«АЙБЫН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖАСТАР ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ
18 мамыр күні Алматы облысында «Айбын» Х халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жас сарбаздар жиыны Алматыда алты мемлекеттің өкілдерін, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан секілді әскери-патриоттық клубтарын біріктірді.
Оны жүзеге асыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым құрылып, Алматы қаласына түрлі елдерден 14-17 жас аралығындағы 750 жасөспірім жиналды. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиын далалық лагерь жарыстары мен бағдарламалық кесте бойынша жүзеге асуда.
Салтанатты жиын Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери тобының және қарауыл ротасының сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, ұлт батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова мен шетелдік делегация өкілдері майдангерді еске алды. Жиынның ашылу салтанатында Ғалиасқар Сарыбаев бірқатар іс-шараларға қатысып, «Халық жүрегі қаһарман» көрмесімен танысты.
Гүл қою рәсімнен кейін салтанатты ашылуда ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығу жиынына қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сөз сөйледі. Ол қатысушы халықтар мен елдер арасында бұрыннан келе жатқан берік байланыс пен өзара сенім, қолдауға негізделген достық қарым-қатынас болғанын атап өтті. Әскери саладағы жетістіктердің негізі — тәртіп пен бірлік екенін атап өтті. Р. Жақсылықов: «Жиынға қатысу үшін арнайы келген қонақтарды көргеніме қуаныштымын. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, біз бірге ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени және рухани мұраларын сақтап қалдық. Бүгінгі халықаралық әскери-патриоттық ассамблея халқымыздың достық пен татулыққа деген ұмтылысының жарқын дәлелі деп білемін», — дей отыра оқу-жаттығу жиынына қатысушыларға өз күш-қуатына сеніп, мақсатқа жетуде табандылық тіледі. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы әскери жарысқа қатысушыларға ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтен арнайы үндеу мен құттықтау жолдады.
Әскери жарысты ұйымдастырушылар жасөспірімдерге арналған үлкен мерекелік бағдарлама дайындап, ашылу салтанаты керемет шоудан басталып, батырлардың биімен, музыкалық нөмірлермен және орталық әскери оркестрмен жалғасын тапты. Оқу-жаттығу жиынының ашылуына дейін «Әли» оқу-жаттығу орталығында ұлттық спорт түрлерінен бірқатар жарыстар, сонымен қатар, жас өнертапқыштарға арналған «Smart Sarbaz» байқауы мен «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойыны өтті. Айта кету керек, Алматыдағы «Айбын» Х халықаралық әскери-патриоттық оқу-жаттығу жиынына келген командалардың барлығы тек жеңіске ниетті. Оның ішінде ауданымыздың жас сарбаздары да бақ санауда. Мерей Заманбек: «Айбын-2024» Х халықаралық әскери-патриоттық жиыны өте күшті өтіп жатыр. Бізді дайындап, қолдау білдіріп, сенім артқан ағайларымызға үлкен рақмет! Жеңіске деген сеніміміз мол, жүлделі орын алып, келесі жылы тағы да сайысқа келеміз деген ойдамын. Жарыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған, бізге керекті барлық жағдайды жасап, қатысуға мүмкіндік берген жарыс ұйымдастырушыларына да мың алғыс!».
Еске салсақ, 53975 әскери бөлімінің қолдауымен Алатау қаласы, №3 орта мектебінің 9-10 сынып оқушыларынан құралған команда үлкен дайындықпен әскери-патриоттық жарысқа аттанған еді.
«Жиынның басты мақсаты – жастардың бойындағы әскери-патриоттық сезімді дамыту, халықтар достығы, бірлік, Отанға деген сүйіспеншілігін ояту. Жас сарбаздар автоматты жинап-шашудан, 3000 метрге жүгіруден, қыз балалардың 1000 метрге жүгіруінен, «Айбын дарыны» интелектуалды ойыны бойынша күш сынасты. Енді «Айбын жұлдызы» және тағы басқа номинациялар бойынша бақ сынасамыз. Оқушыларды біршама уақыт көлемінде әскери бөлім мен мектепте дайындадық. Жарыста жүлделі орын аламыз деген үміттемін», — деді 53975 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің аға офицері, подполковник Айдос Калиев.
Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ