Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымҚоғамЭнергетический ауылдық округі

САПАЛЫ КАДР ДАЙЫНДАУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Біз әрқашан дүниенің кілтін білімнен іздеген, ізденімпаз, білімге жаны құштар халықпыз. Әркез іздену, танып-білуді жоғары сатыға қоямыз. «Оқу  − білім бұлағы, білім − өмір шырағы» деген мақалдың өзі ата-бабаларымыздың бірінші орынға адамға тек оқу қажеттігін айтып кеткеніне дәлел. Осы уақытқа дейін бұл қасиеттер біз үшін адам баласының ең жоғары құндылықтарымен пара-пар. Мақаланың басталуынан байқағандарыңыздай бүгінгі тақырып білім алу, мамандық таңдау жайында болмақ. Жасөспірімдердің үлкен өмірге қадам басуының алғашқы сатысы саналатын  Колледж  − арнайы мамандық бойынша оқытатын оқу орындары. Экономика және құқықтану  колледжі (КЭП) Алматы облысы Іле ауданында орналасқан мектептен кейінгі мамандықтар даярлап шығаратын облысымызға белгілі білім ошағының тынысы адам танымастай өзгеріп, уақыт өте келе еңбек нарығы мен заман талабына сай ілгерілеп өсу сатысында дамып келеді. Колледж жағдайы көңіл толтырарлық, сырт көзге мектеп қабырғасы секілді көрінетін бұл оқу орнының да аудан тұрғандары үшін алатын орны ерекше. Аудандық білім ордасының ішкі тынысымен танысып, мәлімет жинау үшін колледж директорының міндетін атқарушы Балапан Сания Өміржанқызы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сатканова Наташа Гайнедденовнамен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

Сәлеметсіз бе? Колледждің кішігірім тарихына тоқтала кетсеңіз? Колледж қалай ашылды? Белгілі бір білім ордасының филиалы ма?

Экономика және құқықтану колледжі 1998 жылы қалада ашылып, кейіннен Іле ауданында осы ғимаратқа көшірілген ең алғаш ашылған білім ордаларының бірі. Колледж қалыптасқаннан бері жұмыс атқармасақ та, әкімшілікте қызмет атқарғаныма біраз жылдың көлемі болды. Өткен ғасырдан бастау алған колледж осы уақытқа дейін жұмысын тоқтатқан жоқ. Бәрімізге белгілі індет кезінде студенттер 2 жыл қашықтықтан оқыды. Ешқандай білім ошағының филиалы емес, дербес экономика және құқықтану саласындағы ауданымыз бойынша ең алғаш ашылған білім ордасы. Тәуелсіздігіміздің болашақта гүлденуі, баянды болуы үшін саналы ұрпақ, сапалы кадрлар дайындау − басты мақсатымыз. Осы орайда ұстаздар қауымына зор міндет жүктеліп отыр. Жас ұрпақты саналы азамат, ұлт болашағының түп қазығы ретінде тәрбиелеп шығарсақ, оқу орнының да мерейі әркез үстем болмақ.

− Наташа Гайнедденовна, колледж ұжымы жайлы айта кетсеңіз? Қанша мұғалім бар, ғылыми дәрежелері қандай?

− Сапалы білім арқылы имидж көтере аламыз. «Тәрбиесіз берілген білім − адамзаттың қас жауы» демекші, шәкірттерге алдымен үлгілі тәрбие бере отырып, заман талабына сай азамат болып қалыптасуына ықпал ету керек. Кешегі бүлдіршін бүгінгі студент, ертеңгі − ел азаматы. Маман даярлау жұмысына өмірін арнаған ұстаздарымыз көп. Барлығы дерлік жоғары санатты. 4 магистрант, 2 эксперт, 1 модератор ұстаздарымыз бар. Жалпы білім беру және мамандық бойынша арнайы білім беретін 13 ұстаз жұмыс атқарады.  Ұлы педагог К.Д.Ушинскийдің: «Егер сіз өзіңізге лайықты мамандықты сәтімен іздеп тауып, оған жан-тәніңізді салсаңыз, бақыт сізді өзі іздеп табады» деген сөзі бар ғой. Заманға сай өзгерістерді оқу орнына енгізу барысында ғылыми-техникалық прогрестің шыңына шыққан өркениетті елдердің тәжірибесін тиімді пайдаланып, ұстаздардың біліктілігін арттыру жолға қойылған. Біздегі оқытушылардың барлығы ақылы мен қайратын тең ұстап, білімі мен біліктілігін шыңдап, үздіксіз ізденіс жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардақты жандар.

− «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты»,  демекші шәкірттердің өнер, білім, спорт, басқа да салаларда қандай жетістіктері бар?

− Колледжімізге 9-сынып бітірген жасөспірімдер оқуға түседі. Мектеп жасынан әлі шыға қоймаған оқушыларды үлкен өмірге баулудың алғашқы сатысы бізден деп айтсақ болады. Осы орайда жас жеткіншектерді жан-жақты дамыту, ой-өрістерін кеңейту, ойын ашық білдіріп, қоғамға белсене араласа алатын жеке тұлға болып қалыптасуы үшін колледж ұжымы болып барынша атсалысуға тырысудамыз. Бүгінде тәрбиелік іс-шаралар, мерекелік концерттер, жиындарда студенттер барынша өз өнерлерін паш етіп, көріністер қойып, тақпақтарын, ән-күйлерін шырқайды. Спорт бойынша «Дүниежүзілік денсаулық сақтау» күніне орай аудандық колледждер арасында өткізілген спорт ойындарына ұжым мен студенттер болып бәріміз қатысып, жүлделі орындарды алдық. Алдағы уақытта, міне жер көктеп, көктем мезгілі гүлденген шақта футбол, волейболдан жарыстар және тағы басқа шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жуырда «Ән шуақ» фестиваліне қатыстық, сондай-ақ «Әлі талай жыр болып жазыларсың» поэзия кештері, «Сурет салу» курсы, кездесу-сұхбаттар, спорттық шаралар, «Жасыл аймақ», «Киелі мекен», «Таза Қазақстан» акциялары аясында тыс қалмай шаралар өткізіп жатырмыз. ІT саласына қызығушылығы бар студенттерге арналған арнайы кабинеттер жасақтадық. Білікті мамандарымыз біздің студенттерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретуде. Айта кететіні, белсенді студенттеріміз «Саналы ұрпақ» ұйымы Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатына мүше болып, 2-курс студентіміз Олжас Ерланұлы сол ұйымның Іле ауданындағы төрағасы болып сайланды.

Колледжді аяқтаған соң студенттердің қызмет табу мүмкіндіктері бар ма? Колледж олардың жұмысқа орналасуына кепілдік бере ала ма?

− Иә, расында біздің жергілікті оқу орындарында даярланған мамандарға сұраныс қандай? Олардың диплом алғаннан кейінгі жұмысқа орналасуы қай деңгейде? Әлеуметтік желіде банк аясындағы жұмыскерлер, есеп және аудит, құқықтану, заң саласында жұмыс істейтіндер қажет дейтін құлақтандырулар өріп жүр. Осы орайда біздің түлектер жақсы жұмыс орындарында қызмет атқарады деп толық сеніммен айта аламыз. Мәселен, айына Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдарынан 2-3 түлегіміздің бізің оқу орнында оқығандығы растайтын анықтамаға өтінімдер келіп тұрады. Сонымен қатар, біздің студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, келісімшарт бойынша белгілі орындарда өндірістік практикадан өтіп, өз қабілеттеріне қарай сол жақта жұмысқа ілініп жатады.

− Қазіргі таңда колледжде қанша студент бар және олар қандай мамандықтар бойынша білім алуда?

− Ширек ғасыр тарихы бар  колледжде 4 мамандық бар. Олар:  − Бағдарламалық қамтамасыз ету,  − Банк және сақтандыру ісі,  − Есеп және аудит,  − Құқықтану  мамандықтары.                                                               «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша біршама студенттер мемлекеттік грантта оқып, 31422 тг көлемінде шәкіртақы алады. Студенттердің қазіргі таңда 44-і ақылы, қалған студенттер мемлекеттік грант бойынша білім алуда. 2021-2022 жылдары мемлекеттік бюджет бойынша бастпақыда 35 грант ұтып алдық. Алдағы уақытта студенттер санына қарай гранттар саны да көбейеді. Оқу ақысы аудан тұрғындарына қолжетімді, сонымен қатар белгілі бір категорияларға байланысты колледж әкімшілігі жеңілдіктер ұсынады. Жоғарыда аталған  мамандықтар бойынша аға оқытушылар, магистрлар, арнайы пән оқытушылары білім беруде. Оқыту барысында 2-3 курс білім алушылары өз мамандығы бойынша практикадан өтуде және практикадан өткен жерде  жұмыспен қамтылуда.

Сәния Өміржанқызы, колледждегі оқыту методикасы жайлы айта кетсеңіз? Студенттер қалай білім алады немесе қандай әдістермен оқытасыздар?

− Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты − бәсекеге қабілетті маман дайындау. Қазіргі кезде біздің Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің жаңа мазмұны пайда болуда. Білім беру саласында ұстаздың білім беру методикасының рөлі маңызды. Ол  − бұрынғы және қазіргі заманғы ұрпақтардың рухани құндылықтары мен боқушы арасындағы дәнекерші. Адамгершілік қасиеттері бар ұстаз балаларды білімге үйрете отырып, сонымен қоса, оларға өзінің мінез-құлқы арқылы ықпал етіп, балалардың көз алдында адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып көрінеді. Колледжімізде тек дәстүрлі түрде ғана оқытпай, біздің оқытушылар түрлі курстарға қатысып, жаңадан сабақ беру тәсілдерін үйренуді күн сайын жетілдіріп отырады. Алдағы 2024-2025 жылға арнап стандартқа сай «Атамакен» арнайы білім беру бағдарламасын жасап жатырмыз. Баланың есінде жақсы сақтауы үшін түрлі методикалар мен қызықты ойындар арқылы оқыту бүгінгі күні қолданыста.

Газет оқырманына айтарыңыз бар ма?

− Колледждің континентін көтеру аясында кәсіби бағдар беріп, мектептерде колледжді таныстыру жұмыстарын жүргізудеміз. Мектеп қабырғасындағы жас түлектерді білім ошағымызда сапалы білім алуға шықармыз. Түлектер тест тапсырмайды, мектеп аттестатымен келіп мемлекеттік грант бойынша білім алуға шақырамыз! Еліміздің келешек өмірі – жастардың қолында. Мамандық таңдаудан қателеспеңіздер. Республикамыздың өркендеп, дамуына сіз, біз болып атсалысайық! Оқырманға ұзақ ғұмыр, жақсылық пен бақыт тілеймін.

 − Сұхбаттарыңызға рақмет! Білім ордаларыңыз өркендеп, талапты түлектеріңіз көбейе берсін!

 

Сұхбаттасқан: Карима Мейрамбек

Басқа жаңалықтар

Back to top button