Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЭнергетический ауылдық округі

ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ІРГЕСІ

14 мамыр күні №38 мектеп-гимназиясында отбасы күніне орай «Ана – өмір шуағы» тақырыбында мерекелік шара өткізілді.  Жиынға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары шақырылды.
Отбасы күнін атаулы мереке ретінде тойлау БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1993 жылы бекітілген.  Оның мақсаты отбасы маңыздылығын айшықтай отырып, қоғамға қосар елеулі үлесіне баға беру.
Мемлекет  іргесінің бекем болуы – отбасы шаңырағының бірлігі, татулығы мен өзара түсіністігіне байланысты. Себебі, отбасы құндылығы берекемен, махаббатпен, сеніммен өлшенеді. Елбасымыз «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп отбасының қоғамдағы алар рөлінің маңыздылығына тоқталып өткен.
Аталған іс-шараны ұйымдастырудың мақсаты – осы бір отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті туралы түсінік беру арқылы оқушылардың бақытты  жанұяға  деген  қызығушылығын арттыру.
Мерекелік шараны  «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімнің басшысы М. Жабиева отбасы құндылығы туралы сөз сөйлеуден бастады: «Отбасы – адам баласының діңгегі. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. «Ұядан не көрсең ұшқанда соны ілерсің», «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп отбасы қадірлігін дана халқымыз тектен тек сөз етпеген. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі» — деп сөзін түйіндеді.

Бөлім жетекшісі Ж. Серьянов оқушыларды отбасының бірлігін сақтап, ата-ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа шақырды. Шараға қатысқан ата-аналар, атап айтсақ К. Таджибаева,  С. Жандосова, Л. Жусупова, Г. Мырзахметова отбасы құндылығы жайлы бірер ойларын айтып, шараға шақырғандарына алғысын білдірді.
Мерекелік шара барысында оқушылардың дайындаған нөмерлері көрсетілді. Өнерлі жасөспірім мың бұралған биден бастап, мәнерлі қара сөзбен қостап, әуезді әсем әнмен шараның шымылдығын жапты.
Жиын соңында аналар кеңесінің төрағасы М. Жабиева «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ырыммен ардақты аналарға орамал жауып, шаңырақтарына береке тіледі.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button