Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБайсерке ауылдық округіБасты ақпаратҚоғам

БАЙСЕРКЕ ТҰРҒЫНДАРЫН ӘЛЕККЕ САЛҒАН МӘСЕЛЕ

«Мемлекет бір бөлек, халық бір бөлек өмір сүретін іспетті».

Ауыл тұрғындары

25 шілде күні Байсерке ауылдық округінде аудандық мәслихат депуттары С. Данашұлы мен Б. Базарбаеваның қоғамдық қабылдауы өтті. Ауыл әкмішілігінде ұйымдастырылған шараға ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысып, күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмеген мәселердің жай-жапсарын баяндады. Тұрғындардың шағымын  қос депутаттан бөлек, Байсерке ауылдық округі бойынша  ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамит Ерсұлтанұлы да тыңдап, өз төрелігін айтты.

Жиын барысында Байсерке тұрғындарын әуре-сарсаңға салған бірнеше мәселенің ұшы көрінді. Оның біразы жарық, су, жол мәселелеріне келіп тірелсе, екіншілері саяжай коопертивінің заңсыз әрекеттеріне тойған бір топ адамдардың жан айқайына ойысты.

Ауыл тұрғындарының сөзінше,  электр қуатының себепсіз өшуі қарапайым халықты әбден әбірге салған. Оның себебін не ескі құрал-жабдықтан, не ауа-райының қолайсыздығынан көре алмай отыр. Неге десеңіз, электр желілері мен құрылғыларының барлығы дерлік жаңалансада, жарық ауа-райы ашық күндері де шорт кесіліп, араға бірнеше сағаттар салып қана қайта жанатын көрінеді.

– Ауылымызда жарықтың бір күнде 7-10 рет өшкен кездері болған. Тіпті, жел, жаңбыр болмаған кездің өзінде, кез келген уақытта өшіп қалып бізді талай әлекке салды. Әсіресе күннің ыстығында электр қуатынсыз отыру тіптен мүмкін емес. Тоңызытқыштағы азық-түлігіміз жарамсыз болып, не газ қоса алмай, не ыстық су қолдана алмай отырмыз — дейді ауыл тұрғыны Раушан Дасканаева.

Жарық мәселесі тұрмыстық қолайсыздық тудыруымен қоса, тұрғындардың қалтасын қағып жатқандығы да бар. Электр қуатының тұрақсыздығы техникалық жабдықтардың бірінен соң бірін істен шығарып, тұрғындарды үй жабдықтарын жөндетуге немесе несиеге қайта рәсімдеп алуға мәжбүрлеп отыр.

– Жарықтың өшіп-жана беруінен үйіміздегі тоңазытқышымыз, үтігіміз, жаңадан алған техникамызға дейін күйіп кетті. Бұл мәселе менде ғана емес, Байсерке ауылының әр тұрғынынан сұрасаңыз, жарықтың өшуі қосымша шығын келтіріп отырғанын жіпке тізгендей айтып бере алады. Бұл жарық өшуіне себепкерлердің бірден-бірі АЖК деп есептеймін. – деп Динар Марденова АЖК жұмысына күмәнмен қарайтынын жеткізді.

Жекеменшік ұйымдар қатарының көбеуі де тұрғындарды алаңдатып отыр. Тұрғындар олардың заң шеңберінде және адамгершілік аясында қызмет етерінен күдіктенетінін жасырмайды. Мәселенің түп төркіні, тұрғындардың айтуы бойынша, осы АЖК-да жатыр.  Тұрғындар, электр қуатын тұрақтандыру үшін ауылдағы барлық үйді бір ғана құрылғыға жалғамай, аймақ-аймаққа, көше-көшеге бөліп жалғауда ұсынып отыр. Себебі, ауылдың басындағы бір үйдің жарығы өшсе, бүкіл ауылдың жарығы қоса өшеді. Ауыл адамдары бұл схеменаның кімге де болса қолайсыз екенін айтып әлек.

Байсерке тұрғындарын сергелдеңге салған жарықтан бөлек су мен жол мәселесі тағы бар.

Жарықтың машақаты қандай болса, судың да халі сондай деп налыған тұрғындар себепсіз өшірілетін судың байыбына жете алмағанын айтып наразы.

Динар Марденова жол мәселесі, тікелей халықтың қалтасынан шешіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, тұрғындардың шағымы еленіп, 5 көшені жөндеуге уәде берілген еді.

Алайда, айтылған сөз айтылған жерде сол күйі құры жаңғырып қалған. Бос сөзден жалыққан тұрғындар бір ауыздан қаржы жинап ауыл көшелерінің жолын өз күштерімен жөндеген.

– Бізге уәде берілген 5 көшенің орнына тек 1 көшеге ғана асфальт төселді. Оның өзінде асфальт қалыңдығы 5 сантиметрге жетер-жетпес. Көше жолдары ойық-шұңқыр. Жауапты тұлғаларға жол үсті ойық екенін айтсақ, оны 7 жылдан кейін жөндейміз деп жауап қатады. Амалдың жоғынан отын күлін, үй жөндеуге алған топырақ, тасымызды тасып тесіктерін өз бетімізше жамап, амалдап отырмыз.  Одан бөлек тұрғындармен 5000-10000 теңге көлемінде өз қалтамыздан қаржы жинап, Ж.Аймауытов, М. Дулатұлы, Салқам Жәңгір, М.Бәпиұлы көшелерінің жолын жасадық, – дейді ауыл тұрғыны.

Ауыл адамдары жауапты тұлғаларға Байсерке ауылының көше-көшелерін аралап, жол сапасын тексеруді сұрап отыр. Онсыз да қалтасы жұқа тұрғындардың қашанға дейін қалтасы қағыла бермек?

Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – «Даму» логистикалық орталық аймағынан шығатын жағымсыз иіс. Аталған аймақтан ауыл адамдарының сөзінше, лай иісті су шығып, Кіші Алматы суына қарай құятын көрінеді. Бұл қоспалы судың өзен суларға құюы нағыз экологиялық апат. Мәселеге қатысты «Даму» логистиккалық орталығы 5 тамыз күні арнайы су бағытын өзгертетін проектерін ұсынып, туындаған сауалдарға компания мамандары жеке жауап беретінін айтты.

Халық тарапынан қойылған кей сауалдарға нақты жауаптар да қайтарылды. Мәселен, жиын барысында тұрғындар жаңа құрылыс нысандарының жөндеу жұмыстары білім ордаларына қарай ығысып бара жатқандығына наразылығын білдірді.

Оған ата-ананың мектепке қатынайтын балаларының өмірі үшін алаңдауы себеп. Күн сайын бүлдіршіндерін мектепке жаяу жіберуден сескенетін ата-ана такси қызметтеріне жүгінуге мәжбүр екенін айтты.

Бұл мәселе мектеп санының аздығына келіп тіреледі. Сол себепті, аталған мәселені шешу үшін Байсерке ауылдық округінде оқу орындарының жетіспеушілігін азайтуға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл күнтізбедегі жобаланған жоспарлардың бірі екенін қос депутат та растап отыр.

Қоғамдық қабылдау барысында жоғарыда аталған мәселерден бөлек, 2022 жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан –  саяжай кооперативі мәселесі де қызу талқыланды.

Жиында қос тараптың ұзақ уақыт бойы мәмілеге келе алмай жүргені ескеріліп, екі жақ өкілі өз ақиқаттарымен бөлісуге шақырылды.

Мәселенің жай-жапсарына үңілсек, сайланғанына бірнеше жыл болған Б.Иманқұлов саяжайдың бұрынғы бастығы С. Гашованы және көрші орналасқан бірнеше тұрғындарды ескертусіз-елеусіз саяжай мүшелігінен шығарып тастаған. Иманқұлов тұрғындарды мүшеліктен шығару өзге ауыл тұрғындарының келісімімен жүзеге асқан дейді-мыс. Ал Иманқұловтың бұл тұрғындарды олардың бір жылдары төленбей ұмыт қалған қарыз еселерінің жиналып, күні бүгінге дейін төленбей келе жатқандықтан мүшеліктен шығарғанын айтты.  Саяжай мүшелігінен шығарылған С. Гашова мен бір топ тұрғындар қарыз болмағанын айтып,  Иманқұловтан қағаз жүзінде оның дәлелін көрсетуді талап еткен. Бірақ саяжай басшысы тарапынан сұрау да, жауап та елеусіз қалған.

Алғашында кикілжің саяжай  кооперативтің қазіргі және экс басшысының арасында туындаған. Алайда, мәселе онан сайын ушығып, кикілжіңге оннан аса тұрғын киліккен.

– Ең сорақысы, ол бізді мүшеліктен шығарып тастағанымен қоймай, өзі келіп электроқуат тоқтарын кесіп мәжбүрлі түрде су мен жарық қуатынан ажыратып тастады. Мен де қол қусырып отырмай, белгілі органдарға арыз жазып, жарық, суды қайта қостырдым. Бірақ Иманқұлов заңға мойынсұнбай электр қуатымызды қайта өшіріп тастады. Онымен қоймай, мені соққыға жығып, бейәдеби сөздерді қолданды. Оның дәлелі менің ұялы телефонымда – дейді көзіне жас ала баяндаған саяжай тұрғыны Светлана Гашова.

Тұрғындардың сөзінше, Иманқұловтың қарыз деп отырғаны, жарықтың кешіктірілген төлемі емес, әр саяжай кооперативі мүшесінің төлейтін жарна ақысы. Бұл сомманы Гашова және он шақты тұрғын төлеуден бас тартып отыр. Себебі олар кооператив мүшесі емес. Ал Иманқұловтың су және жарық қуатын ескертусіз, қандай да бір дәлелді құжатсыз өшіруін заңсыз деп отыр. Бұл әрекетті тұрғындар ғана емес, сот үкімі де заңға қайшы деп танып, айыпталушыға электр қуатын қосуды бір рет емес, екі рет  міндеттеген. Иманқұловқа сот шешіміне бағынбағаны үшін айыппұл да салынды. Алайда ол айыппұлды да, заңмен міндеттелген шешімді де орындаудан бас тартып отыр.

Қос депутат саяжай басшысына заңдық міндеттеулерден бөлек, адами факторды ескере отырып шешім қабылдауға, қол астындағы тұрғындардың шағымдарын тыңдап, байыппен, сабырмен бір байламға келуге шақырды.

Көп талқылаулардан кейінгі Иманқұловтың ақтық сөзі: «Қарызды төлесеңдер ғана, жарық пен суды қосамын» – дей отырып, жоғарыда айтылған Гашованың айыптау әрекеттерін тек келісілген жала деп міз бақпады. Ол аталған мәселе бойынша сот үкімінің шешімін қайта қарау үшін кассациялық өтінім беруді жоспарлап отыр. Айта өтелік, бұған дейін облыстық сот Иманқұловтың берген аппеляциялық өтінішін қанағаттандырмай, кері қайтарған еді. Ендігі кезек кассациялық өтініште дейді-мыс.

Жиын барысында екі тарап та бір-бірінің айтқан әңгімелерінің қисынсыз, шындыққа жанаспайтынын айтып, мойындаған жоқ.

Аталған мәселенің бұлайша ұзаққа созылу кімді де болса таңқалдырары анық. Себебі бұл мәселенің барысында кімдікі бұрыс, я дұрыс екенін таразылаған әділ сот үкімінің шешімі бар.  Иманқұлов тарапынан күтілетін бір ғана  әрекет – заңға бағына отырып, сот үкімін орындау.

«Ертеңгі күннен үміт көп» деп көмек қолын сұраған Байсерке тұрғындарының айтқан шағымдарының жай-жапсары қалай шешілерін алдағы уақытта көре жатармыз.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button