Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

КЕНЕН АУЫЛЫ АТАНДЫ

Алматы облысы Іле ауданы, Покровка ауылы енді Кенен Әзірбаев ауылы деп аталатын болды. Барлығымызға белгілі, ономастика – мемлекеттік идеологияның негізі болып саналады. Ұлттық идеологиямыздың негізгі саласының бірі – ескірген елдімекен атауларын жаңарту, ауыстыру. Биыл ауданымызда 5 елдімекен мен 4 округтің атауы ауысқан болатын. Оның ішінде аудан орталығының ескі атауы  Энергетическсий атауы Өтеген батыр деп аталса, Покровка ауылына халық ақыны Кенен Әзірбаев атамыздың есімі берілді. Айта кетелік, елдімекеннің атауларының ауысуы Өтеген батыр Өтеғұлұылының 325 жылдығы мен композитор, ақын Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Сонау отарлаудың кезінде Покровка атауы көпес Покров ақсақалдың атауына берілген. Көпес Покров ақсақал отарлаудың «көкесі» осы екен деп Байсеркені Дмитриевка, Жетігенді Николаевка деп өз ұлдарының атауына беріп, отау құрғызып бөлек шығарады. Бұл ХІХ ғасырдың орта тұсы болса керек. Міне содан бері екі ғасырдан астам уақыт өтседе ел ескі атауларды қолданыстан шығара алмай келеді. Тәуелсіздік құрылып, көк туымызды көкке көтергелі отыз жылда елдімекен атаулары өзгертуден бет алмай келеміз. Еліне ерен еңбегі бар тұлғалар мен біртуар қазақ оғландарының есімін ел тарихына мәңгіге жазудан танбаймыз. Бүгінгі ауылдың Кенен Әзірбаев аталуы да мәні-мағынасы тереңде жатыр. Ауыл атауын өзгерту бойынша Кенен Әзірбаев ауылының кіре берісіне шағын ғана іс-шара ұйымдастырылып, асылдың сынығы, Алматы облысының Құрметті азаматы Төрткен Кененқызы, ауылдың белсенділері мен аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі Қ. Рахимов, Іле ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Исаев, Қонаевтанушы, жазушы Ораз Қауғабай қатысты.

Шарада сөз алған ақынның қызы Төрткен Кененқызы: «Құрметті көпшілік! Ауылдарыңыздың атауын менің әкеме, қазақтың халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаевқа арнап жатыр екенсіздер, ғұмырлы болсын. Енді Кенен Әзірбаевтың Ілеге қандай қатысы бар дегенге келсек, бұны көп адамдар біле бермейді. Кенен әкем әнші, сазгер ғана емес ол кісі қоғам қайраткері болған. Совет үкіметінің алғашқы жылдарында Қордай ауданында ревалюция комитетінің председателі болып сайланған. Сол кезде бұл лауазым «Ревком» аталатын еді. Совет үкіметінің мәдени, саяси саласында үгіт-насихат жүргізетін еді. Әкемді мемлекет қайраткері Ораз Жандосов ол кезде Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болған. Сол Ораз Жандосов екеуі басқосуда жиі кездесіп тұратын. Кейін осы Іле ауданына Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің тапсырмасымен жолдама арқылы ауысады. Іле ауданы бұрынғы жылы  Іле-Топар болып аталатын еді. Міне осыдан бастап Кенен Әзірбаевтың Жетісу жеріндегі үлкен айтыстары мен атышулы өлеңдері тараған болатын. Мысалы, Кенен мен жетісулық қыз Ләтипаның айтысы да дәл осы Іле-Топар жерінде өткен.  Бүгінгі атаулы күнде әкемнің басқан ізін ескеріп, ауыл атауын бердіңіздер. Осының өзі ел алдындағы еңбегін ескергендеріңіз деп білемін» — деді.

Жарыс сөзде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Әмзе Әлдибекұлы ауыл тарихына тоқталса, жазушы Ораз Қауғабай ақын атамыздың өмірінен сыр шертті.

Ақпарат ретінде ұсынайық, Кенен Әзірбаев қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1884 жылы 19 маусымда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасында тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында «Бозторғай» әнін шығарды. Бұл ән халықты елең еткізіп, Кенен есімі кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ-қырғызға мәлім болып, «Боздаланың бозторғайы» атанды.

Кенен Әзірбаев 1961 жылы Қазақ СРР-ның халық ақыны болды. 1974 жылы «Ленин» орденімен марапатталған. 1967 жылы «Қызыл ту», 1959 жылы «Құрмет белгісі» ордені берілді. Жамбыл облысы Қордай ауданында ақын ұзақ жыл бойы тұрған елдімекен Кенен ауылы деп аталады. Ол жерде Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалық музей жұмыс істейді. Кенен Әзірбаев 1976 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазіргі Кенен ауылында 92 жасында дүниеден өтті.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button