АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ
12 мамыр – Халықаралық мейірбекелер күні. Атаулы мереке медбике ісінің негізін қалаушы ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай белгіленген. Ол 1971 жылы Қырым соғысы кезінде жаралы науқастарды емдеуге алғаш мейірбике ұйымын құрып, медицина саласындағы үлкен реформалардың бастамасына жол ашты. Көп жанның өмірін ажалдан арашалап алып қалған мейірбикенің даңқты әрекеті күні бүгін мерейлі мамандықтың негізіне айналып отыр. Осы айтулы күннің қарсаңында адал еңбегімен өз кәсібінің майталманы атанған мейіркештерді аудан халқымен таныстыруды жөн көрдік. Халық өзінің ақ халат жамылған қаһармандарын білуі керек.
Исаева Раушанкуль Нурасиловна Іле ауданының орталық ауруханасында анестезиология және реаниматология жансақтау бөлімінің аға мейірбикесі қызметін атқарады. Еңбек жолын кезекші мейірбикеден бастаған маман, өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында аға мейірбике қызметіне көтерілген. Кәсібіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігі Раушанкульдің өз қызметін аса жауапкершілікпен, ыстық ықыласпен орындауына сеп болды. Мейірбикенің мамандық аясында адал қызмет етіп жүргеніне биыл 33 жыл. Өз кәсібі жайында Раушанкуль Исаева: «Менің күнделікті жұмысым әр науқастың хал-жағдайын тексеруден басталады. Әрмен қарайғы күнім күрделі отадан шыққан, не жаңа түскен науқастарды қадағалаумен, өлім мен өмірдің ортасында арпалысумен өтеді. Жұмыс уақытынан бөлек кездерде де қолымызды түре жүруге тура келеді. Себебі адамның өмірі қай уақытта қыл үстінде қаларын болжау мүмкін емес. Біз дер кезінде сол қыл үстіндегі өмір үшін күн демей, түн демей жауапкершілікті арқалап айқасуға дайын болуымыз қажет» — деді маман.
Раушанкуль Исаева өзінің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп жүретін, жаңа заманның жаңашылдығын жат сынбайтын, керісінше игеруге талпынатын жандардың бірі. Әріптестерінің сөзінше, маман өз ортасында құрметке ие, білімі жағынан алғыр және өзіне берілген тапсырмаларды жылдам, әрі асқан жауапкершілікпен орындайды.
Әр іс-әрекетінде нақтылық пен тиянақтылық байқалады. Бір іспен өмір бойы айналыссаң, ол жұмыс адам үшін үйреншікті болады. Алайда, Раушанкуль Исаеваның сөзінше, мейірбике кәсібі бұл ет үйренер жұмыс емес:
«Мамандық барысында бір түсінгенім, өмір жолымда талай тәжірибені артқа тастасам да, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасқа үйреншікті жағдай ретінде қарау мүмкін емес. Бәлкім, жұмыс барысында сезімге ерік бермеуді үйренерміз, бірақ ол сезімнен ада бола алмаймыз. Бұл адамдықтың белгісі».
Көтерер жүгі ауыр мамандықтың жауапкершілігін сезіне тұра, сескенбегені бұл маманның жұмысына деген сүйіспеншілігі деп білеміз.
Раушанкуль Исаева мерейлі мамандықтың ғана емес, мейірімді жүректің де иесі. Өзінің бір ұл, бір қызынан бөлек қамқорлығына алған 2 баласы бар. Ол – аяулы ана, білікті маман, асыл жар, ардақты әже.
Диана ҚАНАТ