Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Өлшеусіз ерлік пен еңбек иесі — Тәңірберген Толғанбаев

«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі» — деп сөз киесін ұғынған дана халқымыз айтпақшы, ел басына күн туып, жау жағадан алғанда,кіндік қаны тамған жерді бір жағадан қол, бір жағадан бас шығарып қорғаған халықтың әр азаматының ерлігі ел есінде мәңгі сақталса, батырлығы-ұрпаққа мәңгі үлгі. Ерлігі ел есінде мәңгі сақталып,елдік пен ерліктің киесі,батырлық пен батылдықтың иесі, ойлылық пен көрегенділіктің үлгісі ретінде танылған тау тұлға-Тәңірберген Толғанбаев.

Даңқты майдангердің өмір жолы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өшпес рухы мен өлмеген жігері-біле-білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Сондықтанда, соғыс майданында тағдырын шүберекке түйген, көпке белгісіз Тәңірберген Толғанбаевтың өнегелі өмірін мақаланың өзегі етпекпіз.
Тәңірберген Толғанбаев Ақсу ауданындағы қарапайым отбасында 1923 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Әкесі Толғанбай Маралбаев ерте дүние салып, Тәңірберген Толғанбаев жастайынан ағасы Құдайбергенмен бірігіп, ұжымның ірі қарасы мен пошта аттарын бағуға мәжбүр болады. Сол шақта ұжымның ірі қарасы мен пошта аттарын бағуға еңбекақы есебінде аздаған азық беріліп, халық аз азықпен тіршілік кешетін. Дәл осындай кейіпте тіршілік кешіп,аумалы-төкпелі заманның ауыр нәубетін Тәңірберген Толғанбаев бір адамдай көрген еді.Өкінішке орай, ағасы 7-сынып оқып жүргенде дүние салып, анасы Биғайшаның қолында қалады.1934 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітіріп, 1942 жылы 19 жасында Кеңес әскерінің қатарына алынады. Бұл туралы соғыс ардагері Мейіржан Әлібекұлына берген сұқбатында: «Мен сүт әкеле жатсам, халық жылап жатыр. Соғыс басталды деп. Мен де қосыла жыладым. Сүтті өткізіп, үйге келіп, шешемді құшақтап тағы жыладым.Сен енді қайда қаласың, мен соғысқа кетемін»-деген екен. Ең алдымен майдангер Арменияның Ленинакан қаласындағы үш айлық дайындық курсынан өтеді. Неміс басқыншылары Кавказ жерін басып өтіп, Сталинград үшін шайқас ашып жатқанда, құрамындаТәңірберген Толғанбаев болған әскер Армения жерін жаудан қорғап, дұшпан әскерінің тұтқиылдан шабуылдауына тосқауыл болған.Бұл туралы майдангер тағы бірде өз сөзінде: «Қазақ жауынгерлерінің ең бірінші міндеттері жауға тойтарыс беру туралы ерекше құпия тапсырмаларды мінсіз орындау болса, екіншіден, жылжыған фашистерден шекараны қорғау болды» — дейді.Тәңірберген Толғанбаев Сталинград азат етілгеннен кейін Армавир №251 заставасына ауыстырылып, шегарадағы қызметін одан әрі жалғастырады. Сұрапыл соғыс майданында отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа төсеген майдангердің төккен ащы тері 1945 жылы жеңістің тәтті дәміне айналып,1949 жылы абыроймен елге қайтады. Майдандағы ерлігі үшін «Кавказды қорғағаны үшін» және «Германияны тізе бүктіргені үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталады.
Азапқа толы майданнан оралған соң, ол алдымен Ақсу ауданындағы халық сотына хатшы болып орналасып, С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті)заңгер мамандығын сырттай оқып бітіреді. 1951 жылы республиканың Ішкі істер министрлігінің жолдамасымен құқық қорғау органдарына қызметке келіп, ұзақ жылдар бойы елеулі еңбек атқарады. Өзінің туған өлкесі – Ақсу ауданында жұмыс істеп, кейіннен Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімінің басшысы болып тағайындалады.1964-1975 жылдар аралығында ішкі істер саласында еңбек етіп, милиция полковнигі дәрежесінде зейнет демалысына шығады. Алайда,Тәңірберген Толғанбаев зейнетке шықса да, Тәңірберген Толғанбаевтың бойындағы қарым-қабілетінің биіктігін, жұмысына деген ұқыптылығын, азаматтық борышына деген адалдығын таныған прокуратура органдары жұмысқа шақырады. Тәңірберген Толғанбаев әуелі Іле ауданында прокурордың көмекшісі, кейіннен бас прокурор қызметін абыроймен атқарады.Оның дәлелі — «КСРО Ішкі істер министрлігіне сіңірген қызметі үшін» берілген Құрмет грамотасы, кеудесіне тағылған «Озат полиция қызметкері», «Кеңестік милицияға 50 жыл» төсбелгілері, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына арналған көптеген мерекелік медальдары.
Қорытындылай келе,Тәңірберген Толғанбаев қазақ елінің тәуелсіздік алғанына куә болғаны үшін тағдырына қаншалықты шүкіршілік білдірсе,бізде болашақ ұрпақ үшін кеудесін жалынға төсеген майдангер сұрапыл соғыс майданынан аман-есен елге оралғаны үшін соншалықты шүкіршілік білдіреміз. Әрі ерен еңбегі үшін кеудесіне көзі тірісінде төсбелгі тағып, халқының мерейіне бөленгеніне шын бақыттымыз.

Ғылыми жетекші: Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

Маликқызы А.,Оразымбек Н., Иосова А., әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің бірінші курс студенттері

Басқа жаңалықтар

Back to top button