Марочкин туған жерінің нағыз патриоты екенін айтты. ФИФА-ның президенті  Джанни Инфантино Қазақстанға келген сапарында балалар футболын дамыту үшін қаражат бөлетінін айтқан. Бірнеше аймаққа қаржы бөлінгенін естіген Александр менің Өтеген батыр ауылымда да шағын стадион бар. Жылдан-жылға ескіріп барады, жөндеу жұмыстарына ақша бөлсеңіздер, балалардың футбол ойнауға ынтасын арттырар еді деп қайта-қайта сұрай бергесін, жергілікті әкімшілікпен хабарласып, мүмкіншіліктерді қарастырып жатырмыз деді.

Қызым Марочкина Алиса №38 мектеп-гимназиясының 2-сыныбында оқиды. Өзім Өтеген батыр ауылында он этажды биік үйде әкіммен көрші тұрамын деді. Мен оған ауданның әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев екенін, басшы болғалы көптеген игілікті істер атқарып, халықтың ризашылығына бөленіп жүргенін жеткіздім. Мысалы, аудан орталығына Қапшағай даңғылы жағынан кіре беріске Еліміздің көк байрағы желбіреп, жан-жағы абаттанып, Өтеген батырдың ескерткіші бой көтеріп, жаяу жүргіншілерге терренкур пайдалануға беріліп, даңғылдың үстінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталуға жақын екенін айтып бердім.

Әрине, мен арнайы барғандықтан, Афиныдағы АЕК клубының 30-мыңдық ОПАП арена стадионында Грекиямен болған ойынды трибунадан көрдім. Маған ұнағаны біздің жанкүйерлер 90 минут бойы, ұтылып жатсақ та, барабандатып футболистерімізге қолдау көрсетіп отырды. Ойын аяқталғасын өз орындарын қоқыстан тазартып кетіп, жергілікті жанкүйерлерге үлгі көрсетті. Бізбен көрші секторда әйгілі боксшы, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Г. Г. Головкин отырды. Бізбен жақындап келіп амандасты, біреулер суретке түсіріп алып жатты.

Ол ойынды Сіздер теледидардан көрген боларсыздар. Сондықтан, түсіністік танытып, Марочкинге өткен ойын жөнінде сұрақ қойған жоқпын. Ойын аяқталғасын біздің құраманың жігіттері Қазақстандық жанкүйерлер отырған секторға жақындап келіп, кешірім сұрады. Бәрінің иектерінен көз жасы ма, маңдай тері ма, су ағып тұрды.Тек, Ғ.Қайназаровтың: Әттең, жігіттер бабында болмай қалды деп басын шайқағаны есімде қалыпты… Ол, енді басқа әңгіме. Жеңісті күндерде жолығайық!

 

 Ғафуржан Сүйіндіков,

ардагер  Өтеген батыр – Афины — Өтеген батыр

Басқа жаңалықтар

Back to top button