ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Өтеген батыр ауылында орналасқан Іле аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мәжіліс залында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларды болдырмау мақсатында «Қауіпсіздік құқығы: зорлық-зомбылықпен қалай тиімді күресуге болады?» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алиева Айгерім Сансызбайқызы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Нурсейтова Көркем Бақытовна, «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құрманжанова Қымбат Құрманбекқызы, Іле аудандық әйелдердің құқығын қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Шалапова Айгуль Тұрмухамбетовна және Өтеген батыр ауылдық округі мектептері директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, кітапханашылар, аналар кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Әйелдердің құқығын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздеген шараны Қымбат Құрманбекқызы ашып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірегейі отбасындағы араздық, әлімжеттік пен ұрып-соғу фактілерінің көптеп орын алуы екенін баса айтты. «Біз бәріміз әлеуметтік желі арқылы қоғамдағы, елімізде болып жатқан оқиғалардан хабар алып отырамыз. Қазір ақпарат тез тарап, желдей есіп, халыққа тез жетеді. Өткенде ғана орын алған қоғам белсендісінің әйеліне зорлық көрсетуі қоғамда қатты талқыға түсіп жатыр. Осы орайда Іле ауданында ел ішінде зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін көтеріп жылжымалы мобильдік топ құрылып, ауыл-ауылды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Міне, бүгін сол топ Өтеген батыр ауылына ат басын тіреді» — дей келе, мобильді топтың жұмысын таныстырып өтті. Қ. Құрманбекқызының айтуынша, мобильді топ жұмысын Қараой, Байкент, Ақсай ауылдық округтерінен бастап, аудан орталығы Өтеген батыр ауылынан түйіндеп отырған жайлары бар. Ал, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда «Жанұя» орталығының атқарар ісі мен халыққа тигізер пайдасы орасан зор екен.
Шара барысында сөз алған Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алиева Айгерім Сансызбайқызы «Сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңға қол қойғаны баршамызға мәлім. Заңға сәйкес, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қылмыстық жаза қарастырылған. Заңдағы негізгі жаңалық ретінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары аталады. Осы заң 16 маусымда күшіне енді. Біз осы заңды халыққа түсіндіру мақсатында мобильді топ құрып, ауданымыздың барлық ауылдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мысалы, бұрын жеке тұлғаға қатысты жасалған әрбір қылмысқа қатысты арыз-шағымдар әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылған болатын. Енді жоғарыда аталған Заң күшіне енгелі бері зорлық-зомбылық, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралады. Бұрын әйелдер күйеуін заң өкілдерімен бір қорқытып алу үшін полиция шақыртып, арыз жазып, кейін шағымын қайтарып алып жататын. Енді олай болмайды, арыз жазылды ма, бірден базаға тіркеледі. Бұрынғыдай жай қорқытайын деп едім, арызымды қайтарып алайын деп едім деген қазақы жайдақ мінезге жол берілмейді. Ал, арызын қайтарып алмақ болса, «Жалған шақырту» жасағаны үшін полицияға арызданушының өзіне хаттама толтырылып, айыппұл салынады» — деп, заңның бұрынғыдай солқылдақ еместігін, қатайғанын түсіндірді. Сондай-ақ, Айгерім Сансызбайқызы әйелдер қауымына полицияға арызданбас бұрын күйеуін қылмыскер ретінде көрсетіп, базаға тіркелгенін, оның сотты болуын қаламаса, ұл-қыздарының болашағына балта шапқысы келмесе мұқият ойланып барып шағым түсіруілері керектігін ескертті. «Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі тұлға екенін ескерсек, ата-анасы өзара жанжалдасқанымен, балалары болашақта белгілі тұлға болып, халық алдына шығатын қоғам қайраткері не мықты заңгер, спортшы, елге сыйлы жан болып қалыптасуы мүмкін. Ал, әкесі сотты болса, онда ол баланың болашағына, өсуіне, тұлға ретінде елге танылуына кері әсерін тигіуі әбден мүмкін емес пе?! Әрине, мұқият ойлану – зорлықшының барлық қиянатына төзу дегенді білдірмейді, өзара келісімге келуге, отбасы төңірегінде шешуге болатын мәселені ушықтырып, заң алдында шешіп, отбасыны ойран етпей, жан-жақты ойланып, дұрыс шешім қабылдау керек» — дей келе, аудандық ішкі саясат жыл сайын әлеуметтік тапсырыс арқылы гендерлік тұжырымдамаға басты назар аударатынын, биыл қоғамда резонанс тудырған мәселе болған соң әйел мен кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне ерекше тоқталуды жөн көргенін атап айтты.
Кездесуде Іле аудандық әйелдердің құқығын қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Шалапова Айгуль Тұрмухамбетовна Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексіндегі өзгерістерге тоқталды. Мемлекет басшысы Адам құқықтары мен Заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын жарлықпен бекітіп, ол жоспардың шеңберінде ІІМ-де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылыпты. А.Тұрмухамбетовнаның айтуынша, енді Қазақстанда өзге адамды, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді, әйелді ұрғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 109-1 бабы бойынша 80 АЕК көлемінде айыппұл салып, 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарға салу не 25 тәулікке қамауға алынады екен. Ал, екінші бөлігі бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салып, 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға салу не 50 тәулікке қамауға алынбақ. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат түсіріп, зиян келтіретін болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 108-1 бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салып, 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға салу не 50 тәулікке қамауға алынады екен. Ал, екінші бөлігі бойынша 1000 АЕК көлемінде айыппұл салып, түзету мақсатында 600 сағаттық қоғамдық жұмыстарға салу не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Егер әйел затын қинап, азаптайтын болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 110-бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айырса, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы бойынша 3 жылдан 8 жылға, екінші бөлігі бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін, үшінші бөлігі бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Айгуль Шалапова бұл заң шеңберінде күйеуі әйелін бірінші рет ұрып тұр ма, жоқ әлде бірнеше рет қайталанды ма, оған қарамайды, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын, қолмен істегенін мойынмен көтеріп, жазасын өтейтіндігін, қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және оны жасағаны үшін бұлтартпастығы процесі қалыптасып келетінін айтты. Ал, Өтеген батыр ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Бекжанұлы Біржан отбасылық зорлық-зомбылық көбіне сәтсіз отбасынан шыққан, наркологиялық тіркеуде тұрған отбасыларда, жатақханаларда, пәтер жалдап тұратын жандар арасында көптеп кездесетінін айта келіп, мамыр айында жүзден аса қылмыстық-әкімшілік іс тіркелсе, оның ішінде 15 іс отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тіркелгенін сөз етті.
Іле ауданындағы отбасылар арасындағы кикілжің деңгейі, азаматтардың арнайы орталықтарға жүгінуі мен олардың мәселелерінің шешілуі туралы «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Нурсейтова Көркем Бақытовна ой толғап, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты мәлімет берді. «Біздің орталық жарты жылдан аса өз жұмысын тыңғылықты атқарып келеді. Ең әуелі Білім бөлімі, Ішкі істер бөлімі, прокуратура, мансап орталығы секілді мемлекеттік ұйымдармен меморандумға отырдық. Қиын жағдайларға тап болған отбасыларға біз тұрмыстық-әлеуметтік, медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, еңбектік, экономикалық және құқықтық бағыттар бойынша сегіз түрлі қызмет түрлерін көрсетеміз. Сондай-ақ, балаларға қарсы қылмысты болдырмау мақсатында мектептер мен колледждерге барып, буллинг, кибербуллинг тақырыбында дәрістер оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік» — деді. Тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында Алматы облысы бойынща 5 «Жанұя» орталығы ашылыпты. Сондай-ақ, Қонаев қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен жасөспірімдерді қабылдайтын, оларға психологиялық көмек беретін дағдарыс орталығы жұмыс істейді екен. Жасөспірімдерге қарсы зорлық-зомбылық пен педафилияның алдын алу мақсатында прокуратура қызметкерлері, полиция өкілдері, Білім бөлімі мамандары, мектеп мұғалімдері мен әлеуметтік педагогтерінен және «Жанұя» орталығының мамандарынан құрылған мобильді топ өгей әкелерімен бірге тұратын отбасыларды анықтап, сол отбасыларға рейдтік шаралар жүргізіледі. К. Бақытқызы егер өмірлік қиын жағдайларға тап болған, әлеуметтік осал топтан шығып, рухани күйзелісте жүрсе, тұрмыстық зомбылыққа ұшыраған, отбасында жиі жанжал болатын, өзара түсінісе алмай жүрген отбасылар болса, «Жанұя» орталығына жүгінулеріне болатынын, барлық ақпарат құпия сақталатынын, тәжірибелі психолог мамандар отбасындағы мәселені ушықтырмай шешуге көмектесетінін сеніммен айтып, мәселе туындап жатса, сотқа жүгінбей, орталыққа келіп шешуге шақырды. Орталықтың арнайы инстаграмм парақшасы бар екенін және 2ГИС-ке тіркелгенін де тілге тиек етті.
«Қауіпсіздік құқығы: зорлық-зомбылықпен қалай тиімді күресуге болады?» тақырыбында өткен кездесуге қатысушылар да өз пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Көпшіліктің пікірінше, мәселе тек еркекте ғана емес, сонымен қатар, түрлі коучтардың кеңесін тыңдап алып, күйеуіне бағынғысы келмей, қарсылық білдіріп, еркекті зорлық көрсетуге итермелейтін әйелдер де бар. Жалпы, қоғамда отбасы институты дұрыс қалыптаспаса, онда отбасылық зорлық-зомбылық орын алатыны сөз болып, әрбір ер азамат пен әйелдер қауымы қоғамдағы өз орнын білсе, өзінің міндеті мен парызын өтеп, құқық шеңберінен аспаса, отбасында татулық пен бірлік орнайтыны да назардан тыс қалмады.
Қазақ халқы «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Құрметті оқырман, егер ұрпағыңыз өнегелі, тәрбиелі болсын десеңіз, ұл-қызыңыздың болашағы жарқын, үлгілі отбасы болғанын қаласаңыз, оларға ақыл айтпаңыз, өзіңіз үлгі болыңыз. Себебі, әкеге қарап ұл өседі, анаға қарап қыз бой түзейді.
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ