КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕК БЕРЕТІН ОРТАЛЫҚ
Іле ауданы Байсерке ауылында кәсіпкерлерге арналған алғашқы жеке коворкинг-орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер, депутаттар қатысты.
Жобаның бастамашысы белгілі белсенді азаматымыз, Іле ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Алпысбаева Ләйлә Кеңесқызы. Қоғамдық ұйымға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қолдаған 100-ден астам әйел кіреді. «Атамекен» ҰКП директорының Алматы облысы бойынша экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Дүйсекенов Кеңес мүшелерін орталықтың ашылуымен құттықтап, коворкинг орталығының жиі қонағы болатынын жеткізді.
– Жобаның мақсаты – шағын бизнесті қолдау және дамыту, жұмыс орындарын құру. Бүгінгі таңда облыс бойынша 140 мың шағын және орта бизнес ошағы бар. «Coworking» деген сөздің өзі «бірлескен жұмыс, ынтымақтастық» деп аударылады. Оқыту орталығы көпбалалы әйелдерге, үйде жұмыссыз отырған аналарға қазіргі жағдайда бизнес жүргізуді үйренуге, бизнес-жоспар құруға, шағын өндіріс ашуға көмектесіп, кеңес беретін мекеме, — деді Е.Дүйсекенов. Орталықтың ашылуында облыстық «Қазақ аналары» қоғамының мүшесі, ардагер ұстаз, ақын Шәрипа Макеева ақ батасын берді.
Ләйлә Алпысбаева өзі атап өткендей, коворкинг-орталығында жемісті жұмыстар жүргізу мен өзін-өзі дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Мұнда ауыл тұрғындары өздерінің шығармашылық идеялары мен жобаларын талқылап, іске асыра алады. Одан бөлек, семинарлар мен тренингтер өткізіп, пікір алмасуға, үздік тәжірибелерімен бөлісуге болады деп күтіледі.
Орталықта дизайн, аспаздық, тігін және өзге де көркем шығармашылық бойынша сабақтар мен курстар өткізуге арналған орындар бар. Коворкинг-орталықтарының қызметін тек жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ғана емес, сонымен қатар ашылған фирмалардың басшылары да пайдалана алады.
– Коворкингті Америкада бағдарламашы Бред Ньюберг 2005 жылы ойлап тапқан. Бұл адамдар жеке және бүкіл командалармен жиналып, жұмыс істей алатын кеңістік. Мұнда әркім өзіне уақытша немесе тұрақты жұмыс орнын таба алады. Бізге жаңа идеялар мен жобалармен келгісі келетіндер келуі мүмкін. Біздің есігіміз барлығына ашық! — деп атап өтті Ләйлә Алпысбаева.
Ол сондай-ақ Орталық Іле ауданының пікірлестерін бір қоғамдастыққа біріктіретін және одан әрі дамыту жоспарларын тәжірибелі аға буынмен бөлісуге, практикалық кеңестер, қатысу және топтарға бірігу тәжірибесін алуға, өз көзқарастары мен өмірлік басымдықтарын белгілеуге мүмкіндік беретін және Іле ауданымен жаңа серіктестер құруға мүмкіндік беретін орын екенін атап өтті. Болашақ ынтымақтастық перспективасының жоғары екенін түсіндірді. Бір сөзбен айтқанда, коворкинг орталығы нәтижелі жұмыс істеуге кепілдік бере алады.
Іс-шара аясында орталықта жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Үйінде шағын баспаханасы бар Байсерке ауылының көпбалалы анасы Назым Бейілдинова көрмеде жазулары мен суреттері бар киім-кешек пен ыдыс-аяқтарды ұсынды. Назым ханым өзінің туған ауылында коворкинг орталығының пайда болғанына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ, көрмеде ҚазБСҚА 4 курс студенті Дина Алпысбаева өз жұмыстарын ұсынды. Студент графикалық дизайнер оқуында оқиды және өз қолымен жасалған балалар кітабын, ойындар тақырыбындағы журналды, брендбук журналы мен картиналарды көрсетті.
– Балалар кітабы – балалардың айналасын тануға және таным көкжиегін кеңейтуге үлкен септігін тигізеді. Кітап ішінде өлеңдер мен стикерлер бар көптеген суреттер мен жазбалар бар. Ойындар журналында көптеген түрлі ақпарат ұсынылған. Атап айтсақ, соның ішінде онлайн ойындар жасайтын компания, брендбук туралы-логотип құру және оны толық әзірлеу туралы. Суреттер ашық түстермен арнайы жасалған. Өйткені, біздің өмірімізде олар жетіспейді!- деді.
Бүгінгі таңда Коворкинг орталығының жұмысы ептеп өз соқпағын табуда. Жақында ғана Өтеген батыр ауылының Арбат көшесінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында аудан көлеміндегі 30 шағын және орта кәсіпкерлерлерді ел алдына шығарып, өнімдерімен таныстырды.
Бағдат ТОҚАН