Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихКүшіміз Бірлікте!Қазақстан жаңалықтарыҚоғам

БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

Биылғы жылдың көктемі өзінің ерекшеліктерімен келгені бәрімізге белгілі. 2024 сәуірінде облыс әкімінің шешімінің негізінде Батыс Қазақстан облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.  Соның ішінде қар суының тез еріп, тасқын су болып елдімекендерді, үй-жайларды басып еліміздің халқын әбігерге салды. Өңірдегі қалыптасқан су тасқыны жағдайын жоюға көмектесу үшін сәуір айының 5-і күні Атырау облысына Алматы облысы ТЖД 33 құтқарушы жіберілген болатын. Оның ішінде өзіміздің жерлестеріміз, Іле ауданы Өтеген батыр ауылы №8 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші азаматтық қорғау сержанты Асетов Ақжол Дастанұлы және өрт сөндіруші азаматтық қорғау кіші сержанты Жұманәлі Ержігіт Арыстанбекұлы  ауданға оралды. Батырларымызды отбасылары мен әріптестері құшақ жая, қуанышпен, мақтанышпен қарсы алды.

«Бізді сәуір айында Құлсары, Атырау қалаларына көмекке жіберді. Батыс өңірге барудағы басты мақсатымыз — Құлсары қаласының тұрғындарына көмек беріп, су тасқынының алдын алу шараларын жүргізу болды. Құлсары қаласынан басқа да су басқан аймақтардағы халықты эвокуациялап, су бөгеттерін жасай отырып, өзімізге берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындадық. Еліміздің басына күн туғанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Атырау облысын бәріміз жұмыла табиғи апаттан аман сақтау жолында өз міндеттерімізді толықтай орындадық!»,- дейді Ержігіт Арыстанбекұлы.

Құтқарушылар су басқан кенттер мен қалаларда тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етуде, жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда, су тасқыны болған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуды сондай-ақ олар инертті материалдары бар қапшықтарды дайындау, су айдындарының жағалауын нығайту жұмыстары мен адамдарды эвакуациялау іс-шараларын жүзеге асыруға атсалысты. 2 айға көмекке аттанған ауданымыздың батыр азаматтары аман-есен қызметтеріне қайтарылды.

Ақжол Дастанұлы: «Ел басына күн туғанда бар жұмысымызды ұмытып, Атырау өңіріне аттандық. Осы уақыт аралығында қолымыздан келгенше су тасқынын жою шараларына белсене қатыстық. Жасыратыны жоқ, бұл оңай жұмыс болған жоқ. Батыстағы халықтың қиын-қыстау кезеңін өз көзімізбен көріп, сезініп қайттық. Алдағы уақытта табиғи апаттардан сақтасын, Батыс аймақтағы бауырларымызға сабырлылық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!».

Еске сала кетейік, Батыс өңірінің бірнеше аудандары мен Орал қаласында су тасқынына қатысты жағдай қиындап, төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл аудандардағы елдімекендер мен қаланың кейбір аудандарындағы ауылдар, саяжайларды су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Осы уақыт ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек көрсету үшін қорлар, қабылдау пункттері ашылып, онда жиналған гуманитарлық көмек су басқан ауылдарға да жетіп үлгерді. Қаладағы су тасқынынан зардап шеккендер эвакуациялық пункттерге орналастырылып, оларға да барлық жағдай жасалды, ел болып жан-жақтан көмек жеткізілді. Апаттық жағдайда көмек көрсетіп, халыққа адал қызмет еткен, көмек қолын созған барша азаматтар мен қызметкерлерге алғыс білдіреміз! Біздің күшіміз — бірлікте!

Басқа жаңалықтар

Back to top button