AMANATАлматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамЭнергетический ауылдық округі

МӘСЛИХАТТА ДА ТҮЙІНІ ШЕШІЛМЕГЕН ТҮЙІТКІЛДЕР БАР

10 сәуір күні Іле аудандық мәслихатының XXII кезекті сессиясы аудан әкімшілігінің ғимаратында өткізілді. Сессияға Іле ауданы мәслихатының 17 депутаты қатысып, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Депутаттардан бөлек жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мәлікұлы,  аппарат басшылығы, аудандық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы, аудандық бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округтердің, Боралдай кентінің әкімдері мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Сессия модераторы Мұхит Бақытұлы күн тәртібінде қаралатын мәселелердің қатарын айтты. Олардың тізбегі келесідей:

– Аудандық мәслихат төрағасының 2023 жылы мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарған жұмыстары туралы есебі;

– Тұрақты комиссия төрағаларының өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі.

– Байкент ауылдық округінің әкімі А. Калиевтің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебі;

–  Іле ауданы бойынша шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерін бекіту туралы;

– Іле аудандық мәслихаты депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы;

Бекітілген тәртіппен есеп берілмес бұрын, Аманат партиясының Мәслихат депутаты Нұржан Сержанов мәселелерге қатысты өз ұсынысын білдірді.  Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта туындайтын мәселелерді жастармен бірлесе отырып шешуді қолға алу керек: «Қазақ халқының тарихында кемел тұлғаларымыздың кез келген бастамаларында жас ұрпақтың біліміне жіті көңіл бөлген. Мен өзім сараптай келе, осы жастардың тәрбиесі мен білімін мәслихат мәселесінің алғашқы жоспарына қоюды ұсынамын», — дей келе бастама бойынша жасаған алғашқы қадамдарын айтып өтті. «Жас ұрпақпен жұмыс істеуді қолға алып,  биыл 6 мектепке барып, 900 баламен кездесіп,  тұлғалық даму, мамандық таңдау, өз кәсібіңді сүю, кітап оқудың маңыздылығы, Отан алдындағы борыш сынды маңызды тақырыптарды талқыладық. Бұл кездесу маған жастармен қарым-қатынас жасаудың және оларға өз тәжірибемді жеткізудің маңыздылығын еске түсіретін кездесу болды», — деді. Сөз соңында депутат, халық жеке бас мүддесінің өз алдына шешілетін мәселе екендігін айтып, жастар болашағын бұлыңғырлататын мәселелерді шешуге ұмтылу қажеттігін жеткізді. Бұл бастаманы депутаттар қос қолдан қолдап, бәріне ортақ атқарылуы тиіс жұмыс екені баса айтылды.

Келесі сөз кезегі тұрақты комиссия төрағаларына, соның ішінде, бюджет әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс, байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы жер қатынастары және кәсіпкерлік мәселе жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Айбек Рақымбаевқа берілді. Өз кезегінде комиссия төрағасы аудан инфақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше мәселелер қарастырылғанын жеткізді. Оның ішінде «Іле ауданының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешімге өзгерістер енгізіліп, бюджет есебі 2 млрд. 488 млн. теңгеге көбейгені айтылды. Сонымен қатар,  Жанаталап, Қоянқұс, Комсомол ауылдарының бас жоспарларына түзетулер енгізіліп, Үлкен Алматы айналма жолының бойындағы аумақты жоспарлау жобасы да жіті қарастырылған. Комиссия төрағасы, Талғар ауданынан бөлінетін жалпы 15515 га аумағымен Жаналық, Даулет, Қайрат, Жаңаарна ауылдарын, Қонаев қаласынан бөлінетін жалпы 9905 га аумағымен Арна, Заречный ауылдарын қосып, Іле ауданының әкімшілік-аумақтық шекарасын өзгерту туралы ұсыныс берілгенін айтты.

А. Рақымбаев, комиссия мүшелерінің әрбірі депутат ретінде азаматтарды қабылдап, сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасында берілген уәделер мен жоспарлардың жүзеге асуына атсалысып, орындалуын жіті бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен  қамту, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тіл мәселесі жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Ерболұлы, әріптесінің сөзін жалғап, комиссияның басты назарында аудан бюджетін бекіту, тиімді атқарылуын қадағалау, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін алып қоюға байланысты,  жер телімдерін сатып алу жобаларына келісім беру немесе қайта қарау болып табылатындығын да қосып өтті. Комиссия төрағасының берген есебінде,  жыл бойы 17 сессия өткізіліп, депутаттар сессия мен бірлескен комиссия отырыстарына бір кісідей қатысып, өз ұсыныстарын білдіріп отырған. Бауыржан Ерболұлының айтуынша, Аудандық мәслихат депутаттарының мемлекеттік негізгі бағыттарының бірі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау: «Жыл басынан бастап комиссия құрамындағы депутаттар өз сайлау округтерінде 215 азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде көтерген мәселелердің басым бөлігі көшелерді жарықтандыру, жол белгілері, ауыл қоқысын дер кезінде шығару, балалар ойын алаңы.  Көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті орындарға хат жолданып, бақылауға алынды. Аудандық мәслихат депутаттары үшін арнайы депутаттық оқулар өткізіліп,  нақты ұсынымдар мен бағыт-бағдар берілген».

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша депутаттық өкілеттілік және этика заңдылықтарын сақтау, құқық тәрібі, жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Сұлтан Жарқынбек 2023 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Атаулы комиссия өткен жылдың наурыз айында  «Іле ауданында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру туралы», маусым айында «ҚР Тіл саясатын жүзеге асыру және ономастикалық комиссияның жұмысы жайлы», желтоқсан айында «Жер телімдерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін сатып алу шарттарының жобаларына келісім беру» тақырыбында 3 отырыс өткізген. Сұлтан Жарқынбектің сөзінше, комиссияға аудан жұртшылығы тарапынан депутат жұмысына байланысты күні бүгінге дейін ешқандай шағым түспеген.

Сөз соңында комиссия төрағасы, депутаттарды ұйымдастырылған кез келген шараға бір жұдырықтай жұмыла қатысуға және әр іс-шараға белсене ат салысуға шақырды.

Сессия барысында аудан бойынша туристік жарна мөлшерінің бекітлігені мәлімделді. Бұл мәслеле туралы мәдениет және тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жәнібек Болатханұлы сөз сөйледі. Бас маманның сөзінше, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап (31 желтоқсанды қоса алғанда) туристік жарна құны 0 пайыз болып бекітілді. Бұл шешімнің қабылдануы  мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындары мен теріс әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, экологиялық және демократиялық салдарға әкеп соқпайтыны айтылды.

Сонымен қатар, Мұхит Бақытұлы Нұрлан Батташұлының жеке өтініші негізінде Іле аудандық мәслихат депутаттарының қатарынан денсаулығына байланысты шыққалы отырғанын мәлімдеді.

Іле аудандық мәслихаты депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бойынша Іле ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Майгүл Маратқызы сөз сөйледі. Майгүл Маратқызы: «4 сәуірде нөмірі екінші бірмандаттық аймақтық сайлау округі бойынша Іле аудандық мәслихатының депутаты  Нұржан Батташұлының денсаулық жағдайы бойынша орнынан түсу туралы аумақтық сайлау комиссиясына  өтініш келіп түсті.  Қаулы шығарылып осыған орай аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде мәслихат депутат өкілеттілігін мәслихат сессиясында қатысып отырған депутат санының көпшілік даусымен тоқтатамын», — деп депутаттың өтініші қанағаттандырылғанын айтты.

Нұрлан Батташұлы өзінің қоян-қолтық араласып, көп мәселенің түйінін шешуге ықпалдасқан әріптестеріне алғысын білдіріп, тілегін айтты:  «Әлемнің қай бұрышында болсам да Іле ауданын мен әр жерде мақтан етіп жүремін» – деп ауданына деген ыстық ықыласын білдірді. Сөз кезегі берілгенін пайдаланған депутат, өз сайланған округі Жайнақ микрорайонының бірқатар мәселелерін де санамалап өтті. «7000 тұрғыны бар аймақта 600 оқушыға арналған бір 40 мектеп бар. Қазір бұл мектепте 2000 оқушы оқиды. Жер сілкінісіне пайланысты мектеп өз жұмысын тоқтатып, 2000 оқушы онлайн оқу форматына көшірілді. Онлайн оқудың кем-кетігін ескере отырып, мектеп капиталды ремонтты қажет ететінін айтқым келеді». Жайнақ микрорайонының мектебінен бөлек, салынуы қажет бірнеше құрылыс нысандарына да назар аударуын сұрап, соңғы депутаттық сауалын жолдады.

Сессия соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мәлікұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Бақытұлы Нұрлан Батташұлын 60 жас мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Б. Қарасаевтың алғыс табыстады.

 

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button