Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБоралдай кентіҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ӘСКЕРГЕ БАРУ — ӘР ЕР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ

Алматы облысы Іле ауданында Боралдай ауылында 54 орта мектебінде Іле ауданының жастарына «Алатау жастары»  жастар ұйымының конференциясы өткізілді. «Отанды қорғау — абыройлы борыш», «Жастарды жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа  тәрбиелеу жолдары» атты тақырыбында өткізілді. Конференцияның мақсаты:  патриотты жастарды тәрбиелеу, Отанын сүюге, Халқын қорғауға, болашақ осы жастарымыздың қолында екені, тәлім-тәрбие туралы.

Аталған іс-шараға Іле ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы подполковник  Гаппаров Султанмурат Султанович, Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімше бастығы майор Елемесов Сырман Дауренович, Іле ауданы Ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы, Жастар ресурсының жетекшісі Тынышбаева Мариям Айдарқызы,  Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгерім Сансызбайқызы,  Алматы облысының мәслихат депутаты, спорт шебері, Азия чемпионы Орынбасаров Нұрсұлтан Жұмабайұлы осы кісілер қатысып, сөз сөйледі.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары «әскерге шақыру» десе, әккі әрекеттерге көшіп, сап түзеуден үркетін жастардың қатары артуда. Оған әшкере болып жатқан әскердегі әлімжеттікті себеп дейміз. Бірақ таразылай келсек, оның бірнеше себеп-салдарын аңғаруға болады.

Өткен аптада аудан әкімдігінде өткен мәжілісте күзгі әскерге шақыруды үйлестіру жұмыстары сөз болған еді. Аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Р.Шарипаевтың берген мәліметінен соң таяқтың бір ұшы ауыл әкімдеріне тиген болатын. Ақтоған, Бәйтерек, Еңбекші, Қарғалы ауылдарынан қару асынуға қауқарлы бір азаматтың табылмауы расында да алаңдатарлық жәйт емес пе?

Әлімжеттіктің бастауы әріде

Негізінен әскердегі әлімжеттік өткен ғасырдың екінші жартысында өршіген. Бастапқыда Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлердің біразы әскер құрамында қалып, жеңістен кейін шақырылған жас буынға аға болып, ұрыс жүргізу тәсілдеріне баулыған, темірдей тәртіп орнатқан. Артынша, 1960 жылдары олардың орнын басқан соғыс көрмегендері де бұл дәстүрді қабылдап, өз білгенінше бұрмалап, жаңа шақырылғандарға әмір етудің бейресми қағидасына, жазылмаған заңдылығына айналдырып жіберген. Себебі ол кезде азаматтар 3 жыл бойы әскери қызметтен өткен. Нәтижесінде жаңа шақырылғандар жеткенше, бұрын кіріскендер «қартайып» қалады: олар өздерін әбден ысылған, тісқаққан жауынгер санап, командирлер рұқсатымен жас сарбаздарға көрген-білгенін үйретеді. «Сабақ» үстінде зорлық әдістері де қолданылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскердегі әлімжеттікпен күрес мақсатында өз Қарулы Күштеріндегі мерзімді әскери қызметке шақыру уақытын 12 айға дейін азайтып тастады. Бірақ жағдайдың түзелгені шамалы сыңайлы. Өйткені, бүгінгідей жауынгерлердің өз-өзіне қол салуы Қарулы Күштерде әлімжеттік тамырына балта шабылмағанын көрсетеді. Мысалы, «Айқын» газетінде жарияланған деректерге сәйкес 2010 жылы әскерде 17 суицид оқиғасы тіркелсе, 2011 жылы бұл сан 21-ге дейін өскен. Бұдан бөлек, 2015 жылы – 11, 2016 жылы – 6, 2017 жылы 6 жауынгер өз өмірін өзі қиған.

Сол басылым келтірген тағы бір деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда 23 суицид тіркелген. Оның ішінде құқыққа қарсы іс-әрекеттердің 4 дерегі ашылған. Ал қалған жағдайларда сарбаздар арасындағы суицидтің себептері отбасылық және жеке проблемалардан туындаған көрінеді. Мерзімді әскери қызметшілермен әскери бөлімді өз бетімен тастап кету фактілерімен 2018 жылдан -бастап бес жағдай тіркелген. Бірақ әскери прокурорлар оны да әскери әлімжеттіктен емес екенін жеткізеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда 200-ден аса әскери өз-өзіне қол жұмсапты. Бұл  – жыл сайын 20-дан аса отбасы Отан алдындағы борышын орындауға кеткен оғландарынан айырылып, қайғыдан қан жұтатынын көрсетеді.

Отанды сүю отбасынан басталады

Әскерге міндетті борышкерлердің ­статистикасын сараптасақ, 60 проценті енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 проценті жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 проценті ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Сондықтан да бұл күндері «Ұлымды қорғаймын» деп балаларымыздың қорқақ, әлсіз, босбелбеу етіп тәрбиелеп жүрген жоқпыз ба? Осыны да ой елегінен өткізіп қойсақ қайтеді? – Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасындағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі жастардың рухани айырмашылығы жер мен көктей. 2005 жылға дейін отбасында бір бала болса да, студент болса да, 18 жасқа толғандықтан әскерге алып кететін. Қазір жеңілдіктер көп. 1-2 келі салмағы жетпесе жарамсыз болып танылады. Қатарынан қалып қойған азамат келесі жолы әскерге баруға құлықсыз болады. Екіншіден, теледидардан қылмыстық топтар туралы кинолар жиі көрсетіледі. Әскери өмірден сыр шертетін дүниелер көп болса, жастардың ынтасы артар еді, — дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Исаев.

Үлкен өмірге қадам Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбазды замандастары: «Әскерде қалай екен? Ұрды ма? Баруға тұра ма?» деп сұрақтың астына алатыны белгілі. Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Айдын Тоқсанов  айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ықпалын тигізген. – Мектеп қабырғасында жүргенде тентектігім басым болды. Үйдің кенже баласымын. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істемейтінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кезім көп еді. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Айдынның арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін түсіндім. Уақыттың маңыздылығын білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Отан алдындағы борышымды өтеуге барғаныма қатты қуанамын. Жастарға да әскерден қашпауға кеңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Айдын.

Түйін: Бүгінде әскерге шақырушылардың денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі, ел әскері жаңа технологиялармен жасақталуда. Сарбаздардың компьютерлік біліктілігі, сауаттылығы мен кәсіби шеберліктері қажет. Жай ғана қару ұстап, жаттығудан бөлек, логикалық-интеллектуалды білімінің бар болуы заман талабына айналған. Бастысы – әр азаматтың бойында патриоттық рух болуы тиіс. Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – айбынды әскері екенін естен шығармайық.

 

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button