Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚазақстан жаңалықтары

ЕРЛІККЕ ӘРДАЙЫМ ОРЫН БАР

Дана халқымызда: «Тәрбие басы – тал бесік» деген  мағынасы шексіз мақал бар. Ғұлама бабамыз әл-Фараби айтқандай, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан, адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек екен. Халқымыз ғасырлар бойы балаға тәрбие берудің өзіндік дәстүрін қалыптастырды, адами болмыстың нормаларын жанына сіңіре білді. Қазақ халқы жаратылысынан бала тәрбиесі десе асқан жауапкершілікпен қараған. Өйткені ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры. Әрбір ұлттың болашағы адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойына сіңірген тәрбиелі ұрпағының қолында екенін жете сезінеді. Ал, қазір ше? Ата-баба жолынан айрылдық па деймін…?!

Егер, бүгінгі таңда көшеде сауалнама жүргізіп, өтіп бара жатқандардан Бишимбаев деген кім?- деп сұраса, құлағы керең, көңілі саңырау болмаса, кім екенін білетін болар. Ал, енді Шолтақбаев кім?- деп сұраса, білемін деп жауап беретін адам бірлі-жарым ғана шығар деп ойлаймын. Бұл екі жігітке не ортақ? Екеуі де Қызылорда өңірінің тумасы. Осымен олардың ұқсастығы бітеді. Бишимбаев Қызылорда қаласында туылған, атасы Қозыкей Бишимбаев Қызылорда облыстық ҰҚК (КГБ) басқарған, генерал. Әкесі Уәлихан Бишимбаев ДГМСИ-дың Қызылорда филиалының директоры болған, кейіннен Қызылорда агроөндіріс инженерлерінің институты болып құрылды. Тараз бен Шымкентте  университет ректоры болған, ҰҒА академигі. Өзі шетелде оқыған, экономика ғылымдарының кандидаты, білімі жеткілікті. Істеген ісіне қарасаң, ата-ана жағынан тәрбие көрген деп айтуға ауыз бармайды…

Ал, біздің әңгімеміз Астана қаласында көпқабатты үйдің 8-қабатында әлсіз қолымен терезенің жақтауына ілініп тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған, нағыз батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен жерлесім Шолтақбаев Сәбит туралы болмақ. Сәбит Шолтақбаев егіздің сыңары (Ғабит). Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Аққұм ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Шолтақбаев Серік жас кезінде жол оқиғасынан аяғынан жарақаттанып, мүгедектігі бар. Анасы Пірімбетова Гүлбаршын Кеңес үкіметі тұсында, бала күтімі арасында, совхоздың шаруашылығына араласқаны болмаса, көбіне үй шаруасымен айналысқан. Сәбит те барлық ауыл баласы сияқты еңбек бейнетінің салмағын ерте арқалаған десек болады, қой бағып, шөп орып өскен. Мектепте білімге деген құштарлығы зор, сабақ үлгерімі жақсы деңгейде болған. Әкесінің мүгедектігін көріп өскендігінен ба, жас кезінен хирург дәрігер болсам, адамдарға ота жасап, ауруынан құлан-таза айықтырсам деп армандайды екен. Бірақ, оқуға түсе алмай қалғасын, әскерге шақырылып, шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеп, 2006 жылы теміржол депосында слесарь болып орналасады. Әскерден келгесін, өзінен екі сынып кейін оқыған, хат алысып тұрған Әйгеріммен шаңырақ құрады. Хирургты қойып, 2009-2010 жылдары, теміржол колледжін сырттай бітіріп алады. Дүниеге бірінен соң бірі үш ұл, бір қыз келеді. Өздері қалада жалдамалы пәтерде тұрады. Қысқа жіп күрмеуге келмейді дегендей, біраз таршылық көреді. Айлығын жеткізе алмағасын, ол жұмысты тастап, әскери бөлімге кіреді, ол да болмағасын жалға алып, автокөлік жөндеумен айналысады.

Бірде ауылдан анасы келеді. Қиналып жүргенін аналық жүрегімен сезді ме, қалтасынан ақшасын шығарып: «Мә, балам ала ғой. Қалада тұрасың, ағайын-туыстың той-домалағы бар, барған жеріңде қиналып қаларсың» — дейді. Сонда Сәбит анасына: «Жоқ, рахмет алмаймын. Өздерің де керек қой. Маған Құдай беретін болса, форточкадан да бере салады», — дейді. Аузына құдай салды ма екен…?!

Өзінің айтуынша, 2022 жылы 26-сәуірде сағат 23-тер шамасында өмірімді қалай өзгерте аламын деп ойланып, телефон шұқылап жаттым да, индрайвер шақыртып, келіншегіме де айтпастан, аяқ асты Астанаға жол тарттым дейді. Ондағы ойым, Астанада СТО-да жақсы табыс табуға болады деп біреулерден естіп едім. Бірақ, мен ойлағандай жұмыс табылмады, сосын амал жоқ Жылқышиев Сағи деген құда баламның жанына құрылысқа кіруге тура келді.

11-мамыр күні өзіміз тұрып жатқан «Қамал-2» тұрғын үйдің 8-подьездінен шыға бере, 6-подьездің алдында жоғары қарап шулап тұрған бірнеше адамды көріп, Сағи екеуміз машинадан шықтық. Қарасақ, жоғары жақта кішкентай бала салбырап тұр екен. Ойланып тұратын уақыт жоқ, жоғарыға жетуге тырыстық. Лифт келе қоймағасын, 8-қабатқа ентігіп жүгіріп шықтық. Есіктің алдында төрт кісі, қолында монтировкасы бар, темір есікті аша алмай жатыр екен. Жүгіріп астыңғы қабатқа түссек, есігі ашық екен. Үй иесінен рұқсат сұрап, жатын бөлмесіне өттік. Терезені сындырмақ боп, екі рет теуіп едім, сынбады. Сосын Сағиға аяғымнан ұстап тұр дедім де, терезенің форточкасын ашып, жақтауын аяғыма тіреніш қылып, балаға қолымды создым, аяғына қолым жетті. Аяғынан тартсам қолын жіберетін емес, сосын қазақшалап: Жібер қолыңды! — деп айқайладым. Қолы талды ма, түсініп жіберді ме, әйтеуір, қағып алдым. Бөлмеге кіргесін ғана қыз бала екенін түсіндім – дейді Сәбит болған оқиғаны есіне түсіріп. «Қалай қорықпадың!» — деген сұрағыма, қорқыныш пен үрейге уақыт та болған жоқ деп жауап берді.

Осылай, көзсіз ерлік жасап, 8-қабатта ілініп тұрған 3 жасар Айзерені құтқарған әрекетке мыңның бірі ғана бара алатын шығар! Жүрегінің түгі бар азамат  жігіт бүлдіршінге екінші өмір сыйлап қана қоймай, өз өмірін жарқын жаққа бұрған-ды. Ерлігі елеусіз қалған жоқ. Ақжолтай жомарт жігіттер Рио де Жанейро тұрғын комплексінен үш бөлмелі пәтерге евроремонт жасап кіргізді. Сағиға да екі бөлмелі пәтер беріліпті. Сол жылы тамыз айында бала-шағасын Қызылордадан көшіріп алып келіп, жаңа пәтерге қоныстанды. 31-желтоқсан күні қарындасым Айымжан екеуміз қонысына құтты болсын айтып барып, дастарханынан дәм таттық. Сәбит пен Әйгерім жақында ғана Қарақат Әбілдинаның Жаңа жылдық «Жақсы адамдарым» телехабарына түскенбіз, бүгін көрсетеді — деді. Бір миллионға сертификат беріпті. Осы әңгімені сол жолы айтып берген еді. Айтпақшы, Сәбит Қызылорда жүргенде де Сырдарияда суға ағып бара жатқан ересектеу қызды құтқарған екен.

Осы мақаланы жазар алдында Сәбитпен тағы да хабарластым. Дүниеге астаналық ұл бала келіпті, аты    – Ерасыл. Айзеренің мамасы Замира: «Бұл да сенің қызың!» —  дейтін көрінеді. Сонымен, Сәбит алты баланың әкесі болып отыр. Бір ретте журналистер: «Қандай арманың бар?» — дегенде, Сәбит жеті баланың әкесі болсам деп армандайтынын айтқан екен. Арманың орындалады, Сәбит!

Тәуелсіздік Туын желбіреткен еліміз үшін қазіргі заман талаптарына сай келетін ұрпақ тәрбиелеу ең басты мәселе болып отыр. Халқымыздың тәрбие мектебінің басты ұстанымдары адамгершілік, бауырмалдық, мейірімділік, қайырымдылық десек, бұл қағидалар ұмыт бола бастады ма, кейінгі кезде қатыгездік көріністер де бой көрсетуде. Кімді меңзеп отырғанымды түсініп отырған шығарсыздар? Қоғамымызда ара-кідік болса да, кездесіп қалатын осындай құбылыстардың тамырына балта шабуымыз керек. Ол үшін жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере білейік. Адам баласы өмірге бәрі бірдей іңгәлап келеді, бірақ өсе келе тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Жаратқан адамға бір құдырет берген. Ол  – адамның санасы. Сондықтан, адам саналы өмір сүрсе, бәрін ақылға салып ойлап істесе, онда алдына қойған мақсатына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Бұл өмірде ерлікке де әрқашан орын бар!

Өскелең ұрпағымыз саналы, салихалы болып өссін десек осындай ерлік істерді дәріптеп отыруымыз керек!

 

Ғ. Сүйіндіков,

ардагер энергетик.

Өтеген батыр ауылы

Басқа жаңалықтар

Back to top button