Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКүрті ауылдық округі

КҮРТІДЕГІ КЕЗДЕСУ

Іле ауданының Ақши ауылында тағылымды шара өтті. Кезінде осында еңбектің қазанын қайнатқан аға буын өкілдері Мәдениет үйінде жиналды. Оларды мұнда ауылға деген сағыныш жетектеп әкелді. Бұдан жарты ғасыр бұрын Күрті ауданы құрылғанда жастық жігермен өңірді өркендеткендер бір-бірімен арқа-жарқа жүздесіп, тарихи сәттерді еске алысты. Сонау 1972 жылы құрылған Күрті ауданының орталығы осы Ақши еді. Әкімшілік-аумақтық құрылымның ғұмыры небәрі 25 жылға созылып, 1997 жылы таратылған.

Алайда осы аз ғана уақытта ғасырға жүк болар ауқымды істер атқарылды. Мұнда қаншама адамның маңдай тері ел игілігін арттыру жолында тамшылай төгіліп, еселі еңбегімен қаншама елдімекен, шаруашылық құрылды десеңізші?! Жаңа ауданның қалыптасу мен өркендеу кезеңінде бұрын меңіреу жатқан тұтас аймақтың бойына қан жүгірді. Мал және егін шаруашылықтары қатар қолға алынып, мыңғырған төрт түліктің үніне трактордың гүрілі қосылып, Күрті жазығы еңбек дүбіріне бөленіп жатты.

Ең бастысы, осында жұмыс істеуге келген азаматтар мен жергілікті тұрғындар өздерінің алдына қойылған асқаралы міндет – елдегі ең үлкен мегаполис Алматы қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуді абыроймен орындады. Кейін Күрті таратылғанда жері Жамбыл, Іле, Балқаш аудандарына бөлініп кетті. Бүгінде ақсақалдық жасқа жеткен сол азаматтардың сағынышы Ақши ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында ән болып қалықтады, жыр болып төгілді. Жамбыл ауданынан арнайы келген «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ардагерлер назарына «Ауылға сағыныш» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

«Туған жер», «Өскен ел», «Отан» тақырыбындағы шығармалардың арасында Күртіге арналған әндер көптеп орындалды. Солардың қатарында Шынәділ Мұқановтың «Күртіде өскен жандармыз» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді. «Жастықпен қуып арман біз, Бақдәулет іздеп барғанбыз. Кеңдігін көріп көңілдің, Күртіде қалған жандармыз» деген ән жолдары көптің көңілін тебірентті. Сағым жылдарға саяхат жасатқан тамаша ән-жырдан кейін құрметті қонақтардың есімдері ілтипатпен аталып, ел ағалары сөз алды. – Ең алдымен бұл жиынның не үшін ұйымдастырылғанына тоқтала кетейін, – деп сөз бастады талай жақсы іске мұрындық болған қоғам, мемлекет қайраткері Серік Үмбетов. – Осында еңбек еткен ағаларымыз маған «Ақшидің, ондағы елдің жағдайы қалай? Жастық шағымыз өткен ауылды сағынып жүрміз, бір барып қайтқанымыз жөн болар еді» деген тілектерін білдірген болатын. Бүгінгі шара осы ағаларымыздың өтініші бойынша ұйымдастырылды.

Ауыл қазір көштен қалмай, жұрт қатарлы күн кешіп отырса, мұның өзі кезінде бақуатты тірлікке негіз қалаған, көпшілігі осында отырған қайраткер азаматтардың арқасы, – дей келе, кездесуді ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген облыстық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиевтің, Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаровтың, шараны өткізуді қолдаған Іле және Жамбыл аудандарының әкімдері Бағдат Қарасаев пен Нұрлан Ертастың аттарына жылы лебіз білдірді. Кезінде мұнда еселі еңбегімен дараланған озат шопан, жылқышы, бақташы, механизаторлардың абыройы артып, өзгелерге үлгі көрсетті. Еңбек адамдары Социалистік Еңбек ері атағымен, орденмедальмен марапатталып, республикалық деңгейдегі депутат болып сайланды. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жаңа ауданды аяғынан қаз тұрғызу міндеті Бекболат Тұрысжановқа сеніп тапсырылса, атқару комитетінің төрағасы Келіс Өмірәлиев те талап биігінен көрінді.

Одан кейін ауданның басшылық тізгінін Тастан Тоқсейітов, Нүсіпжан Нұрманбетов, Ызғарбек Бектұрсынов, Өтеген Қабылов, Төлеген Әубәкіров, Жұмәділ Сатыбалдиев, Бекайдар Егінбаев, Едіге Жүнісбеков, Ержанбек Нұрбеков, көтеріп, жүздеген шақырымдық жол, жарық, су сияқты инфрақұрылымдар тартылды, мыңдаған гектар жаңа жерлер игерілді. Бозой өңіріндегі шаруашылықтардың әрқайсысы әлденеше мың гектардан суармалы алқаптарды игеріп, мемлекетке баубақша өнімдерін өткізіп тұрса, Т.Бокин атындағы кеңшар асыл тұқымды мал өсірумен қатар жайқалтып егін екті. «Сарытауқұм» кеңшары түйе өсіруге маманданып, шұбат өндірді. Желтораңғы, Топар, Құйған ауылы жақтағы шаруашылықтар етті бағыттағы ірі қара бордақылап, диірмен, мал азығын дайындау цехтарын іске қосты. Айдарлыда 10 мың, Күрті кеңшарында 30 мың бас қойға арналған бордақылау кешендері салынды. Иен дала көз алдыларында көркейді. Күрті осылайша елдегі іргелі бау-бақшалы алабы, Ақшидің әдемі келбеті әлі күнге дейін көз алдарына келіп, көңілдерді теңіздей тербетеді. Аудандық «Шұғыла» газетінде Сәдуақас Бигелдиев, Күмісжан Байжан, Нүсіпбай Әбдірахым, Айтуған Шәйімов сынды журналистер қалам тербеп, кейін Ақшиге деген сағыныштары шығармаларына арқау болды. Кездесуге келген құрметті қонақтар атынан сөз алған Ызғарбек Бектұрсынұлы жылы жүздесуді ұйымдастырған азаматтарға шынайы алғысын білдірді. «Ауылға жастар ие болуы тиіс. Бәріміз ауылды тастап кететін болсақ, ата-бабамыз қалдырған кең байтақ өлкеге кім ие болады?» деген қайраткердің нық тұжырымы да көп көңілінен шықты. Себебі кезінде 9 мыңға жуық Ақши тұрғындарының саны тоқырау жылдары күрт кеміп кеткен еді. Бүгінде соның жартысынан енді ғана асып, қазір екі елдімекеннен тұратын Күрті ауылдық округіндегі халық саны 6400 адамға жетті. Қайтадан көшіп келіп жатқандар бар. «Күртінің өзіне ғана тән табиғи ерекшелігі көп. Көлі мен шөлі, құмы мен тасы, суы мен нуы алмасып, қатар ұшырасады. Күз бен қыс айларындағы құм суырған алай-дүлей желі тағы бар.

Мұндайда табиғат бізді сынағысы келгендей қалып танытады. Жастық жігер мен еңбекке деген құлшыныстың жетегінде жүріп ондай қиыншылықтарды елемеген де сияқтымыз. Жол түсіп, ат басын бұрған сайын осы өлкеде өткізген ширек ғасырлық ғұмырым көз алдыма келеді. Жал-жал болып жалғасқан құмайтты бел-белес әкеміздей, сағым ойнаған жазиралы сайын дала анамыздай ыстық көрініп, жүрекке шуақ, көңілге нұр құяды. Қасиетті мекен талайлардың бағын ашып, бақытының шамын жақты», – дейді осында еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастаған Серік Әбікенұлы. «Аудан тараған кезде Серік Үмбетов ешқайсымызды жұмыссыз қалдырмауға тырысты. Өзімен бірге еңбек еткендердің барлығына қамқорлық көрсетіп, менің мамандығыма орай облыстық экономика бөліміне ауысуыма көмектесті.

Күрті – жап-жас кезімде барып, маман болып танылған, өмірге керектің барлығын үйренген жүрекке ыстық мекен. Сол жерде отбасылық өмірді бастап, балалы-шағалы болдық, дос-жаран, ағайын-жекжат таптық. Қиындықты да, жақсылықты да көрдік. Сондықтан болар, жан-жаққа кетсек те бір-бірімізді іздеп, кездескен сәтте қуана қауышып, сыртымыздан тілектес болып жүреміз. Бейне бір туысқан сияқтымыз», – дейді бұрынғы Күрті ауданы басшысының 12 жыл идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Алтынсара Өмірзақова.

Мұнда ғұмыр кешіп, тер төккендер үшін Күрті расымен киелі мекен. «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» деген тұжырымның айдай ақиқаттығын да осыннан анық көреміз. Алты Алаштың ұрпағына құтты қоныс болған өңірде ешкім руға, жүзге бөлінбей, бірін-бірі туған бауырындай көріп кеткен. Олар әлі күнге дейін бір-бірін жақын тартып, өздерін «Біз күртіліктерміз» дейді. Жиын соңынан жайылған дастарқан басында осы күнге жетпей өмірден озған азаматтар еске алынып, Құран бағышталды. Күртіліктер «Келесі кездесуге аман жетейік» деген ақ тілекпен тарасты.

 

Серік САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button