Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғамСпорт

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА КІМДЕР БАРАДЫ?

Іле ауданы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең мықты жас балуандардың арпалыс алаңына айналды. Осы аптада  өңірімізде Қазақстан Республикасының  жастар арасында өткізілетін белбеу күресінен ресми чемпионат басталды.
Аталған жарысты ұйымдастырушылар мен шақырылған қонақтар қатарында Алматы облысының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Қанат Серкенов, халықаралық белбеу күресі федерациясының бас хатшысы Рафик Валиев және белбеуден ҚР бас жаттықтырушысы Секен Қалиев бар. Олар сайыстың ашылу салтанатында жекпе-жек қатысушыларына сәттілік тілеп, төрешілердің әділ төрелік етеріне сенімін білдірді: «Біз бұл жарыстың танымал спортшылар шыққан әйгілі өңірде өтетініне қуаныштымыз. Мұнда Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Нұрбақыт Теңізбаев, Ұлан Рысқұл, Асхат Жіткеев және т.б. атақты балуандар туып-өскен. Белбеу күресі қазіргі таңда көптеген елдерде ұлттық спорт түрі ретінде қайта жанданып, әлемдік спорт аренасына біртіндеп еніп келеді.

Соның ішінде өзіміздің елде де белбеу күресі қарқынды даму үдерісінде. Қазір қарсы алдымызда ертеңінен зор үміт күттіретін, еліміздің атынан ірі халықаралық ареналарда өнер көрсететін жас балуандардың қатары тұр», — деді Халықаралық белбеу күресі федерациясының бас хатшысы Рафик Валиев.

Жарысқа Қазақстанның 13 облысы мен 3 қаласынан (Астана, Алматы және Шымкент) 2004-2006 жылдар аралығындағы 200-ге жуық ұл-қыздар қатысты.

Ұлдар 8 салмақ дәрежесінде,  қыздар 5 салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Жарыста бәске қойылған ең басты жүлде – күз айында Ресейдің Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама.
Белбеу күресінің сан ғасырлық тарихына қарамастан, елімізде аталған спорт түрі енді ғана жанданып, дамып келеді. Қазірдің өзінде Алматы облысы әлем жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақниет Жаңабил, ҚР спорт шебері Аида Жалғасбай секілді өз белбеулі спортшыларымен мақтана алады. «Белбеу күресі – екі қарсылас белбеулерін ұстап, бірін-бірі құлатуға талпынатын байланыс спорты. Көбісі  белбеу күресін тек қара күш қолданылатын қарапайым жекпе-жек түрі деп есептейді. Бірақ кез келген  спорт түрі іспетті,  оның өзіндік ережелері мен шектеулері бар.

Бүгінгі таңда белбеу күресі әртүрлі ұлттық күрес түрлерін біріктіретін және насихаттайтын халықаралық ұйымға енгізілген. Жекпе-жектің ұзақтығы көбінде бірнеше минуттан аспайды. Себебі, қарсыласын тиімді әдіспен жығу немесе бір сәтте құлату күрестің нәтижесін тез шешеді. Бірақ, уақыт қысқалығына қарамастан, белбеу жекпе-жегінің барысын бақылау  керемет көрініс болып табылады», – деп Алматы облысының белбеулік күрестен аға жаттықтырушысы Нұрбол Кенжебеков аталған спорт туралы өз  танымымен бөлісті.

Белбеу күресінен облыстық біріншіліктің қатысушылары классикалық және еркін стильде күреседі. Жарыс жеңімпазы алты ұпайлық айырмашылықпен анықталады (7:1 немесе 8:2).  Таза жеңіс иық жауырына лақтырғаны үшін берілмек. Регламент талаптары – қарсыластың белбеуін жібермеу. Егер балуан белбеу ұстауын үш рет жіберсе, оған автоматты түрде жеңіліс беріледі.

Тартысты жекпе-жек қатысушыларының діттегені бір – жүлдені қанжығасына байлау. Бұл әр спортшының мақсаты екенін  белбеу күресінен ҚР спорт шебері Айжан Биядилова атап өтті: «Жарыстарға мен бар күш-жігерімді салып дайындаламын. Алайда, тыңғылықты дайындықтың өзінде әр жекпе-жекте жеңіске жету оңайға соқпайды. Бұл чемпионатта да қарсыластар өздерін лайықты деңгейде көрсете білді. Мен жеңіске жету үшін табандылығым мен қайсарлығыма арқа сүйеймін. Соның арқасында, міне, спорт саласында жүргеніме 9 жыл болды. Бес жылдан бері күрестің үш түрін біріктіріп келемін: дзюдо, қазақ және белбеу күресі. Менің басты мақсатым – әлем чемпионатында алтын медаль алу. Қазір сол басты мақсатыма жету үшін біртіндеп баспалдақпен жоғары көтеріліп келемін. Қазіргі таңда Қазақстанның бірнеше дүркін жүлдегері мен түрлі чемпиондық атақтарым бар. Бұл менің жетер биігімнің тек бастамасы ғана», — деп спорт шебері өз пікірін білдірді.

Айта өтелік, 5 мамырда белбеу жекпе-жектің ақтық сайысы өтіп, Алматы облысы спортшылары 1 алтын, 3 қоланы қанжығасына байлады.

 

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button