ЖАҢА САРБАЗДАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ
20 мамыр күні Алатау қаласының 53975 әскери бөлімінде жас сарбаздардың Отан алдындағы борышының аяқталуына арналған салтанатты рәсім өткізілді.
Өткен жылы Алатау қаласының әскери бөлімі 60 сарбазға толыққан еді. Ал биыл осы жауынгер қатарындағы мерзімді қызметін аяқтаған 38 сарбаз өз үйлеріне оралып, 11-і келісімшарт арқылы әскери қызметті жалғастыру жолын таңдады.
Салтанатты жиын барысында қаз қатар тізілген жауынгерлер бірінен соң бірі шақырылып, арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Қарулы күштер құрамында 20 жыл қызмет еткен, әскери бөлімнің база сержанты Ринат Ерболатұлы қол астында өніп-өскен сарбаздар жайлы: «Бұл сарбаздардың алғаш келген кездері әлі есімде, балалығы мен шалалығы бойынан арылмаған жас балалар еді. Ал қазір көз салып қарасам, қарсы алдымда бір жыл бұрынғы ойын балалары емес, жауапкершілік жүгін сеніп тапсыратын нағыз ер жігіттер қасқайып тұр. Олар ер адамының бойынан табылатын адамгершілік қасиеттер мен мойнына артылатын міндеттерді бір жылдың ішінде абыроймен арқалап шыққан екен. Көзқарастарында бұрынғыша шалағайлық емес, салмақтылық пен табандылық байқалады», – деп пікір білдірді.
Мерзімді қызметтегі сарбаздардың бірі Нұрсұлтан Жеңісбайұлы әскери өмірді ер жігіттің еңсеруі қажет қызықты кезеңдерінің бірі санайды. Оның айтуынша, әскер кез келген сарбазды шыдамды, төзімді және батыл болуға баптайды. Жақындарынан жырақ кеткен сарбаз, уақыт пен ата-ананың қадірін жете түсіндірген, әскер қызметінің, өмірге деген көзқарасын оң арнаға өзгерткенін айтты.
Жиын соңында Жауынгерлік Тумен қош айтысқан жауынгерлер саптық қадамдарын жасап, соңғы рет алаңда жүріп өтті.
«Бұл уақыт аралығында қызық пен қиындыққа толы кезеңді бастан кештік. Суықты да, ыстықты да бір үйдің балаларындай бірге өткердік. Бір-бірімізге қолдау беріп, бауырдай болдық. Әскерде үйреніп, түйгендерімді ертең мақтанышпен айтатын боламын» – деді қатардағы сарбаз Иманғали Өмірәліұлы.
Жыл сайын әскерге барудан жалтаратын азаматтардың саны артып келеді. Былтыр 37 мың адамға әскерге шақырту жіберіліп, оның 20 мыңнан астамы жан-жақтан іздестірілген еді. Әскерге барушылар қатарының азаю себебі туралы әскери бөлімнің база сержанты Ринат Ерболатұлы: «Әскерге барушылардың азаюы соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарынан әскери бөлімдердегі әлімжеттік жайлы ақпараттардың жиі бой көтеріп жүргенін болса керек. Бұл тараптан ата-аналардың балалары үшін алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Алайда, біздің әскери бөлімде ешқандай күш көрсету шаралары мен әлімжеттікке жол жоқ. Әр бөлмеде бейнебақылау камералары қойылған. Оны әскери полиция өкілдері мен бөлім бойынша жауапты тұлғалар күнделікті бақылайды. Егер қандай да бір тәртіп бұзушылық анықталса, құзырлы органдар тарапынан әділ түрде жазаланады» – дей отырып, сарбаздардың сенімді қолға табысталатынын айтты.
Айта өту қажет, биыл Алатау қаласының әскери бөлімі 90 сарбазбен толықпақ. Оның 30-ы Алматы қаласынан, 30-ы Астанадан және 30 сарбаз Алматы облысының Қонаев қаласынан шақырылды.
Диана ҚАНАТ