МЕЙІРІМДІ МЕЙІРКЕШ ҚЫЗ МАДИНА
Іле аудандық орталық ауруханасында бас мейірбике болып жұмыс істеп жүрген Сейтова Мадина Талғатқызы – ісіне адал, жауапкершілігі мол, тиянақты, мейірімді жан. Кейіпкеріміздің жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп келуінде үлкен мән бар. Оны бала күнгі арманын шындыққа айналдыруға деген ұмтылысынан байқауға болады. Осы ретте мақсатына жеткен кейіпкерімізді төл мерекесімен құттықтап, әңгімеге тарттық.
Талғар ауданы, Нұра ауылындағы орта мектепті 2014 жылы аяқтап, Алматы қаласындағы республикалық жоғары медициналық колледжіне түседі. Алғашқы еңбек жолын 2017 жылы Алматы қ. ДСБ ЩЖҚ «Фтизиопульмонология орталығында» бастады. Өзінің мамандығына деген шексіз берілгендігінің нәтижесінде аз уақыттың ішінде барлық сұрақтарға еркін жауап бере алатын маманға айналды. Бас мейірбике жалпы болмысында көшбасшылық қасиет пен бірге белгілі бір психологиялық сипаттарға ие болғаны жөн деп санайды кейіпкеріміз. Мысалы ,науқасқа ғана емес ұжым арасында да сыйлы, түсінуге тырысу, ізгі ілтипатты болуды талап ететін жұмыс дейді.
– Алғаш қолыма аттестат тигенде-ақ, ақ халаттылардың жолын таңдап, адам жанының арашашысы болуды мақсат еттім. Өмірде таңдап алған мамандығыма еш өкінбеймін. Осы жылдар ішінде ем іздеп келген науқасқа бар көмегімді аямай еңбек етіп келемін. Науқастардан бөлек әріптестеріме де бағыт бағдар беруге, психологиялық, моральдық тұрғыда қолдау көрсетемін – дейді жас болса да бас бола білген Мадина Талғатқызы.
Дәл қазір кейіпкеріміз аудан көлемінде мыңға тарта мейіркештердің күнделікті жұмыстарын қарап, бақылап отырады. Бас мейірбикенің жұмысы қызық әрі қиын екенін жақсы түсінеді. Себебі, ауруханада дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу мейірбикеге жүктеледі. Сонымен қатар, халыққа бәрін алдын ала түсіндіру, аурухана тазалығы мен жұмысын бақылау да міндетіне кіреді. Ауырып еміне шипа іздей келген жанның дәрісін уақытылы ішуін қоса қадағалайды. Негізгі жүктелген сегіз сағат қана емес, кейбір уақытта түнделетіп болса да жұмыстары бітпейінше қалып қоятын кездері де аз емес. Жұмысым осымен аяқталды дегенді білмейтін абзал жандар науқастарды емдеумен қатар жылы сөзбен рухын асқақтатып, өз-өздеріне сенімді ету мақсатындаеңбек етеді.
Қазір медицина мамандары экологияның әсерінен таралып жатқан түрлі вирустардың таралып кетпеуі үшін жаппай маусым сайын екпелер өткізіп тұрады. Тұрғындардың салауатты өмір салтын сақтауға және аурулардың таралып кетпеуі үшін алдын ала іс шараларды ұйымдастырып, хабарламалар жіберіп тұрады. Біздің кейіпкеріміз де осы майданда қызмет етуде. Ол ауылға арнайы келіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келісім шартқа отырып, жұмыс істеп жатқан ұлтжанды азамат. Мінезі мен болмысында кірпияздық пен тазалықтың лебі есіп тұр.
– Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Ол халық денсаулығы үшін міндетті адал атқару. Осы ретте аянбай еңбек етіп жүрген барлық медицина мамандарына сарқылмас төзім тілеймін. Бір жұдырықтай біріксек, ісімізге адал, әріптестікке қиянат қылмай қызмет етсек, бәрін жеңеміз, – дейді білікті маман.
Бас мейірбикенің жұмысына ең қажет нәрсе өз ісіне деген адалдық және науқастарға мейіріммен қарау. Ең абзал қызмет иелерінің «мейірбеке» деп аталуы сондықтан болар. Кейіпкеріміздің екінші мамандығы – заңгер. Ол «Әр адам өзінің құқығын жетік білуі керек. Барлығы заңды болса, ары қарай мәнді іс болмақ» дейді. Мадина Талғатқызы бос уақытын фитнеске арнайды. Өзім салауатты өмірді насихаттап жүріп, оның не екенін білмесем, кім болғаным. Екінші жағынан заманауи адамның спортпен айналысуы заңдылық деп таниды.
Біз бұл мақаланы жазып жатқанда, Мадина Талғатқызы төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп жатты. Біз бұл мамандықтың атүсті қарамайтынына және оның бос уақыты бола бермейтін аса мұқияттылықты талап ететініне тағы бір рет көз жеткіздік және жас маманға жеңілдік пен сәттілік тіледік!
Бағдат ШОЙБАС