Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымМәдениетСпорт

ШАХМАТ – ЕКІ ОЙЫНШЫНЫҢ САНА ДЕҢГЕЙІНДЕ АЙҚАСУЫ

1966 жылдан бастап 20 шілде Халықаралық шахмат күні ретінде тойланады. Бұл мереке 1924 жылы құрылған Әлемдік шахмат федерациясы шешімімен бекітілген. Осы атаулы күнге орай ҚР еңбегі сіңген құрметті спорт қызметкері, КСРО спорт шебері, Іле ауданының Құрметті азаматы Құмарқажы Серікбайұлымен шахмат ойыны туралы әңгімелескен едік.

– Құмарқажы аға, әңгімемізді шахмат ойының тарихынан бастасақ.

– Шахмат ойыны алғаш рет XV-XVI ғасырларда Араб елінде тараған. Сол Араб әмірлігіндегі  жануарлардың түр-түріне қарай, шахмат тастарының атаулары қойылған. Әсіресе, елде піл жануары көп болғандықтап, тастардың бірі піл деп аталған. XVI және XVII ғасырларда шахматтың белең алуымен бұл ойын түрі алдымен Еуропаға, кейін Индия елдеріне тараған. Аталған жылдары елдер арасында алыс-беріс сауданың нағыз қайнаған шағы болғандықтан, шахмат ойыны бір мекеннен екінші мекенге қарқынды түрде беріле бастады. Ойынның атауына келер болсақ, алғаш шахматты жоғарғы лауазымды билер, патшалар ермек етіп ойнаған. Шығыс әлеміндегі билеушіні «шах», ал «матты» «құлау», «құлдырау» мағынасында қолданған.  Сол себепті ойын барысында жеңіске «мат» (Патшаны құлату) қол жеткізген. Парсылар, оның артынша арабтар шешуші қадам «шахмат» — «патша құлады»деп атап кеткен. Осылайша ойын өзінің заманауи атауын алды.

– Ал елімізде бұл ойын түрі қай жылдары белең алды?

– XIX ғасырда шахмат  Ресей мемлекетінде дами бастады. Еліміз КСРО құрамында болға кезде бұл ойын түрі бізге де жетті. Десек те, еліміздегі шахматтың дамуы Тәуелсіздік алған жылдардан кейін ғана қарқынды жүргізілді. 90 жылдардан бастап, елімізде Шахмат Федерациясы құрылып, әлемдік арнеға мықты ойыншыларымыз шыға бастады. Атап айтсам, 20 жасында әлемді мойындатқан менің тегіммен аттас шахматшы Сәдуақасов Дәрмен шахматтан ерлер арасында Қазақстанның бес дүркін чемпионы жәнне Азия чемпионы атанған. Бүгінгі таңда еліміздегі Шахмат федерациясын басқарып отыр. Қазақстанның әйелдер арасында ең жас гроссмейстері – Динара Сәдуақасова. Ол Әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында 1-орынды иемденген мақтан тұтар ойыншыларымыздың бірі. Жас буын да өз әпке-ағаларынан  қалыс қалып жатқан жоқ. Оның айқын дәлелі алты жасында өзінің алғашқы атағын жеңіп алған – Жансая Әбдімәлік. Жас ойыншы 2017 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанып, алтын медальді қанжығамызға байлатқан.  Осылай жас спортшыларымызды жіпке тізгендей атап беруге болады.

 – Ауданымыздағы шахмат ойынының ахуалы қандай?

– Қазір барлық облыс, аудан және шалғай ауылдарда шахмат үйірмелеріне үкімет қаражат бөліп отыр. Бұл сөз шахмат ойынының жақсы дамып жатқанының көрсеткіші. Оқушыларымыз тегін үйірмелерге қатысып, өз білктілігін шыңдауда. Біздің аймақтың өзінде №13 орта мектебінде, «DARYN» білім, шығармашылық және спорт орталығында шахмат үйірмелерін жүргізеді. Одан бөлек, Ащыбұлақ, Боралдай, Ынтымақ және өзге де ауылдық округтерде аталған ойын түрінен тегін үйірмелер ашылған. Өзім де сол ұйымдастырылған үйірмелерде сабақ беремін. Алғашында 24 лицей ашылғанда сол білім ордасында шахмат үйірмесін жүргіздім, сосын спорт мектебінде жұмыс істедім. Кейін Кенен Әзірбаев ауылында «Болашақ кемеңгер» жекеменшік мектебі ашылғаннан кейін, мені сол жерге шахмат үйірмесін жүргізуге шақырды. Қазіргі уақытта осы мекемеде жұмыс істеймін.

Аталған үйірмеге 50 шақты бала қатысады. Ойыншылардың жарыстарға қатысу нәтижесі жаман емес. Жүлделі орындарды иеленіп жүр. Алматы қаласында, облыс, аудан көлемінде өтетін түрлі турнирлерге оқушыларды апарамыз. Бір-екеуі жүлделі орындарға қол жеткізді.

 – Өзіңіз шахматқа қалай келдіңіз?

– Ақиқатына келсек, мен мектеп кезде жақсы оқитын оқушылар санатынан көрінбегенмін. Алайда жоғарғы сыныптарға өткен кездері математиканы менен жақсы шығаратын балардың қатары аз болды. Оған себеп,  5-6 сынып оқып жүргенімде әкем мен ағам күнде кешке шахмат ойнайтын. Мен ойнай алмайтындықтан, тек бақылаушы болып жандарында қарап отыратынмын. Солай-солай ойын барысын бақылау арқылы шахматты аздап үйрене бастадым.  Бірақ әкем мен ағамнан жеңіле беретіндіктен, өз ойыным онша қызық болмады. Жанымызда көрші түрған екі жігіт те шахмат ойнайтын. Күндіз солардың жанына барып, ойындарын қарап отыруды әдетке айналдырдым. Осылай үй мен көрші үйдің арасында бір айдай сандалып жүріп, шахмат ойнайды үйрендім. Үйренгеннен кейін әке жүріңіз шахмат ойнайық деп әкемді жеңдім. Осы ойнағаннан шахматты 11 сыныпқа дейін ойнап, облыстық, аудандық жарыстарға қатыстым. Сол кездері мен үшін ең жеңіл сабақ алгебра болды.  Мектеп қабырғасында 37 бала болсақ, соның ішінде үшеуміз ғана есепті жақсы шығардық. Айтайын дегенім, ең бастысы балада ойынға деген қызығушылық, ынта болу қажет. Сонда ғана бала шахматты әрмен қарай еңсеріп, алып кетеді.

 – Шахмат ойынының пайдасы қандай?

– Шахмат балалардың ақыл-ойына оң септігін тигізіп,  ойлау қабілетін жақсартады. Мидың дамуына және қарқынды жұмыс істеуіне ықпал етеді. Биологиялық тілмен айтқанда, шахмат ойнау барысында ойыншы түрлі тактикаларды ойлап жоспарлаған кездері, мидың дамымаған клеткалары ашылып, дами бастайды. Ол сәйкесінше адамның ойлау қабылетіне оң әсерін береді. Ал адамның ойлау қабілеті жақсарғаннан кейін, күрмеуі қиын мәселерді тез шешуге, оңай еңсеруге, жылдам қабылдауға бейімделеді. Шахмат дене тәрибесінен бөлек, интеллектуалды деңгейде баланың ой-өрісін жақсартып, жан-жақты дамуына көмектеседі.  Сонымен қатар, шахматқа қатысқан балалардың барлығы дерлік математиканы жақсы шығарады. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың ұстаздарымен сөйлессек, осы математикаға бейім екенін айтады.  Шахмат ойнау барысында достық қарым-қатынас та нығаяды.  Әріптесіңізбен араңыздағы түйіні шешілмеген мәселені екеу ара шахмат ойнау арқылы ортақ мәмілеге келуге болады.

– Ойыншы ретінде шахмат ойынына қандай баға бересіз?

Шахмат бір қарағанда жеңіл ойын ретінде көрінгенімен, шынтуайтына келгенде өте күрделі ойын. Ол екі ойыншының сана деңгейінде бір-бірімен айқасуы.

Мәселен, дойбы ойнаған кезде, бір-екі қадамды ғана алдын ала ойлайсыз. Ал шахмат ойнында бүкіл ойын барысын, 10 қадам алдын жоспарлап отыру қажет. Тек ойын барысын ғана емес, қарсыласыңның қандай тактиканы ойлап отырғанын, қай таспен жүретінін, не себепті ондай жүріс жасағанына дейін білуді қажет етеді.

Шахмат барысында мат қоюдың әдісі өте көп, тіптен миллион түрі бар десек те, артық айтпаспыз. Ол әдістердің түбіне әлі де жеткен адам жоқ. Ойын алғаш келген балаларға оңай көрінуі мүмкін. ебебі балалар бастапқы кезеңде тек жүруді, тастарды қалай жеуді үйренеді. Бірінші жылы мат қоюдың бір әдісін, екінші жыл екінші әдісін деп түрлі тактиканы үйренген сайын ойын күрделеніп, ойыншы үшін шахматтың жаңа қырлары ашыла бастайды. Ойын барысы сонысымен қызық. Жүру деген бөлек, мат қою деген бір бөлек.

 – Өз тәжірибеңізде шахматты үйрету барысы қалай жүзеге асады?

– Шахматты  ойынның қыр-сырын білетін арнайы мамандарға барып үйренген абзал.  Олар баланың қызығушылығын жоғалтып алмас үшін өз методикаларымен ойын барысын үйретеді. Мәселен, өз басым үйірмеде келген балалармен ең алдымен ойын тақтасымен, тастармен таныстырып, тақтадағы әріптер мен сандарды жаттатудан бастаймын. Кейін олардың атауларын жаттағаннан кейін ғана, тастардың жүрісін және олардың өзіне тән ерекшелігін үйретемін. Мысалға, Пешкінің күші бір пешкіге, ладьяның күші бес пешкіге, ал аттың күші үш пешкіге тең деп салыстыра жаттатамын. Балалар әр тастың құнын білу қажет. Ойын барысын оқушыларға тез үйрету үшін ойнатудан гөрі, есеп көп шығартуға басымдылық беремін. Бұл тұста, есеп деп отырғаным бұл математикалық есеп емес, тастардың жүрісіне қатысты есеп. Бір қадаммен жол ашатын жүрістер бар, соларды жасырып балаларға есеп ретінде беремін. Олар ойланып, қай тастың жүрісі екенін табады. Үйірмеде осындай жүрістердің жүз елуге жуық есебін дайындадым. Сол жүрістер арқылы олар мат қоюға дағдыланады. Жүрістерді меңгергеннен кейін, өздері есепсіз жүруге дағдыланып, әрмен қарай өз тактикаларымен ойнайды.

 – Жаттықтырушы тәжірибеңізде ерекше дарынымен көзге түскен оқушылар болды ма?

– 2024 жылы оқу жылында үйірмеге жазылмаған 1 сынып оқитын кішкене қвз бала көзіме ілікті. Егер осы қызды дайындасам, бұл баладан бір нәрсе шығады-ау деп ойладым. Арасын суытпай бірден ата-анасымен сөйлестім. Олар баланы 6 жастан мектепке бергендіктен, қызға ойлау, шахмат ойнау қиын болатынын айтып, сабағына үлгермейді деп аяқ тартқан. Бірақ мен керісінше, ойынның балаға оң әсерін айтып, ата-анасын шахматқа беруге көндірдім. Оқушыны өзім дайындап, ойынның қыр-сырын үйреттім. Абад Айша баланың шахматқа деген қызығушылығы ашылып, үйірме болмаған күндері, қоңырау кездері де келіп, шахмат ойнауды сұрайтын. Сол Абад Айша деген қыз өз қатарластарының барлығын жеңіп келе жатыр. Одан бөлек, 3 сынып Серікқұл Елжас, Бақыт Арнұр сынды оқушыларым да бірінші орынды бермей келеді.

 – Ізіңізден еріп, ісіңізді жалғаған балаларыңыз немесе немерелеріңіз бар ма?

– Менің үш балам бар. Тұңғыш ұлым Серік – жоғары оқу орнын тәмамдаған, әскери көпсайыстан, 148 жүзуден спорт шебері. Үйдің екіншісі Ерлан – қол күресінен екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, спорт шебері. Үйдің кенжесі Руслан – грек рим күресінен спорт шеберіне үміткер. Алты немерем бар олар: Сұлужан, Жасмин, Бексұлтан, Алихан, Байбек, Азим. Соның ішінде екеуі осы шахмат үйірмесіне қатысып, ойынға деген қызығушылығын білдіруде. Екі немерем де кешкі уақыттары мені шақырып, шахмат ойнауға үйір. Алдағы жылдары олардан жақсы ойыншы шығады деген үміттемін.

 – Мемлекет тарапынан шахмат әлеуетін көтеру үшін қандай жоспарлар атқарылу қажет деп есептейсіз?

– Қазір мектеп қабырғасында дене шынықтыру сабақтары үш сағат өткізіледі. Соның тым болмағанда бір сағатын осы шахмат ойнауға арнаса деген ұсынысым бар. Балалар онсыз да күніге далада жүріп, дене шынықтырады. Одан да оның бір сағатын қиып, баланың ителлектуалды дамуына ден қояйық. Денені шынықтыру, сөзсіз, маңызды, бірақ миды да түрлі ойындармен жаттықтыру артық етпейді.

Шахмат жарыстарының санын көбейтсе деймін, себебі басқа спорттық ойындардың шаралары әр мейрам сайын ұйымдастырылады, ал шахмат турнирлері әсіресе жастар арасында аз көлемде ғана өткізіледі. Ойын жарысы көбейген сайын, ойыншылардың да ойнау қабілеті арта түседі.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Айта өтелік, Құмарқажы Серікбайұлы тек шәкірт тәрбиелеп қана емес, өзі де спорттан қол үзбеген азаматымыз.  Ол ардагерлер арасында суға жүзуден 4-дүркін, Президенттік көпсайыстан 2-дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Өз еңбек жолында «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Чернобыль АЭС 30 жыл» медалімен марапатталып, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігінің, Қазақстан туризм және спорт академиясының, Алматы облыс әкімінің, Алматы облыстық білім басқармасының, Алматы облыстық спорт басқармасының, Алматы облыстық кәсіподақ бірлестігінің, Республикалық ардагерлер және қоғамдық бірлестігінің, Іле ауданының көптеген сайыстарында бой көрсеткені үшін мақтау қағаздарын алған спорт саласына еңбегі сіңген елеулі тұлға.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button