Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықҚоғамМәдениет

АНА ДЕНСАУЛЫҒЫ –ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ

16 сәуір күні «Аяжан» медициналық коледжінде «Қоғамдық келісім және даму» орталығы ұйымдастырған «Ана мен бала денсаулығы – қоғамның баға жетпес байлығы» тақырыбы аясында студенттермен кездесу өткізілді.  Шараның негізгі мақсаты саналы да салауатты ұлт болашағын қалыптастырудағы ана денсаулығының айырықша рөлін айшықтау.

Біздің халқымыз ежелден денсаулыққа аса ден қойған. «Бірінші байлық – денсаулық», «Тәні саудың – жаны сау» деп мақалдатып халық айтса, қалып айтпасы анық. Денсаулықтың жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан, елімізде денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан қайта дамытуға айрықша көңіл бөлінуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» атты ұлттық жобасы бекітіліп, күні бүгінге дейін жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады:

– Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

– Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру.

– Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету.

– Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар.

Аталған бағыттардан өзге қай кезде болмасын өз өзектілігін жоғалтпайтын мәселелердің бірі – ана мен бала денсаулығы. Себебі, ұлттық ұланның мықты іргетасы осы ананың салауатты да саламатты өмір салтын ұстануына тікелей байланады.

Дана халқымыз «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» деп текке айтпаса керек-ті. Қалай десек те, ананың ауыруы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де үлкен қасірет. Ал бұл түйіткілді мәселенің бір түйіні жайлы Іле аудандық аналар кеңісінің төрайымы Мейрамгүл Жабиева: «Өмірге ұрпақ әкелу – атүсті қарайтын іс емес. Алдымен, әр ата-ана келер ұрпақтың денсаулығына маңыз беруі қажет. Ата-ана дүние есігін ашқан соң да перзентінің күтіміне, қауіпсіздігіне, білім алуына жауапты екенін естен шығармауы тиіс. Бүтіндей бір отбасының жүгін арқалайтын бірқатар ер-азаматтардың да, жан жылуымен балаларын ұйытып отырған аналардың да бұлжымас міндетіне салғырт қарауынан көптеген шаңырақтың шырқы бұзылып жатыр. Бұл – қазіргі қоғамдағы отбасы мәдениетінің төмендігінің бір көрінісі», — дей келе,, қаракөз қандастарымызды ұрпақ болашағына салғырт қараудан аулақ болуға шақырады.

Қоғамды жайлаған қауіпті індеттің тағы бірі – бедеулік. 2023 жылдың есебі бойынша 14 мың отбасы бедеулік мәселесі бойынша медициналық есепте тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймайтын іспетті. Іс-шара барысында аталған індет жайлы Іле ауданының Құрметті азаматы, дәрігер-терапевт Бақыт Әлжапарқызы өз пікірін білдірді: «Елде кейінгі жылдары әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Өйткені, ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған азаматтардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады.

Атап айтсақ, қазір әрбір алтыншы отбасылық жұп бала сүюді аңсап отыр. Ал, ресми статистиканың жылдан-жылға өсуі репродуктивті медицина саласындағы ғылыми зерттеуді дамытуға себеп болмақ» — дей келе, мәселені алдын алу ең алдымен ақ халатты абзал жандардың мойнына артылатынын мәлімдеді: «Біздің колледж оқушыларының алдында тұрған ең жауапты міндет – кәсіби біліктілігін шыңдай отырып, ауыр дерттің алдын алуға әрекет ету. Ол үшін аянбай еңбек етіп, маманның білім нәрімен сусындап отыруы міндет. Білімді, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті ұрпақтың алар асуы биік. Біздің жастарымыз – ұлт болашағы».

Сөз соңында, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімінің жетекшісі Жұмаділ Серьянұлы ақ халатты абзал жандардың ел ертеңін қалыптастырудағы маңызды рөлін айтып, студенттерге ақ батасын берді.

Сөзді сөзге жалғап студенттер тарапы да өз ыстық ықыластарын білдіріп, білікті де білімді маман иесі болуға бар күш-жігерлерін салатынын мәлімдеді.

Бақыт Әлжапарқызының сөзінше, колледжде білім алып жатқан студенттердің қатарында ертеңінен зор үміт күттірер талантты жастар қарасы жетерлік.

Айта өтелік,  Жоғарғы медициналық «Аяжан» колледжі Өтеген батыр ауылында 2016 жылы ашылған.  Бүгінгі таңда білім ордасында 455 студент «Мейіргер ісі» және «Емдеу ісі»мамандықтары бойынша білім алып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button