ӘКЕГЕ ТАРТЫП ТУҒАН ҰЛ
Әке – асқар тау. Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам.
Бала үшін асқар тау – Әке. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ.
Ақын Жарасқан Әбдірашевтың әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан. Қашан да қамқор болған сан үмітке,Өтермін сақтауменен салтыңды әсем. Көнбей ме көңіл шіркін кәрілікке,Өкпелеп қалмайсың ба «қартым» десем! Ақын үшін, «бір ауылдың бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын халқымен бірге татқан әкесі.
Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ.
Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ.
Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз.
Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.
«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, әкенің балаға үйретері көп. Осы тұста Амантаевтар отбасына тоқталсақ. Амантаев Ринат Қайратұлы Ақши ауылдық округінің тумасы. Ринат Қайратұлының әкесі де, атасы да бұрынғы Күрті ауданы кезінде құрылысшы болған. Қазіргі кезде әкесі Қайрат ағамыз бен Ринат Қайратұлы 9 жылдан астам уақыт жанармай бекетінде жұмыс істейді.
Жұмыстың үлкен-кішісіне қарамастан Ринат Қайратұлы өзіне берілген тапсырманы жауапкершілікпен, мұқият орындайды. Бұл да отбасында берілген тәрбие мен бойына сіңірген қасиеттердің бір көрісіні десек те болады. Ринат Қайратұлының отбасын құрғанына биыл 13 жыл толып отыр. Бүгінде Нұртас, Диас, Сафинұр, Алинұр есімді 3 ұл, 1 қыздың әкесі. Кез-келген әке болашақта баласының жақсы болуын қалайды. Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. 12 жыл әкелік тәжірибесі бар Ринат Қайратұлы балаларының бойына атадан балаға жалғасқан тәрбие нәрін құйып, еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиеттерге баулып келеді.
Балалары оқу үздігі, түрлі спорт, пән олимпиадалары, өнер сайыстарының жеңімпаздары. «Мен әкенің бойынан күш-жігерді, батырлықты, батылдықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады деп ойлаймын. қарап отырсақ әкенің де түр-түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да батыл, қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады. Барлық адамдар әкені құрметтеуі, қастерлеуі, аялауы, оны өзінен жоғары ұстауы керек», дейді Ринат Қайратұлы.
Жанармай бекетіндегі жұмысын Ринат Қайратұлы өзінің жеке шаруашылығымен де ұштастырып келеді. Мал шаруашылығының дамуына үлес қосушы азаматтарымыздың бірі. Балаларына жан-жақты болуды, жігітке жеті өнер де аздық екенін, адамның үздіксіз даму үстінде болу керектігін де айтып отырады. Тек айтып ғана қоймай, оқуға, жаңа затты үйренуге деген талпынысымен балаларына үлгі болуда. Әкелерінің адал еңбегінің, салиқалы тәрбиесінің куәсі болған балаларының әкеге деген құрметі, махаббаты ерекше. «Бала қашан болмасын әкені ардақтауы керек. «Әке – асқар тау» деп бекер айтылмаған. Әркім өз әкесін әрқашан өзінен жоғары ұстауы керек. Әкені ардақтау – әркімнің міндеті, себебі әке бұл өмірде өте қымбат адамдардың бірі болып табылады. «Әке көрген оқ жонар». Бұл да әкеге байланысты ардақты айтылған сөз», деп сөзін аяқтады Ринат Қайратұлы.
Өз тілшіміз