ДОМБЫРА — ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ
Қазақ халқының киелі аспабы домбыра – жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың бірі. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Себебі, басынан небір қилы заман өтсе де, жаугершілікті бастан өткеріп, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн халық жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді. Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді. Ал зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл-Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі «Домбыра күні» ретіне тойланып келеді.
Домбыра күні мерекесіне орай аудандық кітапханада «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімінің ұйымдастыруымен «Домбыра – қазақтың үні» тақырыбында танымдық сағат өтті. Іс-шараға Іле аудандық кітапхананың директоры Қарлығаш Будугулова, Қоғамдық кеңес пен Аналар кеңесінің мүшелері, аудандық кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. Танымдық кешті аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы Мейрамгүл Түйебайқызы ашып, домбыра қазақ халқының рухани құндылығы, қасиетті қазынасы екенін айтып, домбыра күнінің шығу тарихымен таныстырып өтті. М. Жабиева өз сөзінде «Өнер – ұлт келбеті» — дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра – қайталанбас асыл мұра. Күмбірлеген күміс қоңыраудай сиқырлы үні адам бойына рух беріп, ішкі жан дүниеңді әдемі нұрға бөлейтін домбыраға жетер жер бетінде ешқандай аспап жоқ. Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды» — дей келе, ұлттық құндылығымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің қазақтың әр баласына берері мол екенін, бабаларымыздан мирас болып қалған ән-күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше екенін баса айтты. Шара барысында Іле аудандық кітапхананың директоры Қ. Будугулова сөз алып, қатысушыларды атаулы күнмен құттықтады.
– Қазақ пен домбыра – ажырамайтын егіз ұғым. Домбыра – ежелгі заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа мұраға беріліп келе жатқан қасиетті аспабымыз. Енді оны болашаққа жеткізу – біздің міндетіміз, — деді Қарлығаш Тұранқызы. Сондай-ақ, мәдени шарада қазақи мұрамызды насихаттауға арналған бейнеролик көрсетіліп, көпшілікке «Домбыра – асыл қазына» атты кітап көрмесі таныстырылып, домбыра туралы мәліметтер берілді.
Қазақтың жаны мен арына айналған, мұңы мен зарының, қуанышы мен шаттықты шағының куәгеріне айналған қара домбырамызды қастерлеп, киелі аспабымыздың шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, әсем ән шырқалып, еліміздің көгінде домбыраның сазды үні қалықтай берсін.
Диана ҚАНАТ