Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыСпорт

ІЛЕ АУДАНЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ӨТТІ

30 маусым күні Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылының орталық стадионында алғаш рет футболдан «Алматы облысы әкімінің кубогі»  облыстық турнирі өтті. Жарысқа 9 команда,160  спортшы қатысты.

Турнир Іле ауданындағы жасөспірімдер спорт мектебінің стадионында өтті. Игі шара тұңғыш рет Алматы облысы әкімінің кубогіне арналып отыр. Аяқ доп додасына облысымыздың Қонаев қаласы мен жеті ауданынан 8 команда сурыпталып келіп сайысқа сап түзеді.  Әлем Европа чемпионатымен қатар ту көтерген облыс біріншілігін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы келіп ашып берді. Жиынға Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев та спортшылардың өнерін тамашалап қатысып, қайтты.

«Бүгінгі басталған спорттық жарысымыз Европа кубогімен бірге жүріп жатыр. Бізден де болашақта сондай үлкен ареналарда ойнайтын спортшылар шықса деймін. Бізде Алматы облысы бойынша спортшылары Париж олимпиадасына 5 адам жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік»,  — деді облыс әкімі.

Әуесқойлар арасындағы алғашқы кездесу Іле мен Жамбыл ауданы жастары арасында өтті. Қос тараптың да дайындығы мығым, алаң иелері намысты қолдан жібергілері келмей барын салып додалы ойын көрсетті.  Төрешілер әр таймға 25 минут уақыт белгілеген. Алғашқы тайымда 1:1 есебімен екі жақ тең түсті.

Іле ауданы құрамасының жаттықтырушысы Дәулетбай Сабыров ойын барысы туралы: «Екі команданың да дайындықтары жақсы. Бір-бірімен ойнап жүрген командалар. Қазір алғашқы тайм аяқталды. Есеп 1:1. Енді екінші таймда қайсысының физикасы мықты солар жеңеді деп ойлаймын. Жарыс керемет өтіп жатыр», — деп пікір білдірді.

Аталмыш спорт мерекесі облыстағы бұқаралық спорт түрлерін барынша дамытуға бағытталып отыр.

Турнир қорытындысы бойынша 8 өңірден келген аяқ доп шеберлері арасынан жүйріктің жүйрігі атанып, 500 мың теңге көлемінде сыйақыны Қонаев футболшылары, екінші орынды 300 мың теңге сыйақымен Кеген жастары, Іле ауданы жүлделі үшінші орынды иеленіп,  200 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

Жарыстың өтуіне Іле ауданы әкімдігі мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы,   «Алатау жастары» ұйымы үлкен үлес қосты. Еске салсақ, «Алатау жастары» Алматы облысы Ардагерлер кеңесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, бұдан бөлек, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастар саясатын жүргізу бағытында қызмет етуге мақсат қойған ұйым.

Айта өтелік, аталған турнир футбол маусымының ашылуы мен алдағы уақытта барлық аудандарда өтетін футбол жарыстарының бастауы болды.

 

 Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button