Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғамМәдениет

АУДАН АРХИТЕКРУАСЫНЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

Архитектура, сәулет өнері – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері. Архитектура латынша «archіtectura», ал грекше «аrchіtekton», яғни құрылысшы деген мағынаны білдіреді. Архитектура туындылары адамның күнбе-күнгі тіршілік ортасын қалыптастырады. Олар: әр түрлі қажеттіліктерді атқаруға арналған және адамның эстетикалық талғамына жауап бере алатындай болып салынған тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, өнеркәсіптік кешендер. Сәулет өнері – техниканың, ғылымның және өнердің тоғысқан жері.

Адамзат баласы көне заманнан бастап құрылыспен айналысқанына тарих куә. Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында құрылыс ерте дәуірлерде басталған. Жетісу мен Шу бойы, Сыр жағалауы, Арыс пен Талас өзендерінің бойы, Ұлы Жібек жолының өн бойында өркениет пен ежелгі қала мәдениеті дамып, бірегей сәулет өнерінің туындылары бой көтерді. Уақыт ізін айшықтауға келгенде сәулет өнерінен асқан құдіретті дүние жоқ. Қара жерге қазық болып қағылып, тау боп төселген ғимараттар салынған дәуірінің тыныш-тіршілігі мен арман-мұратынан, қилы тағдырынан сыр мен шежіре шертер нағыз дерек. Сол дәуірдің ғимаратына қарап-ақ, уақыт лебі мен тарих желісін, өркениет мәнін түсінуге болады. Сәулетшілік өнердің өрісі кең. Ақ қағазға айшықтала түсетін сан түрлі жобалардың сызбалары тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени дамуында, сәулет құрылысында айрықша маңызға ие екендігін ескерер болсақ, бұл аталған мамандық иелерінің шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігін де айқындайды. Жылма-жыл халық саны еселеп артып келе жатқан ауданда бой көтерген жаңа нысандар көп. Солардың әрбірінің заңдық талаптарға сай орналастырылып, сән-салтанатымен салынуына сәулетшілердің сіңірер еңбегі орасан зор. Аудынымдың өркендеп, даму жолында жұмыс атқарып келе жатқан, заманауи ғасырдың тарихта қалдырар ізінің дәлелі болатын ауданымыздың сәулет құрылысына жауапты жуырда өткен Сәулетшілер күні қарсаңында сонымен қатар Сәулет бөлімінің бүгінгі ахуалын білу мақсатында, Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкері Дулат Қайсарбекұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Дулат Қайсарбекұлы, қайырлы күн! Өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Қай жақтың тумасысыз? Отбасыңыз?

– Мен, Мұратқан Дулат Қайсарбекұлы Жамбыл облысы  Қордай ауданы, Қордай ауылының тумасымын. Үйленгенмін, 2 балам бар.

– Сәулет саласындағы еңбегіңіз қалай басталды? Жұмыс өтіліңіз қанша жыл?

– 2015 жылы Геодезия және картография маманы бойынша жоғарғы оқу орынын бітіріп геодезист болып жұмыс істедім. 2022 жылы Іле ауданы Сәулет және қала құрылысы бөліміне жұмысқа орналастым. Бүгінгі таңда осы сала бойынша ауданымыздың Сәулет және қала құрылысы бөлімінде қызмет атқарып келемін.

– Дулат Қайсарбекұлы, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі жұмысының негізгі міндеті қандай?

– «Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ Іле ауданы аумағында сәулет және қала құрылысы саласындағы басшылық пен бақылау – қадағалау функциялары мен атқарушы  қызметтерді жүзеге асырады. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген аудан аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын), селолық елдiмекендердiң бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiреді, аудан аумағында қала құрылысын дамыту схемаларын, сондай-ақ кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және өзге де ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және аудандық мәслихатқа бекітуге ұсынады, сонымен қатар, елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (аумақтық даму схемаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жобаларын іске асырумен айналысады.

– Ауданда әлеуметтік нысандарды жаңғырту, баспана салу құрылыстары қарқынды екенін білеміз. Осы жұмыстардың сапалы жүргізілуінде сала мамандарының еңбегі зор. Ендеше, осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

– Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.А.Смайыловтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» мектеп құрылысының 2024-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру үшін Өтеген батыр,  Байсерке, Әли, Казцик, Комсомол, Көкқайнар,  Жәпек батыр,  Екпінді,  Түймебаев ауылдары,  Боралдай кентінде «Жайлы мектеп» құрылысын жобалау және салу жоспары іске асуда.

Қазргі кезде Еңбек, Көкқайнар, Тілендиев ауылдары және Гейт Сити ауданында мектептер салынып жатыр. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен екі елді мекенде: 400 орындық Өтеген батыр ауылында және Боралдай ауылында 280 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі уақытта «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен Өтеген батыр ауылында 72 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы салынуда.

–  2024 жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындыланды. Алғашқы алты айлықта қандай жұмыстар жүзеге асты?

– ҚР «Сәулет және қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында 2008-2023 жылдар аралығында Іле ауданының елдімекендерінің бас жоспарлары әзірленді және бекітілді.

Бүгінгі таңда облыс әкімінің 2021 жылғы 9 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында, оның ішінде әзірленген жол картасына сәйкес 2023 жылы Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша 5 елді мекеннің Казцик, Көкқайнар, Жәпек батыр, Байсерке ауылы, Қосөзен ауылдарының бас жоспарлары (түзетулер) 88 саяжай аумағын қоса алғанда әзірленді және бекітілді. Сонымен қатар Тілендиев, Қоянқұс, Жаңаталап, Жайнақ ауылдарының бас жоспарлары бекітілді.

Қазіргі уақытта барлық бекітілген материалдар Іле ауданының жер қатынастары бөліміне елдімекендер шекарасын белгілеу үшін жіберілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Алматы облысының Сәулет Басқармасымен 2024 жылға Іле ауданының келесі елді мекендерінің саяжай массивтерін қоса алғанда  бас жоспарларын егжей-тегжейлі жоспарлау, жобаларын  әзірлеу жұмыстары басталды:

«Қараой, К.Әзербаев, Ақсай, Өтеген батыр, Қарасу, М.Түймебаев, Байкент, Екпінді ауылдарының  барлығы 30 саяжай массивтерімен бас жоспарларын әзірлеу» және «Түймебаев ауылының оңтүстік бөлігіне және оңтүстік батыс бөлігіне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу» жұмыстары жүргізілді. Ашық конкурс өткізілді, мердігерлер анықталып, қазіргі кезде  қала құрылысы құжаттарын әзірлеу үшін жобалау мекемелерімен бастапқы құжаттарды жинақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Тағы айта кетер болам, «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы №432 Жарлығына сәйкес Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар Алатау қаласы санатына жатқызылды және оған Іле ауданына қарасты Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап елдімекендерінің аумақтары және олармен бірге Байсерке ауылдық округінің аумақтары және «Гейт Сити» қалашығының аумағы енді.

– Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты және Іле ауданы Прокуратурасының наразылығына, сонымен қатар  2021 жылғы 9 желтоқсандағы  «Саяжай аумақтарының жол картасын әзірлеу туралы (Стратегиялық жоспар)» облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі таңда елдімекендердің барлық жоспарлары жаңартылуда. Осылайша 22 елдімекеннің 5 елдімекенінде саяжай аумақтарын қоса алғанда бас жоспарлармен қамтамасыз етілген, 8 елдімекенге 30 саяжай массивімен Алматы облысының сәулет және қала құрылысы Басқармасының тапсырмасына сәйкес бас жоспарларды әзірлеуге кірісті.

– Дулат Қайсарбекұлы, өзіңізге белгілі, бүгінде барлық саланың жұмысы цифрландыру бағытына көшкен. Мұның тұрғындарға тиімді тұсы көп. Бүгінде аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан электронды жүйеде қандай мемлекеттік қызметтер көрсетіледі?

– Іле ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі бекітілген мемлекеттік   қызмет  көрсету   Реестріне  (тізіміне)   сәйкес келесі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

  1. Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру
  2. Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну.
  3. Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу .
  4. Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру.

– 2023 жылдың мамыр айы мен 2024 жылдың мамыр айына талдау, салыстыру жұмыстарын жүргізу барысында  мемлекеттік қызмет көрсету.

–  2024 жылы айтарлықтай осы мемлекеттік қызмет көрсетудің өсуін көрсетті.

– 2023 жылдың 5 айында жеке және заңды тұлғаларға жылжымайтын мүліктің мекен жайын анықтау бойынша 1604 анықтама берілген, 2024 жылдың 5 айында 2420 анықтама берілді.

– 2023 жылдың 5 айында жеке және заңды тұлғаларға 2859 сәулеттік жоспарлау тапсырмасы  берілген, 2024 жылдың 5 айында 4125 СЖТ берілді.

– 2023 жылдың 5 айында жеке және заңды тұлғаларға 1704 эскиздік жоба келісілген,.  2024 жылдың 5 айында 2023 эскиздік жоба келісілген.

– 2023 жылдың 5 айында жеке және заңды тұлғаларға 115 объектіні бұзуға рұқсат берілген, 2024 жылдың 5 айында 250 объектіні бұзуға рұқсат берілген.

Бұл көрсеткіштер халықтың мемлекеттік қызметтер алуға қажеттілігін және бөлімінің осы қызметтерді бергені үшін жауапкершілігін дәлелдейді.

– Дулат мырза, халыққа ең қажеттісі баспана екені баршамызға аян. Өңірімізде тұрғын үй алу үшін кезекке тұрған азаматтардың саны да аз емес. Осы орайда ауданымызда тұрғын үй салу жұмысы қаншалықты қарқынды жүріп жатыр?

– Ағымдағы жылы жеке кәсіпкерлер есебінен келесі тұрғын үй кешендерінің құрылыстары жүргізіліп жатыр:

– «Сапфир Инвест» ЖШС-ның тапсырысы бойынша Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы, Жансүгіров көшесі, №90 мекенжайындағы «Көпқабатты тұрғын үй кешені, әкімшілік-тұрмыстық, халыққа қызмет көрсету орталығы құрылысы» 4 блокты 9 қабатты тұрғын үй кешені салынуда.

– «Del Construction»  ЖШС-нің тапсырысы бойынша, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кенті, «Водник» ықшам ауданындағы  «16 кешенді көпқабатты тұрғын үйі құрылысы» салынуда. Қазіргі уақытта 3 блоктың каркасы тұрғызылып жатыр, 2 блоктың  іргетасы  қаланған. Ағымдағы жылдың қараша айында жалпы аумағы 8 800 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

– «ЖК Галамат» ЖШС-ның тапсырысымен, Боралдай кенті, «Водник-2»  ықшам ауданындағы  «1 көпқабатты тұрғын үйі кешені» құрылысы жүзеге асуда.

– Азаматтарды баспанамен қамтуда жер теліміне инфрақұрылым жүргізу де үлкен рөл атқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Жер кезегі жылжып жатыр ма?

– ҚР Жер Кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беруге сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі.

Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елдімекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтініш хаттары) арнаулы есепке алынады және бөліп беруге арналған алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады.  Өкінішке орай, қазіргі уақытта ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес алдын ала сақталған, инженерлік желілермен қамтылған бос алаңдардың болмауына байланысты жер кезегі жүргізіліп жатқан жоқ.

– Бүгінде ауданымызда білім ордаларының саны артып келеді. Оның үстіне, күрделі жөндеуді күткен ескі мектептер және жөндеу жұмысы бітпей жатқан мектептер тағы бар. Көп көкейіндегі осы мәселелерді шешуге нақты қандай қадамдар жасалуда?

– Бүгінде аталмыш жағдай ауданымызда өзекті болып отыр. Мәселелерді шешу мақсатында тапсырыс берушілер «Іле ауданының білім бөлімі» және «Іле ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемелерінің тапсырысы бойынша қарастырылады және мемлекет есебінен қаражат бөлінген жағдайда жүзеге асырылады.

– Сәулетшіге білім керек пе әлде талант болуы керек пе?

– Міндетті түрде білім керек, оқу керек. Талпынған адам әрдайым мұратқа жетеді. Бүгінде зәулім ғимараттардың бой көтеруіне септігімді тигіземін, сәулетші, дизайнер боламын деп ниет білдірген жастар үшін мүмкіндік көп.

– Қазір жаңадан салынған құрылыстардың сапасына көп сын айтылады. Сапаны қадағалау жағына да тоқталып кетсеңіз.

– Объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жобалау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, түрлендіру және кейін кәдеге жарату, сондай-ақ объектінің сәулеттік келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегi жұмыстарды тек рұқсат ету рәсiмдерiнен өтудiң заңдарда белгiленген тәртiбiне, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру меншік иесінің яғни тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер), техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің құзіретінде.

– Техникалық қадағалау – орындалған жұмыстың сапасын, мерзiмiн, құнын, қабылдап алынуын және объектiнiң пайдалануға берiлуiн қоса алғанда, жобаны iске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалауды жүзеге аырады.

Құрылыс сапасын қадағалау Іле ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің құзіретіне жатпайды.

– 2 шілдеде өткен әлемдік сәулетшілер мерекесі қарсаңында әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңіз?

– Сәулетші болу ер азаматтарға ғана лайық мамандық тәрізді көрінетін. Шын мәнінде, ол шығармашылық ізденіс пен ерен еңбектің шыңы саналады. Тәуелсіз еліміздің тарихында қаншама ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынуда десеңізші?! Соның әрбірінде сәулетшінің қолтаңбасы қалып жатады. Сондықтан, жауапкершілігі мол салада еңбек етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектерінің жемісін көруін тілеймін!

– Сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіре отырып, ауданның көркеюі мен гүлденуіне, тұрғындардың талап-тілегінің дер шағында орындалуына жұдырықтай жұмыла еңбек сіңіріп жүрген сәулетшілер еңбегінің ақталып, абырой биігінен көрінуіне тілектестігімізді білдіреміз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button