ТЕМІРБЕТОН ЗАУЫТЫ ЖАҢА МАМАНДАРДЫ ІЗДЕЙДІ
Зауыт – жұмысы неғұрлым өнімді және сапалы жұмыс істеу үшін машиналарды пайдалануға негізделген өнеркәсіптік кәсіпорын. Көбінесе зауыт кешені бірнеше ғимараттардан тұрады, олардың әрқайсысы өзінің өндірістік кезеңімен немесе өнім түрімен айналысады. Толық немесе ішінара автоматтандырылған өндірістің өркендеуі барлық жұмыс циклдері қолмен орындалатын фабрикаларды, кәсіпорындарды тез алмастырды.
Әлемге үлкен әсер етіп, оны өзгерткен техникалық және өнеркәсіптік революцияның бір көрінісі болған зауыттар біздің ауданымызда да аз емес. Осы орайда халықты жұмыспен қамту, таныстыру, аудандағы жұмыссыздықты жою барысында «Jastar» ресурстық орталығы мен Іле аудандық «Мансап» орталығы «Фирма БЕНТ» зауытымен бірлесе отырып, Алматы облысы, Іле ауданы, Асқар Тоқпанов ауылында орналасқан «Фирма Бент» темірбетон бұйымдарын өндіру зауытында экскурсия өткізді. Зауытқа ауданның жұмыссыз азаматтары қатысып, зауттың тарихын, жұмыс барысын көріп, зауыттағы жұмыскерлермен тілдесіп қайтты. Кіріспе қауіпсіздік нұсқаулықтарымен танысқаннан кейін, бетон арластыру, механикалық жөндеу, энерго-жөндеу бөлімшесі және лабороториялық цехтарында экскурсия өтті. Экскурсия мамандардың қарамағында, қатаң қауіпсіздік техникасын сақтау арқылы өтті.
«Фирма БЕНТ» ЖШС – Қазақстан Республикасындағы темірбетон шпалдарын шығаратын ең ірі зауыт. Кәсіпорын жыл сайын дерлік «Үздік өнім» байқауының жеңімпазы болып табылады және «Алтын сапа» үздік импорт алмастырушы кәсіпорын ретінде марапатқа ие. 1987 жылы қалыптасқан зауыт алғаш қысымды құбырлар шығаратын зауыт ретінде іске қосылған. Зауытта диаметрі 500 мм болатын темірбетон қысымды құбырлар шығарылды. 1987 жылы арендалық заң күшіне енген кезде кәсіпорын алғашқылардың бірі болып арендалық шарт бойынша шаруашылық жүргізуге көшті. 1987 жылдан бастап 1991 жылға дейін зауыттың директоры қызметін Кузиев Ділмұрат Пірмұхамедұлы атқарды. Кәсіпорын темірбетон шпалдарын, серпімді рельс бекіткіштерін, метроға арналған түтіктер және дайын бетонды шығарумен айналысады. Алматы қаласының шетінде орналасқан зауыттың аумағы 5,7 гектарды құрайды. Нысан заманауи жабдықтармен жабдықталған және озық технологияларды қолданады. Бүгінгі таңда өзінің заманауи инфрақұрылымы бар «Фирма БЕНТ» ЖШС жылына кемінде 800 000 темірбетон шпалдарын, оның ішінде серпімді рельс бекіткіштерін шығаруда жеткілікті өндірістік қуатқа ие. Сондай-ақ «Фирма БЕНТ» зауыты «Қазақстан Темір Жолы», «Қазтеміртранс», «Казфосат», «Kaz-Metiz», «Stand Lab», «InCon KZ», «Мечел» компанияларымен серіктес.
2022 жылы темірбетон бұйымдарын шығару зауытының аумағында жұмыссыз азаматтарды 12 техникалық мамандықтар бойынша оқыту орталығы ашылда. Жұмыс істеймін деген азаматтар бетоншы, электр жабдығын жөндеу, техникалық қызмет көрсету жөніндегі электрик, кран машинисі, физикалық және экономикалық сынақтар бойынша лаборант, электр газбен дәнекерлеуші, техник (QD контроллері), бетоншы (бетон араластыру цехының операторы), бетоншы (жылу-ылғалды өңдеу операторы) мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, қауіпсіздік, қаржылық сауаттылық, медициналық сабақтар өткізіледі. Бұл оқу орталығы Алматы облысындағы бірден-бір оқу орталығы болып табылады, онда студенттерді білім алған соң жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. «Фирма БЕНТ» зауытының оқу орталығы жұмыссыздарды жоғарыда аталған мамандықтарға оқыту үшін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кәсіпорнындағы бос жұмыс орындарының тапшылығын жояға арналған арнайы орталық. Оқу ұзақтығы – 3 ай. Барлық оқу процесінде студенттер жеке оқу материалдарымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Оқушылардың теориялық сабақтарда алған білімдерін тиянақтау және іс жүзінде толықтыру үшін практика тікелей өндірісте жүзеге асады. Оқыту курсын аяқтаған соң студенттерге белгілі бір кәсіпті тағайындаумен белгіленген үлгідегі сертификат беріледі. Зауытта қызметкерлер үшін барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, жұмыс уақыты 2 ауысымнан тұрады: 1-ші ауысым 08:00-ден 20:00-ге дейін, 2-ші ауысым 20:00-ден 08:00-ге дейін. Сондай-ақ зауытта медициналық кабинет, асхана, демалыс орындары, алыстан қатынайтын жұмыскерлер үшін арнайы жатахана, 4 бағыт бойынша тасымалдау қарастырылған. Жалақы 2 бөліктен: 75% негізгі жалақы және 25% айлыққа ай сайынға үстемақыдан тұрады. Кәсіпорын жұмыскерлерін 3 мезгіл тегін ыстық тамақпен және әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 600-ден аса қызметшілер жұмыс атқарады. Бүгінде «Фирма БЕНТ» зауыты өздерін жаңа жұмыскерлермен қамтуға дайын. Толығырақ info@bent.kz сайтынан біле аласыздар!
Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ