Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғамСпорт

ҚАПАР ТОҚТАРБАЙҰЛЫ: «СПОРТ КЕШЕНІ КЕҢЕЙТІЛСЕ ЕКЕН ДЕЙМІЗ»

Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Қалалар мен ауыл-ауылдарда ашылып жатқан спорт секцияларының саны өсіп, бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласында цифрландыру жүргізілуде. Саналы өмірін ұстаздыққа арнап, Қазақ күресінің қара нары атанған, Іле ауданындағы спорт саласын дамытуға белсенді үлес қосып жүрген «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Қапар Тоқтарбайұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қапар аға, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Қай жақтың тумасысыз? Спорт саласына қалай келдіңіз?

– Мен Рауанов Қапар Тоқтарбайұлы 1963 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келгенмін. 1981 жылы алтын ұя мектебімнен түлеп ұшып, Физкультура институтіна оқуға түстім. 4 жыл студенттік шағым өтіп, 1985 жылы институтты аяқтадым. Оқуымды тәмәмдаған соң 1,5 жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскерден келген соң Алматы облысының Талғар қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне» қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрдым. Ауылда жұмыс істеп, сол кездің өзінде білім ордасынан талай жүлделі орындар алған түлектерді тәрбиелеп шығардық. 1995 жылы Іле ауданына әдіскер ретінде жұмысқа орналастым. Кейіннен оқу бөлімінің меңгерушісі болып, 2023 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін Іле аудандық «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» басшысы қызметіндемін. 2000 жылы Алматы облысы әкімінің шешімімен, мектебіміз қайта құрылған болатын. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысымын. Жуырда Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» кітапбы жарық көрді. Сол кітапқа енген  21 бапкердің ішінде менің де есімім аталды.

– «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» қанша бала жаттығады? Қандай спорт түрлерінен?

– Бүгінде спорт мектебінде 1472 оқушы бар. Олар 15 спорт түрінен жаттығады: футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, бокс, таеквондо, байдарка мен каноэде есу, ауыр атлетика, греплинг, белбеу күресі.

– Спорт мектебінің техникалық жабдықтарының ахуалы қандай?

– Ол жағын айтар болсам, Өтеген батыр ауылы өте үлкен ауданның орталығы. Аудан аумағында 3 спорт мектебі бар: «Жігер» спорт мектебі, «Алатау» спорт мектебі және «Балалар мен жасөспірімдер» спорт мектебі. 3 мектеп бүгінгі таңда 1 ғана залда жаттығып жүр. Бала саны өте көп, көбінесе жарыс болғанда, турнирлер өткізгенде балалар сыймай жатады. Жарыстарды далада жиі өткізіп тұрамыз. Біздің қалауымыз – балалар үшін үлкен зал болса екен дейміз. Соңғы жылдары ауданымызда штанг көтеру қарқынды дамып келеді. Қараой ауылында Азамат есімді жаттықтырушымыздың жеке залы бар. Командасы жақсы көрсеткіштер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі жарыстарда бой көрсетіп жүр. Ауданымызға үлкен спорттық кешен ауадай қажет деп ойлаймын. Ұлт болашағы, еліміздің өркендеп, өсуі жас жеткіншектердің қолында. Сол себепті Спорт кешендері әр кезде де бос болмауы керек. Спорт қажырлы еңбек пен үнемі үздіксіз дайындықты талап етеді. Қазір осы аталған ауданымыздағы спорт мектептері бір алаңды пайдаланып, өлместің күнін кешіп жүрміз…

 – Кадрлары жайлы не айтасыз? Балаларды қандай ұстаздар мен тренерлер дайындап жатыр? Жетістіктеріңізді айта кетсеңіз?

– Мектепте барлығы – 52 жаттықтырушы қызмет атқарады, оның 4 – жоғарғы санатты, 6 – бірінші санатты, 9 – екінші санатты оқытушы-жаттықтырушылар. 2000-2024 жылдар аралығында 4 халықаралық спорт шебері шықты. Олар қазақ күресінен  – Тәліп Бауыржан, Жұмажан Нұржан, қол добынан (гандбол)  – Н. Кубрина және Я. Васильева. 24 спорт шебері, 146 спорт шеберіне үміткерлер, 187 бірінші дәрежелі және 1625 жасөспірімдер дәрежесіндегі спортшылар дайындалды. Өзіміздің мектебіміздің түлектері, Іле ауданының тумалары қазіргі таңда мектепте артынан ерген іні-қарындастарын тәрбиелеп, жаттықтырып жүр. Соңғы 3 жылда бокстан Мұратұлы Кенже 2022 жылы Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Дзюдодан Токио-2020 параолимпиадасының күміс жүлдегері Даулет Теміржан, 2023 жылы ересектер арасында ҚР чемпионатында қола жүлдегері және 2024 жылғы әлемдік Гранд слэн Душанбе турнирінің қола жүлдегері Қойбағар Дархан. Жасөпірімдер арасында Азия және Еуропа кубогының жеңімпазы мен жүлдегері Ерболұлы Еділ. Қазақ күресінен Азия чемпионатының екі дүркін  жеңімпазы Жұмажан Н. Азия чемпионатының қола жүлдегері Азия Аяжан. Жағажай самбодан 2023 жылы Доминикано Республикасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Тоқтарбай Әліби. 2022 жылы жауынгерлік самбодан жастар арасында Әлем чемпионатының жеңімпазы Асиев Ильзат. 2024 жылы Самбодан жастар арасында Азия чемпионы Әбілдә Жәнібек, Азия чемпионатының қола жүлдегері Нұртаза Ерасыл және Қонысбай Маханбет.

2023 жылы ауыр атлетикадан орта Азия чемпионатының жеңімпазы Прозорова Ксения. 2024-2025 оқу жылының өзінде Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында балаларымыз жақсы көрсеткіш көрсетті. Прозорова Ксения 1 орын алып ҚР 4-рет рекордын жаңартып, ең үздік спортшы атағына ие болды. Жұмабай Нұржан ҚР рекордын жаңартты. 2022 жылы таеквондодан ҚР чемпионы Ермантаев Аслан болды. Белбеу күресінің ҚР чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздары: Тажмұхаммедұлы Эмир, Искакова Аяулым, Бияділ Аяжан, Мурат Тойлыбек. Волейболдан жасөспірімдер арасында ұлдар командасы 2024 жылы Алматы облыстық чемпионатын ұтып алды. Байдарка мен есуде ҚР чемпионатында 8 алтын, 12 күміс, 5 қола ұтып алдық. Қазіргі таңдағы жетістіктеріміз өте жақсы. Алдағы таңда мектебіміздің оқушылары әлемдік ареналарда өнер көрсетеді деп сенемін.

 – Қапар аға, ауданымыздағы Гандболдан қыздар құрама командасы мен «Іле сәулет» футбол командасы жайлы не айтасыз? Олардың алдағы жоспары қандай? Олардың тағдыры не болды?

– Гандболдан қыздар құрамасы 2005 жылдан бастап бар екенін білемін. Бірақ ол мектеп бізден бөлек, кейіннен бөлек үлкен мектеп болып ашылып, мектепте жаттығып жүрген қаракөз қарындастырымыз жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал «Іле Сәулет» футбол командасына келер болсақ, қаражаттың жоқтығынан команданың тағдыры қиындаған еді, алайда қазір футбол командасын қайта құру қолға алынып жатыр. Жаңа алаң салу, аудан аумағында футболды дамыту жоспарлануда.

– «Жасөспірімдер мен балалар спор мектебінде» оқу тегін бе? Спорт секцияларына жазылу үшін қалай өтініш беруге болады?

– Спорт мектебі, әрине, тегін. Мемлекетіміз ол жағынан бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Мектепке келіп ата-ана арыз жазса болғаны, бала мектепке қабылданады.

– Қапар аға, айтыңызшы, ауданымызды толық бұқаралық спортпен қамту үшін аудан бойынша қанша спорт кешені ашылуы керек?

– Әр спорт түрінен 1 кешен ашылса, артық болмас дер едім. Мәселен гандбол залы бөлек болса, күрес залы өзінше бөлек болса, футбол үшін жазда да, қыста да жаттығуға қолайлы өз залдары болса керемет болар еді. Әзірге жүргізіліп жатқан жұмыстар жаман емес. Алайда, балалардың жаттығатын орны аз екені қынжылтады. Спорттық кешен әлі де керек. Мектебіміздің артындағы жерді алу үшін де біраз жылдың көлемінде мәселені көтеріп келеміз.  Біздің ауданымызда спортшылар көп. Ауылымыздан чемпиондар шыққан, әлі де шығады. Биылғы оқу жылының өзінде Республика бойынша 3 чемпион шықты. Әр ауылда спортты дамытсақ, әр ауылдан қаншама бұлақ көзін ашып, мемлекетіміздің дәрежесін асқақтататын спортшыларды дайындауға болады.

– Алматы облысы болып ауысқанымызға байланысты, облыстық футбол құрама командасы біздің алаңда жаттығады екен. Алаң стандартқа сай ма?

– Шындығына келсек, алаңда жасалатын жұмыстар өте көп. Жоспардағы жасанды алаң салынса, ойыншыларымыз қысы-жазы дайындалар еді. Спортшыларға барынша мүмкіндік жасалу керек. Мемлекет басшысы спортты дамытуға, оның ішінде бұқаралық спортқа, балалар мен жас-өспірімдер мектептері мен федерацияларын қолдауға ерекше назар аударады. Спортты барлық бағытта дамытуды қолға алуымыз қажет. Алда мақсаттарымыз бен жоспарларымыз өте көп. Аянбай еңбек етіп, ауданымыздағы спорт саласын дамытуға бар күшімізді саламыз. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі!

 – Қапар аға, мақсаттарыңыз орындала берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Карима Мейрамбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button