ТӘРБИЕЛІК ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Апта басында Өтеген батыр ауылындағы аудандық әкімдіктің кіші конференц-залында аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары А. Әуесбайдың төрағалығымен өткен жиынға прокуратура, мемлекеттік мекемелер, денсаулық сақтау ұйымының, құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу (соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу) бойынша қабылданған шаралар мен жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі туралы, түзеу мекемелерінен босатылған және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған адамдар арасында әлеуметтік бейімделуге, еңбек және тұрмыстық орналасуға, қылмыстардың алдын алуға жәрдемдесу шаралары туралы, білім беру ұйымдарында есірткі заттарын тұтыну мен таратуды болдырмау мақсатында алдын алу және ақпараттық жұмыстарды жүргізу, девиантты мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру маусымын ұйымдастыру, алкогольдік және есірткілік масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі құқыққорғау және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы 6 мәселе қаралды.
Жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу (соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу) бойынша қабылданған шаралар мен жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі туралы баяндаған аудандық ішкі істер басқармасының бастығы А.Рақымбаев мәлімдеуінше 2024 жылдың басынан бері аудан көлемінде кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері тіркелмеген. Ол өз сөзінде
«Ювеналды полиция инспекторлары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, отбасылардағы қолайсыздыққа мониторинг жүргізеді. Осы бағытта бақылау, сондай-ақ профилактикалық жұмыс жүргізіледі, күн сайын кәмелетке толмағандар мен ата-аналар тұрғылықты жері бойынша тексеріледі, оқушылардың оқу уақытынан тыс уақытта жұмыспен қамтылуын, балалардың тиісті тұру жағдайларын анықтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді анықтау және оларға көмек көрсету мақсатында аудандық ювеналды полиция бөлімінің есебінде тұрған балалардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары тексеріледі», — дейді.
Алқалы жиын барысында мамандар жоғарыда аталған басқа да мәселелер бойынша қоғам тыныштығы жолындағы атқарып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Аудан әкімінің орынбасраы А. Әуесбай құқық ұзушылықтың алдын алуға және оны болдырмауға немқұрайлы қарау – ол әр түрлі қылмыстарға жол ашуға бірден-бір себеп екенін жеткізе келе, отырыс қорытындысымен күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Біз өз кезегінде қаламызда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, аталған міндеттердің жүзеге асырылуына белсенділік танытуымыз керек. Сол кезде ғана, қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі арта түсетіні сөзсіз», – деді жиынды қорытындылаған Айдын Әуесбай.
Өз тілшіміз