АЛАТАУ ҚЫРАНДАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара әскери-патриоттық клубтар, әскери мектептер мен училищелер тәрбиеленушілері арасында ерекше әсер қалдырды. Еске салсақ, әскери-патриоттық жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей құрамаларынан 750 адам қатысқан. Қазақстан командалары атынан өңірлерден, ҚР Қарулы күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтарынан, ҚР Қорғаныс министрлігінің астаналық әскери колледжінен, «Жас ұлан» республикалық мектептерінен, «Арыстан» мамандандырылған лицейінен және облыстық әскери мектеп-интернаттардан жарыста бақ сынаған болатын.
Қатысушы мемлекеттер командалары арасында бірінші орынды Қазақстан иеленді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Әскери интитуты «Әли» оқу-жаттығу полигонының базасында 2024 жылғы 16-22 маусым аралығында өткен «Айбын-2024» Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің 53975 әскери бөлімінің атынан Алматы облысы Алатау қаласының № 3 орта мектебінің оқушылары қатысқан болатын.
Әскери-патриоттық жиында барлық командалар жарыстың 11 түрінен сайысқа түсті. Атап айтсақ: «Айбын жұлдызы», «Айбын дарыны», «Арқаға жатып денені көтеру», «Кермеге тартылу», «Қашықтыққа жүгіру 1000 м», «Қашықтыққа жүгіру 3000 м», «Әскериленген эстафета», «Арқан тартыс», «АК-74 автоматын бөлшектеп жинау», «Пневматикалық мылтықтан оқ ату», «Әскери-далалық тактикалық ойын». Жиында «Айбын жұлдызы» номинациясы бойынша «Алатау қырандары» командасы жүлделі 3 орынға ие болды. Айта кетейік, «Алатау қырандары» командасы Алатау қаласы № 3 орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, запастағы аға лейтенант Қ. Әуелбеков және 53975 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің (арнайы насихат және идеологиялық жұмыс жөніндегі) аға офицері подполковник А. Калиевтің жетекшілігімен халықаралаық жиынға қатысқан болатын.
Жарыс аяқталғаннан кейін, барлық жауынгерлік ойындарға қатысушылар үшін арнайы қазақстандық әскери қызметшілер жауынгерлік бөлімшелердің қорғаныста қалай әрекет ететінін көрсетті. Артиллериялық және миномет батареялары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс взводтары майдандық және армиялық авиацияның қолдауымен көрнекі атыс жаттығуларын өткізді. «Айбын-2024» қатысушылары үшін қызықты кезең десанттық-шабуылдаушы рота сарбаздарының тікұшақтан секіруі болды. Әр десантшының парашютіне әскери-патриоттық ойындарға қатысушы елдердің, атап айтқанда Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның туы ілінді. 2024 жылдың 22 маусымында «Айбын» Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылу және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты. Өз сөзінде ол жиынның халықаралық деңгейі жастардың Жеңіс батырларына деген құрметі мен ұрпақтар сабақтастығын көрсететінін атап өтті. Түрлі ел өкілдерінің жиынға қатысуы осындай сайыстарға әскерге дейінгі жастардың дайындық сапасын арттыруға септігін тигізеді. Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
К. МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ