АУДАНДЫҚ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Бақытты, берекелі отбасы – еліміздің басты байлығы. «Отан – отбасынан басталады» деп, отбасы құндылығы мен татулығын, отбасы бақытын ерекше бағалаған халқымыз отбасы институтын, адамгершілікті, нығайтып, ерлі-зайыптылықтың маңызын және ата-аналардың бала тәрбилеудегі жауапкершілігін арттырып жүрген, отбасылық құндылықтарды, қазақстандық отбасының жағымды имиджін кеңінен насихаттап жүрген аға буынның тәлімін жас отбасыларға үлгі етіп, 2013 жылдан бастап жыл сайын «Мерейлі отбасы» сайысы ұйымдастырылып келеді. Биыл да «Мерейлі отбасы – 2024» байқауы жарияланып, 15 мамыр – 15 маусым аралығында округтік іріктеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ауданымыздағы 9 округтен іріктеліп шыққан сегіз отбасы аудандық конкурсқа қатысу үшін құжат тапсырды. Конкурсқа негізінен еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер, зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар қатысты.
Шілде айында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институты мәртебесін көтеруге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауын өткізуді ұйымдастыру жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өткізілді. Комиссия құрамында «Іле ауданының Ішкі саясат бөлімі» ММ бас маманы Айгерім Алимова, «Мерейлі отбасы – 2023» Ұлттық байқауының жеңімпазы Нұрлан Түймелиев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мейрамгүл Жабиева, аналар кеңесінің мүшесі Топарова Баян, «Іле мұрагері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құрманжанова Қымбат Құрманбекқызы мен аудандық БАҚ өкілі қатысты.
«Іле ауданының Ішкі саясат бөлімі» ММ бас маманы А. Сансызбайқызы комиссия отырысын ашып, «Үкіметтің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ауданда жүзеге асырылуда. Адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық байқаудың маңызды аспектісі – оның тәрбиелік қызметі. Қатысушылар өздерінің дағдылары мен таланттарын көрсетіп қана қоймай, мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа сақтауға және беруге ықпал етеді» — дей келе, конкурстың мақсатымен таныстырды.
2023 жылғы байқау жеңімпазы Н. Лесұлы бұл байқауға қатысудағы басты ұстанымдар туралы айтып, байқауда жүлдеге қол жеткізу үшін сенің тек белді қызметкер болуың, атақ-даңқың, кәсіби жетістігің басты рөл ойнамайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, отбасы құндылығы кемелденген, ата-әженің тәрбиесін көрген, қазақы ұлттық дәстүрді ұстанатын, көпбалалы отбасы мүшелерінің мерейі үстем болатынын атап айтты. Ал, М.Түйебайқызы «Бұл – төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр округтегі өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан ауданымызда береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты ата кәсіпке айналдырған азаматтардың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді». Алайда, бұл байқауға көбіне жас отбасылар қатысыпты. Жастардың белсенді қатысуы қуантады. Бірақ, бұл отбасы жайлы сайыс болғандықтан үйдің үлкендеріне де қатыстырса, жақсы болар еді, дей келе, отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты. «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасатын, сол қасиеттерді бойына сіңірген отбасы, тек сайыс үшін емес, күнделікті өмірде отбасы құндылықтарын қадірлейтін, жасандылықтан аулақ әулет қалыптастырудың басымдылығына тоқталды.
Басқосуда комиссия мүшелері отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институтын арттыруға бағытталған ұлттық байқауға бақ сынауға өтінім берген отбасылардың ішінен үздігін таңдау үшін құжаттармен және олардың бейнероликтерімен танысты.Облыстық кезеңге ұсынылатын үздік отбасыны айқындау кезінде отбасы мүшелерінің жетістіктеріне, отбасының өзіндік тарихы мен визит карточкасына, отбасындағы дәстүрлер мен жәдігерлерге, отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарына, ата-аналарының үлгі тұтарлық жетістіктеріне, отбасынан шыққан дарынды тұлғалардың болуына, отбасының тұрмыс-салты мен бос уақытын тиімді пайдалануы, қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлікке, қайырымдылыққа, меценаттыққа) қатысуына мән берді.
Шілде айының 17 жұлдызында аудандық «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының марапаттау рәсімі өтті. Марапаттауға «Іле ауданының Ішкі саясат бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы Әлішер Нұрасыл, «Іле ауданының Ішкі саясат бөлімі» ММ бас маманы Аубакирова Ардақ Ахметжанқызы, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шараны Ә. Нұрасыл ашып, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», – деді. Байқау қорытындысына сай, Өтеген батыр ауылдық округінің намысын қорғаған Саурықовтар отбасы І орынды қанжығасына байлады. Ащыбұлақ ауылдық округінен қатысқан Аблахитовтар отбасы ІІ орынды, қараойлық Карбозовтар отбасы ІІІ орынды бөлісті. Ал, Боралдай кентінің тұрғындары Шормановтар отбасы «Бас жүлдені» иеленіп, облыстық байқауда Іле ауданының намысын қорғайды. Жеңімпаз отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Өз тілшіміз