Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымЗнай нашихҚоғам

ТАМИРЛАН ЖАИРБАЙ: ЕЛІМДІ ДАМЫТУ ҮШІН ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗІМ АЯҒЫМА НЫҚ ТҰРУЫМ ҚАЖЕТ

Білімнің жетегіне еріп шетел асқан азаматтарымыздың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Әдетте, «шетелге құмартқан жастардың білім алуға бел шешкендерінің бәрі бірдей байдың балалары, аға-көкелерінің арқасында шалқып жүр» деген біржақты ойлар аз емес қоғамда. Әсіресе, мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға аттанған қазақ жастарына деген бастапқы көзқарас осы бағытта өрбігені жасырын емес. Дегенмен, қарапайым отбасынан шығып, тілдік білімі мен мол ізденісі арқылы Америка асып, Еуропа жағалаған жастардың әлем елдеріне оқуға түсуінің өзіндік себептері бар. Жырақта жүрген жастардың беймәлім ортаға бейімделуі, тілдік базасының толыққанды болмауы жат жерге табаны тиген қазақ жастарын тығырыққа тірейтіні рас. Осы себепті де жырақта жүрген жастардың оқуға деген талпынысы мен қиындықтарын жазғымыз келді. Байқағанымыз, әрбір жастың игі мақсаты оқуға бел шешкен бойдағы шешімдерінің өз қызықтары бар. Осы тақырыпта  тоқталғанды жөн көрдік. Өзгеге емес өзінің іліміне сенген талапты жастардың бірі Қоянқұс ауылындағы №47 орта мектеп түлегі – Тамирлан Жаирбай.

– Америкаға оқуға қалай және қашан түстіңіз?    

– Мен 5 сыныптан бері ағылшын тілін меңгере бастадым. Ағам қазақ-түрік лицейін бітірген. Соның арқасында өзінің бар білгенін менің бойыма тоқытып отырды. Ағам 10 сынып оқып жүрген шағында маған FLEX және өзге де шетелге оқуға жетелейтін бағдарламаларды айтып,  қалай тапсыру, нені білу қажет екенін түсіндіретін. Ағамның сөздерінен кейін 5 сыныптан бастап менің алға қойған мақсатым ел асып, оқуға түсу болды. 8 сыныпқа жақындағанда өзімді қолыма алып, дайындықты ынталы түрде бастадым.  Алғашында FLEX бағдарламасын ашып, шарттарын оқығаннан кейін тартыншақтап жаба салды. Яғни, тапсырмадым. 1 жыл өткеннен кейін қайта батылдық жинап, тапсыруға бекіндім.  Басында 1 және 2 турдан сәтті өтіп, 3 турдың жартылай финалында қатысушылар арасында іріктеу болғанда, таңдау маған түскен жоқ. Әрине, қатты қапаландым. Қол сілтей салу ойы да болды. Бірақ қазір сол кезде таңдамағандарына алғыс айтамын. Себебі, олар маған одан да мықтырақ, білімдірек болуға мақсат берді. Дәл солай 10 сыныпта өз бағымды қайта сынап, 3 турды финалист ретінде бағындыра білдім. Қазір әлем көрсеткіші бойынша 38 орында орналасқан Нью-Йорк университетінің режиссура бағытында оқимын. Нақты мамандықты әлі таңдағаным жоқ.

– Ағылшын тілін қалай үйрендіңіз? Арнайы курстарға барған ба едіңіз?

– Өз басым арнайы ағылшын курстарына үзбей бардым деп айта алмаймын. Емтихандарға дайындық ретінде бірлі-екілі қатысқаным бар, бірақ қымбат болғасын шығып кеттім. Оның үстіне айтарлықтай нәтиже көргенім жоқ. Кейін ағылшын тілін үйде отырып, түрлі әдістер арқылы өз бетімше оқуға бекіндім. Кино туындыларын ағылшын аудармасында көруге, әндерді ағылшынша тыңдауға дағдыландым.  Әсіресе, Америкалық рэпер Эминемнің әндерін көп тыңдадым.

– Америка елдері мен мемлекетіміздің арасында қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Алғаш елге келгенімде біздің ділімізбен олардың менталитеттерінде өзіме ұнайтын -ұнамайтын тұстарын, өзара айырмашылығын қарай бастадым. Бұл тұста қай ел жақсырақ, не жаманырақ деген салыстыру орынсыз. Әр елдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Сол өзгешелікті байқай білу қажет. Ал мен байқаған айырмашылықтарға тоқталсам, Америка тұрғындарының көп дүниеге деген көзқарасы немқұрайлы. Өмірімнен мысал алайын, шетелдегі білім ордасына бірінші күні келгенімде 3-4 баламен таныстым. Олар маған оқу орнының ішін көрсетіп, қыр-сырын баяндап, ортақ тақырыпта пікір алмастық. Бірақ келесі күні кешегі дос санаған балалар мені таныған жоқ. Әрине, көңілге тимейді емес, тиеді. Себебі, біздің елімізде алғаш жолыққан адам, бірінші күні таныс, екінші күні дос, үшінші күні бауырыңдай болып кетеді емес пе!?  Американың осындай бір кем-кетік тұстары бар. Ондай қарым-қатынасқа жүре-жүре етің де үйренеді. Бұл – Америка мәдениеті.

– Отандық білім беру мен шетелдік білім жүйесінің айырмашылығы бар ма?

– Білім жағынан екі елдің жүйесі екі бөлек. Менталитеттен бастап, мәдениет, салт-дәстүр сынды өзге секциялармен аяқтағанда айырмашылық өте көп. Алғаш оқу залынығ есігін аттаған күннен бастап бұл өзгешелікті бірден сезіне бастадым. Мәселен, біздің жүйеде оқушылардың арнайы бекітілген сабақ кестесі бар. Барлық оқушы сол сабақ кестесімен жүруге міндетті. Ал Америкада белгілі бір сабаққа қатысу қатыспауды өзің таңдайсың. Сабақ кестені бекіту оқушының өз еркіне табысталады. Сабаққа қатысатын оқушылардың қатары да күніге ауысып отырады. Одан бөлек, әр пән бір реттен ғана оқытылады. Біз секілді физики, химия сабақтары әр жыл сайын қайталанып берілмейді.

– Шетелде оқу қиынға соқты ма?

– Бір таңғалғаным, Америкада оқу жеке өзіме қатты қиынға соққан жоқ. Оқудың бірінші күнінен бастап ең жақсы оқитын балалардың қатарына ендім. Кей тұстарында ағылшын тілін оларға қарағанда жақсырақ білдім десем де болады. Оған себеп, Америка оқушылары жақсы сөйлегенімен, олардың ережені қолдануы мен грамматикасы ақсап тұрды.

– Америкада жүрген кезіңізде қай жерде тұрақтадыңыз?

– 1жыл бойы мен америкалық отбасының шаңырағында тұрдым. Алғашында бейтаныс болған адамдар, қазір менің жақындарымның біріне айналды. 1 жыл ішінде көптеген дүниені үйретіп, бағыт-бағдар беріп мені жетеледі. Бір қызығы, америкалықтар үй ішінде де аяқ-кимімен жүреді. Әрі екі үйдің бірінде ит, мысық жануарларын асырау олар үшін үйреншікті іс. Мен тұрған отбасы да ит асырайтын. Олар үй жануарын өзінің отбасы мүшесіндей жақсы көреді.

Одан бөлек демалыс күндерімізді де бірге өткізетін едік. Кешке кино көріп, ас ішіп немесе серуендеуге шығып келетінбіз. Басқа штатты аралап, Нью-Йоркқа ұшып баратын кездеріміз де жиі ұшырасатын.  Ол адамдармен бір шаңырақ астында тұру мен үшін өте қызық болды. Әрине, барлық отбасы бірдей деуге келмейді. Себебі, бағдарлама бойынша барған өзге балалардың отбасы менікінен өзгеше болды.

– Айналаңыздағы оқушылар, адамдар сізді қалай қабылдады?

– Қоршаған ортам мені жақсы қабылдады. Десек те, бірді-екілі теріс көзқарастағы азаматтар да кездесті. Ол жағын өз басым орынды деп санаймын. Себебі, «Бес саусақ бірдей емес». Не дегенмен  Америка сөз бостандығы бар мемлекет. Олардың сөзі де, бір-біріне деген қарым-қатынасы да ашық сипатта. Сондықтан сен қай жерденсің, қай ұлттансың оған назар аудармайды. Ең маңыздысы – сен қандай адамсың. Осы қасиеттері үшін мен оларды құрметтеймін.

– Сіз FLEX бағдарламасымен шетелге оқуға түстім дедіңіз. Сіздің ізіңізбен еріп оқуға түсуге ынталанған жастар бағдарлама жайында не білу қажет, сол жағын тарқатып берсеңіз? 

– FLEX бағдарламасымен шетелде оқимын деген азаматтардың жасы 15-17 жас аралығында болу қажет. Оқушы Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндет.  Бағдарлама бойынша іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде адам өзі жайлы анкета толтырады. Яғни өз тұрғылықты мекенін, ұлтын, білім ордасын, оқу үлгерімін жазады. Кейін анкета соңындағы 3 эссені жазбаша жазып өткізуі қажет болады.  Екінші кезеңде ағылшыннан тест тапсырылады. Тест сұрағы қатты қиын болған жоқ, тіпті А2, В1 ағылшын деңгейіндегі оқушылардың тапсыруға мүмкіндігі бар. Одан кейін үшінші кезеңде тағы да эссе жазу тапсырылады. Сонымен қатар, америкалық департаментпен жеке сұқбат болады.  Кейін 3 кезеңге қатысушы жартылай финалистерді бір орынға жинап, топқа бөліну арқылы ойындар ойнатылады. Топ жарған бір немесе екі азамат жеңімпаз атанып, шетелге оқуға жолдама алады.

– Америкадағы бір күніңізді сипаттап берсеңіз?

– Сабақ кезінде таңертең сағат 7:00-де тұрамын. Таңғы асымды ішіп, 8- дер шамасында  сары автобуспен оқуыма барамын. 9-дан бастап, кешкі 4-ке дейін сабақ оқимын. Түскі 2-ге таман түскі үзіліске шығамын. Сабақтар 2 сағаттан өтеді. Күніге 4 сабақты 2 сағаттан айналдырып өтеді. Әрине, кей кездері жалығып, шаршайсыз. Бірақ оқу жағынан қиындық туғызбайды.

– Шетелде оқып келгеннен кейін өмірге, айналаңызға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Шетелде оқып келгеннен кейін өмірге, әлемге деген көзқарас, сөзсіз, өзгерді. Себебі, оған дейін мен өзімнің кішкентай ғана әлемде өмір сүргенімді түсіндім. Ал қазір мен үшін әлем тым шетсіз-шексіз көрінеді. Шектеу адамның миында ғана соны түсіндім. Егер мақсатқа жетем десең, шектеудің шырмауынан шығу қажет.

– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? Қайта шетелге барып оқу жоспарыңызда бар ма?

– Болашақ жоспарларым жайлы нақты айта алмаймын. Себебі, әлі таңдау үстіндемін.  Бір анығы, шетелде оқуға әлі де ынтам бар. Ал ол жақта тұрақтап қалу немесе жұмыс істеу әлі жоспарда жоқ. Мен шетелде білім алғаннан кейін, Қазақстанға қайта оралып, елімді көркейтуге атсалысқым келеді. Ал елімді дамыту үшін ең алдымен өзім аяғыма нық тұруым қажет.

– Сұхбатыңыза рақмет!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button