Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениет

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

2024 жылдың 24 шілдесінде «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен Іле ауданы Өтеген батыр ауылында «Отбасы – тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесінің негізі» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинар – тақырыбы өте өзекті. Шара барысында балаларды тәрбиелеудегі отбасының рөлі, ата-аналардың міндеттері және отбасылық құндылықтарды білу талқыланды. Сондай-ақ, жастардың кәсіби дағдыларын дамытудағы мәселелер және жас-келіншектердің кәсіби дағдыларын дамытудағы, жеке тұлғалық өсудегі негізгі критерийлер аталды.

Осы мәселелерді іске асыру мақсатында шараға Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі, «Қазақстан Даңқы», «Ана жүрегі», «Алтын жүрек» төсбелгілерінің жетекшісі, ҚХА жанындағы Жетісу облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары — Ақбасова Ғалия Ниязқызы және кәсіпкер, «Ұлттық құндылық» қоғамдық қорының негізін қалаушы, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығының басшысы, «Smart balaqai» әдістемесінің авторы, блогер – Касаинова Зухра Серікқызы спикер ретінде шақырылды. Аталған қонақтардан бөлек семинарға «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Гумаров Арнұр Рашидович, ҚХА жанындағы Алматы облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жошыбаева Гүлнара Сағатқызы, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қоғамдық инститтутармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Дүйсенғали Ақжарқын Русланқызы және аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері қатысты.

Шараны «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Гумаров Арнұр Рашидович ашып, семинар тақырыбының маңыздылығын айқындап өтті: «Бала тәрбиесі қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бала тәрбиесінің бастауы ең алдымен оның ата-анасынан бастау алатынын меңзейді.  Сол себепті балаға ақыл айтпас бұрын ата-ана өз өмір салтымен балаға үлгі көрсете алатындай болуы қажет. Біз өзімізді тәрбиелеу арқылы бүлдіршіндерімізді де тәрбиелейміз» — деді Арнұр Рашидович.

ҚХА жанындағы Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жошыбаева Гүлнара Сағатқызы да ұрпақ тәрбиесінің бірінші кезекте болу керегін айтты: «Ұлттың бүгінгі де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың  қас жауы», — дейді әл-Фараби. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деп нақыл сөзбен де түйіндеген.

ҚХА жанындағы Жетісу облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары – Ғалия Ақбасова: «Күнделікті өмірде туындайтын келеңсіз жайттардың саны күн сайын емес, сағат сайын өсіп келеді. Олардың бір қатары келесідей мәселенің туындауына сеп болуда: жас балалардың тұмшалануы, тастанды сәбилер, қарттар үйінің көбейюі, әлімжеттік. Аталған жайттардың кешегі мен бүгінін салыстыра қарастырсақ, әйел адамдар мен қыз балаларының тәрбиесі – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналғанын аңғартады. Ғалия Ниязқызы әйел адамдары ер азаматтармен қоғамның кез келген саласында иық тірестіріп, тең дәрежеде жұмыс істеуге дағдыланғанын айтып, оның салдары ажырасуға жетеліп отырғанын жеткізді. «Ерлердің атқара алмаған істерін әйел адамдары мойындарымен көтеріп, жауапкершілік жүгін өздеріне артып келеді. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, әйел адамдардың ерлерінен баса оза жұмыс істеуі бір жағынан отбасы экономикасына оң әсерін берсе, екінші жағынан үй ішіндегі ұрыс-керістің жиі ошағына айналып, ажырасу мәселесінің кең етек алуына себепші болып отыр» — деді Ғ. Ақбасова.

Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығының басшысы Касаинова Зухра Серікқызы аталған шараға шақырылғанына алғыс айтып, өз тәжірибесіндегі отбасы құндылығына қатысты әңгімелерімен бөлісті. Ерекше баланың анасы, бүлдіршін тәрбиелеудегі қиындықтарын баяндап, одан шыққан байламдарымен, өмір тәжірибесіндегі әр ананың бойында, ойында болу қажет қасиеттерін тізбектеп берді. Сөзді сөзге жалғап, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданы бөлімнің басшысы Мейрамкүл Жабиева отбасы құндылығы туралы: «Отбасы – адам баласының діңгегі. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп отбасы қадірі туралы дана халқымыз тектен тек сөз етпеген. Сондықтан, отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі» — деп сөзін түйіндеді.

Шара модераторы ретінде «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қоғамдық инститтутармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Дүйсенғали Ақжарқын Русланқызы семинар барысын жүргізді.

Шара соңында спикерлер бір ауыздан әр отбасы шаңырағына бірлік, береке тілеп, жылы лебіздерін арнады.

Айта өтелік, осындай шараларды «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-сі Алматы облысының аудандарында жиі ұйымдастырады.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button