Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚараой ауылдық округіҚоғам

МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

«Егер ертеңгі ұрпақтың дені сау болсын десеңдер, бізге көмек беріңдер». Бұл – Нұрғиса Тілендиев тұрғындарының жан айқайы. Талай жылдар бойы он шақты ауыл халқын сергелдеңге салдырған кәріз су мәселенің түйіні әлі де өз шешішімін табар емес. Ашынған ауыл тұрғындарының сұрауымен, «Республика» Партиясының ұйымдастыруымен 12 шілде күні Іле ауданына қарасты Н.Тілендиев ауылында ауқымды жиын өткізілді. Мәселені жан-жақты талқылауға жауапты министрлік өкілдері, Мәжіліс депутаттары, облыс әкімдігі мен сала мамандары және БАҚ өкілдерінің қатары жиналды.
1974 жылы салынған барлық кәріз су жиналатын құбыр осы Н.Тіленидев ауылында орналасқан. Оған Алматы, Қаскелең, Талғар және тағы бірнеше аймақтардың кәріз қалдықтары жиналады.
Даудың басы – осы кәріз қалдықтарының жүйелі түрде тазаланбауынан туындаған жағымсыз иіс. Кәріз суы жиналатын орындардан шыққан қолқаны қабатын иіс Іле ауданына қарасты ондаған ауылға тарайды. Бұл аймақтарда қазіргі таңда бас-аяғы 120 мың адам тұрады. Жауапты тұлғаларға өз наразылығын айтуға келген Қосөзен, Қараой, Рахат, Байсерке және Нұрғиса Тілендиев ауыл тұрғындарының сөзінше, 2020 жылдан бастап ауыл белсенділері мәселеге қатысты түрлі құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған.
– Біз 2020 жылдан бастап әртүрлі құзырлы органдарға шағымдарымызды жолдап, тіпті экология министріне дейін сараптама нәтижелерін жібергенбіз. 2022 жылы тексеру барысында айыппұл салынғаннан кейін біраз азайған еді. Енді бұл мәселе қайта бой көрсетіп отыр. Әсіресе жауынды күндері есік-терезелерді ашу тіптен мүмкін емес, — дейді ауыл тұрғыны Айнаш Аккалиевна.


120 мыңнан аса үстіне халқы бар елдімекендерді жайлаған бұл жағымсыз иіс нағыз экологиялық апат екенін тұрғындар алға тартуда.
«Бұл лас ауамен бірінші болып Ашыбұлақ, Төле би, Жәпек батыр, артынша Алма саяжайынан бастап Тілендиев, Қосөзен, Қараой, Байкент ауылдары тыныстайды. 120 мың тұрғынжағымсыз иіспен тыныстап, небір ауруларға шалдығып жатыр. Бұл бірнеше елдімекенді жайлаған нағыз экологиялық апат. Н.Тілендиев ауылына көшіп келгеніме 3,5 жыл болды. Содан бері мүкіген иістен көз ашпадық, ал менің алдымда 15 жылдан бері зардап шегіп жатқан тұрғындар да бар.
Тұрғындарды мезі қылған жағымсыз иістің өршіп, қазіргі күйге дейін жетуі ауыл белсенділерінің сөзінше, «Алматы су» мекемесінің жауапсыздығынан туындап отыр.
– «Бұл мәселемен күресу үшін 2 жыл бұрын Алматы су басшысымен кезіккен едік. Алайда ол да өзге әріптестері іспетті іс бастаймыз деп құр уәдемен тойдырып жібереді. Қазір, міне, баяғы жартас сол жартас, жасалып бітпейтін, тексерістен өтпейтін айтатындары бір проект. Тазалау жұмыстары да жыл сайын өткізілу керек. Бірақ 3 жыл ішінде ол жұмыстар да тыңғылықты деңгейде жүргізілмеген. Бұл тұста бір шикілік бары анық» — дейді, мәселенің басы-қасында жүрген ауыл азаматы Тағабай Құнанбайұлы. Ал «Алматы су» мекемесінің директоры Досжан Камалұлының сөзінше, жоба санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың келісімін күтуде. Жаңа құрылғыны орнату үшін проект жобасы экспертизадан өтпей жатқан көрінеді. СЭС сараптамасының нәтижесі бойынша тұрғын үйлер жаңа станцияға жақын орналасқандықтан, сол себепті санитарлық нормалар сақталмаған деп шешім шыққан.
– «Біздегі жобаны іске асыру үшін санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың келісімін ғана күтіп отырмыз. Жоба толық жүзеге асса, ауаға бөлінетін жағымсыз иіс пен улы заттардың мөлшері едәуір азаяды».
Алайда тұрғындар аталған жоба 2023 жылдың тамыз айында бекітіліп қойған деседі. Басшылық тек бюджеттен қаражат бөлінуін күтіп отыр деп хабарлаған.


Өз сөзінде, жауапты маман жаңа технология қашан жүзеге асатынын нақты айта алмады. Ал СЭС мамандары тиісті рұқсат құжаттары шикі екенін айтып әлек. Бір-біріне сілтеген мамандар бір байламға келе алмады.
Жүгенсіз кеткен «Алматы су» мекемесінің басшыларына айыппұл салудан басқа ешқандай шаралар қолға алынбағанын айтқан тұрғындар, бұл мәселеге заң өкілдерін шақырып, сан рет сан соқтырған мәселенің байыбына жетуге бекініп отыр.
Ауыл тұрғындары бірнеше рет депутатқа диспансерлік есепте тұрған науқастардың санын білу үшін хат та жолдаған. Оған себеп ауада амиак, күкіртсутек газдары белгіленген мөлшерден жоғары көрсеткішті көрсеткен. Соның салдарынан ауылда бронхит, аллергия, астма ауруларымен ауыратын тұрғындар едәуір көбейген.
– «Мен ана болғандықтан, өз балаларым үшін алаңдаймын. Ауада денсаулыққа кері әсерін тигізетін қалдықтар мөлшерден тыс тарап жатыр. Әрине, билік өкілдерінің сөзінше, алдағы уақытта жобалар жоспарланып жатыр. Бірақ, бізге болашақ емес, бүгінгі күннің күнтізбесімен мәселені шешімін табуға ықпалдасатын әрекеттер, жобалар қажет. Біз ертеңгі күнмен өмір сүруден шаршадық» — дейді балаларына алаңдаған ауыл тұрғыны.
Ал Азамат Сәкенұлы отбасы мүшелерінің түрлі сырқаттан бөлек, небір дене жаралары мазалайтынын айтқан. Оның себебі елдімекенді сан тараптан жайлаған жағымсыз иістің салдары.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі де тұрғындардың сөзін растап жағымсыз иістен тыныс алу жолдарына зақым келетінін айтқан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитет басшысының орынбасары Зәурен Ахметова: «Соңғы үш жылда бізге осы ауылдың тұрғындарынан 6 арыз түсті. Осыған байланысты біз ауаға тексеру жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде 4% сынамадан аммиак, көмірсутегі мен азот дикосиді сияқты химиялық улы заттардың шамадан тыс жоғары екенін анықтадық. Сондай-ақ санитарлық аймақта бірнеше заң бұзушылық орын алғаны белгілі болды. Біз бұл туралы тиісті органдарға ескерту жасап, хат жібердік», — дейді маман.
Мәселені жетер жеріне әлі де жеткізе алмай келе жатқан тұрғындар аталған мекемелерге талай рет шағымданған. Бірақ халықтың жанайқайы сол күйі тыңдаусыз қалған.
Жиын барысында тұрғындардың шағымын естіген депутат Нүргүл Тау өз құзыретінің шеңберінде мәселені толық бақылауда ұстап, әрмен қарай онымен жұмыс істейтінін атап өтті.
Бірнеше сағатқа созылған жиын барысында мәселенің көкжиегі сол күйі көрінген жоқ. Тұрғындар Алматы қаласы әкімшілігі мен облыс әкімшілігі бір мәмілеге келсе, санитарлық нормаларды түзетсе, мәселенің алдын алуға болады деп есептейді. Жаңа жобаның қашан мемлекеттік сараптамадан өтіп, жүзеге асатыны белгісіз. Десе де, жиналғандар келер апта тағы бір жиын өткізуге уағдаласты.

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button