Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

«НАУРЫЗ» БАҒДАРЛАМАСЫ – ҮЙЛІ БОЛУҒА ТЫҢ БАСТАМА

Елімізде 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Президенттің тапсырмасымен бағдарлама операторы ретінде  «Отбасы банк» қызмет көрсетпек. Осыған сәйкес, жаңа жобаның қыр-сыры туралы «Отбасы банк» кеңесшісі  Жалғасбаева Маусым Аукатбаевнамен сұхбаттасқан едік.

– Маусым Аукатбаевна, осы Наурыз»бағдарламасының шарттары қандай?

– Ең алдымен, конкурсқа қатысу кезінде бастапқы жарна төленеді. Оның пайыздық есебі –  20 пайыз. Тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме 7 пайызды (ЖЭС 7,3 пайыздан 8,9 пайызға дейін), ал азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме 9 пайызды құрайды. (ЖТПМ 9,3 пайыздан 11,8 пайызға дейін). Несие 19 жылға дейін беріледі.

– Аталған бағдарламаға біздің аудан қатыса ала ма? 

– Әрине, Алматы, Астана, Шымкент қалалары ғана емес, облыс, аудан,  шет-жалғай ауылдар да бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады. Тек бір өзгешелік, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында бастапқы қаражат ретінде бірінші нарықтағы үйлерді алуға 36 млн белгіленсе, облыс, аудандардға екінші нарықтағы тұрғын үйлерді рәсімдеуге 30 млнға дейін қаражат беріледі.

– Өтінімді кез келгеН адам бере ала ма?

– Иә, өтінімді 18-60 жас аралығында атында ешқандай мүлкі жоқ (жер телімі мүлік ретінде саналмайды) тұтынушылардан бастап, шәкіртақы алатын студенттерге дейін  қалдыра алады. Қазіргі жастарға тамаша мүмкіндік деп өз басым есептеймін.

– Бағдарламаға өтінім қалай беріледі?

– Ең алдымен, тұтынушы «Отбасы банкте» депозит ашуы қажет. Екіншіден, ашылған депозитте кемі 1 млн теңге қаражат болуы шарт. Бұл тұста депозиттің ашу мерзімі ескерілмейді. Тұтынушы дәл сол күні депозит ашып, ақшасын салып, конкурсқа бірдестен қатыса алады. Ең бастысы, тұтынушыда бастапқы жарнаны төлеуге жеткілікті қаражаты болса болды. Үшіншіден, соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауы тексеріледі. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғы тексерілмейді. Төртіншіден, соңғы 6 айда ресми әрі тұрақты табыс көзінің болуы қадағаланады. Бұл кірістерге еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен немесе ақылы қызмет көрсетуден түскен табыс, шәкіртақы және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны (туысқандық қатынастың болуы міндетті емес) тарта алады. Бұл тұста тұтынушының бастапқы жарнаны төлеуге жеткілікті қаражаты болуы маңызды.

– Бастапқы жарнаға жеткілікті қаражат болу қажет деп айттыңыз. Ол жарнаның сомасы қандай және төлемі қалай жүзеге асады?

– Өтінім беруші тізімге ілінгенде берілетін жалпы соманың 20 пайызын салады. Жобалап айтқанда, егер тұтынушыда 1 млн теңге көлемінде сома болатын болса, онда ол конкурска өтініш бере алады. Ол қаражатты депозит ашып, соған салады да еш қиындықсыз бағдарламаға қатыса береді.

– Өтінім берілгеннен кейін, сайысқа іріктеу қалай іске асырылады?

– Бұл тұста жарнаны төлеуге қаражаттың жетуі, тұтынушының артында мүліктің болмауы және белгіленген соманы төлей алу қабілетінің болуы ескеріледі. Басыңызда кредитіңіз болса да, егер төлем қабілетіңіз жетер болса, қатысуға мүмкіндігіңіз бар.

– Бұл бағдарламаның өзге бағдарламалардан артықшылығы неде?

– Бағдарламаның тиімді пайыздық есебінде деп есептеймін. Көпбалалы аналар, үй кезекте тұрған кісілерге 7 пайызбен беріледі, ал өзгелерге 9 пайызбен беріледі. Бұл бастама 8 жылға дейін жалғасады. Төлеу уақыты бойынша да тиімді, себебі ол өтінім берушінің төлем қабілетіне қарай ығысады. Соған орай 10 жылға, 15 жылға дейін бөлінуі мүмкін.  Оған қоса тұрғынның тіркелген мекені ескерілмейді. Бағдарламаға қатысушы Алматы облысында тұрып, қалалық жерден үй алуға өтінім беруіне болады.  Депозит мерзіміне де екпін қойылмайды. Тұтынушы бүгін депозитін ашып, бүгін ақша салып конкурска қатыса береді.

– Өтінім берерде нендей жағдайларды ескеру қажет?

– Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады. Моноқалалар мен ауылдарда жылына бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 30% аспайтын қайталама тұрғын үй сатып алуға болады.

– Аталған бағдарламаға бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Жыл сайын «Наурыз» бағдарламасына мемлекет тарапынан 200 млрд теңге бөлінеді. Жалпы осы уақыт ішінде Қазақстанның 68 000 азаматын өз тұрғын үйімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бағдарлама 8 жылға бағытталады.

– Жауабыңызға рақмет!

 

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button