Без рубрики

МАРИЯМ АЙДАРҚЫЗЫ: ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ ӨЗ МАҚСАТЫНА ЖЕТУІНЕ СЕПТІГІМІЗДІ ТИГІЗСЕК ДЕЙМІЗ

Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белес­терге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына,  жол сілтейді. Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Осындай ұстанымды ту еткен Іле ауданы Жастар ресурсы орталығының жетекшісі Мариям Тынышпаева сыр сұхбатымызды ұсынамыз.
Мариям Айдарқызы, алғашқы сұрағымыз қазіргі жастардың қоғамдағы рөліне қандай баға бересіз?

– Әрине, барлық жастар қауымына нақты баға беруден аулақпын. Десек те, жастарды категория бойынша қарастырып көрсек болады. Мәселен, дарынды жастар, жұмыссыз жастар, маргиналды жастар деген сынды. Талпынатын дарынды жастар жетерлік. Әрине, оларды көп деп айта алмаймыз, бірақ олар бар.

– «Жас кавер» сынды жастарды қолдауға бағытталған түрлі жобаларды қолға алып жүрсіз. Солар жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

– «Jas cover» «Sen media kenistik» «Qasyndamyn» «2JÜZ podcast».

– Біз биылғы жылдың көктем айынан бастап «Sen media jastar» кеңістігімен меморандумға отырдық. Сол келісім аясында талантты жастарды қолдау мақсатын көздей отырып, «Jas cover» жобасын бастадық.  Бойында әншілік дарыны бар түрлі жастар өздерін әлемге жар салып көрсетуге қысылып-қымтырылады. Көпшілікке айтудан гөрі өз орталарында, арбатта жиналып айтуды жөн санайды.

Арбатта отырып ән салып отырған жастарды көресің де неге бұл жас буынды әлеуметтік желіге шығармасқа, танымалдылығын арттыруға көмектеспеске деген ойдың жетегіне еріп, қолға алған жобамыз. «Jas cover» аясында біз талантты жас буынды шақырып, оның ән салған сәтінен сапалы бейнебаян түсіріп береміз.

Әзірге біздің қолымызда тек бейне түсіретін орын ғана бар. Алдағы уақытта тек бейнебаянды ғана емес, кавердің дыбысын да кәсіби түрде өңдеп, жазсақ па деп жоспарлап жүрміз. Дәл қазір ол әрекеттерді жүзеге асыратын керекті құрылғылар қолымызда тұрған жоқ. Бірақ соны қалай алсақ деген ой бізді мазалауда.

Бұл жоспарларды іске асырар болсақ, талантты жастар легі жобамызға ағылары сөзсіз. Олардан шығармашылық өнер, бізден сапалы өңделген бейнебаян.

Әрине, біздің жоба жас таланттың қатысып бірден танымал болып кетуіне емес, оның өзін-өзі танытуға, жаңа қырынан қарауға, шығармашыл ортамен етене араласуға мүмкіндік береді. Арманын, мақсатына жетуге деген бір септігімізді тигізсек дейміз.

– Жастар үшін керемет мүмкіндік, керемет бағдарлама – «Jasyl el». Ол жас буынның жазғы демалыста өздеріне табыс табу көзі және бос уақытын тиімді өткізу жолы.

«Еңбек – бәрін де жеңбек», «Тамағы тоқтық жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демекші еңбекпен тәрбиелеу, менің ойымша, ең керемет тәрбие құралы. Сен тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы өзіңді қай жерде болмасын тазалықты сақтауға баулисың.

«Jasyl el» бағдарламасы бойынша қазір 16 жас буын жұмыс істеп жатыр.

Негізгі саны 60 қатысушы болуы қажет. Қыркүйек айында бұл санға жетеміз. Себебі тамыз айының легіне көп жастар құжат жинап, тіркеліп үлгермей қалғанын айтып келген еді. Қыркүйек айында оқушылар сабақтан кейін 3-4 сағат жұмыс істейтін болады. Бағдарлама бойынша жастар түрлі мемлекеттік акцияларды жүзеге асырады. Мәселен, таза көше, таза өлке деген сынды тазалық акциялары.

Қайта жаңартуға бел буып отырған жобамыздың бірі – «2JÜZ podcast». Бұл жобаның тақырыбы екі адамның бетпе-бет жүздесіп, белгілі бір тақырып аясында әңгіме өрбітуін меңзейді. Бұл подкасты алғаш түсіргенімізде қолымызда керекті құрал-жабдықтар, мәселен микрофон, сапалы камера болған жоқ. Даусымыз бірде жазылып, бірде жазылмай қалған еді. Бұл кемшіліктердің барлығы жобаның алға қарай өрлеуіне, көрермен жинауын кедергі болған іспетті. Енді алдағы уақытта кем-кетік тұстарын ескеріп, жобаны қайта жаңартуға бел буып отырмыз. Алғашқы түсірілімнің тақырыбы да белгіленді. Әзірге монтаждаушы маманның тапшылығынан қолымыз әлі де бармай жатыр. Бұл тұста маман тапшылығы және қаржыландырудың болмауы қолымызды байлап тұр. Қаржы тарапынан бірнеше микрофон берілсе деп үміттенеміз. Себебі, ауқымды тақырып қозғалатын подкаста екі адамнан гөрі, олардың саны бірнеше болғаны абзалырақ. Мәселен, кейіпкер, психолог, керекті мамандар және спикер. Сол кезде тақырып кеңінен ашылып, мәселенің жауабы жан-жақты қарастырылады.

Жалпы, қай жобаны айтсақ та, олардың қатысушыларына біз пікірлес, деңгейлес, ойлас орта қалыптастыруға, мүдделері үндес жастарды жинауға ұмтыламыз.

– Қазіргі жас буынға не жетіспейді?

– Қазіргі жас буынға кішкене жауапкершілік жетіспей ме деймін. Жұмыс барысын сұрап келетін көп жастардың елеусіз-ескертусіз келмей қалуы, жұмысқа салғырт қарауы менің тәжірибемде ғана емес, серіктес жұмыс беруші компаниялардың да практикасында көп кездесетін жайттардың бірі. Бұл тұста жас буынның жұмысқа орналасуға үстіртін қарауы олардың таңдау еркі мен ой еркіндігінде деп топшалауға болады. Алайда, бұл тұста жастар еркіндік пен жауапкершілік түсінігін алмастырып алған іспетті. Жастардың өз ойы өз таңдауы бар. Олар өз шешімін батыл түрде таңдай алады. Бірақ адамгершілікке салынып, бір ауыз айту, ескерту қажет деп есептеймін. Бір жастар бар оларға ештеңе қызық емес. Алға қойған өзіндік мақсаты, арманы жоқ секілді. Өмірдің ағыны қайда ақса, сонымен қоса ағуды жөн санайды. Менің ойымша, оған себеп қазіргі ойын-сауық сипатта белең алған әлеуметтік желілер және олардың қосымшалары. Жас буын соларды көру арқылы  жеңіл әрі тез танымалдылыққа, оңай ақшаға жетуге ұмтылады. Сол теріс талпыныстың ар жағында оның белгілі бір іске деген дарыны тұншығып жатуы әбден мүмкін. Ондай адамдармен біз кездесеміз және кездескендіктен де сөз арасына кіріктіріп жатырмын. Оған қарамастан көргім-білгім келеді деген оң бастамаға ұмтылатын талантты да дарынды жастардың қатары да аз емес. Оның айқын дәлелі ауданымыздан шыққан білікті спортшыларымыз, білімді мамандарымызды айтсақ болады.

– Жастарды қолдау мақсатында елімізде қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Мемлекет  тарапынан қазіргі жастарды қолдау мақсатында барлық жағдайлар жасалған деп есептеймін. Салыстыра қарастырсақ, 2009 жылдары мен оқу бітіргенімде табыс табуға көмектесетін «Jasyl el»  сынды бағдарламалар болған жоқ. Қазір оларды тізбекке тізгендей санамалап бере аламыз. Мысалға, әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтардан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба – «Zhas Project». Бұл жоба жастарды өз қоғамдастығының әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуға көмектеседі. Одан бөлек, мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Аталған жоба белсенді шығармашыл жастар қоғамдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және бұрыннан бар бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді. Осы және өзге де қайтарымсыз гранттар, «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар практикасы» сынды жас буынға арналған жоба, бағдарламалар қатары жетерлік. Біз өз кезегімізде ондай жобаларды қолдана алмадық. Сол себепті қазіргі жастарға айтарым, бар мүмкіншілікті пайдаланып қалыңыздар.

– Қандай жұмыстарды қолға алу керек?

– Жастар орталығын қаржылай қолдау жұмыстары тыңғылықты деңгейде атқарылса деймін. Себебі, жақсы идеялар бар, бірақ оларды сапалы түрде жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар тапшы. Оны жүзеге асыратын координаторлар мен кадрлардың жетіспеушілігі және бар.  Одан бөлек, поэзия оқуға ынтық жастар қатары көп, бірақ сол кештерді ұйымдастыруға арналған нысандар аз екенін байқадық. Кітапханаларда өткізейік десек, бірсарынды болып қалады. Бізге жастарды қызықтыру үшін поэзия кештерін басқа форматта, жаңашалап өткізуіміз қажет. Ауданымызда қуыс-қуыста түрлі бағыттағя дүкендер, сауда, тамақ орталықтары жетіп артылады. Ал рухани мекемелердің саны оған қарама-қайшы. Жастардың білімді де, білікті болуы олардың рухани орындарға барып, нәр алуына тікелей байланысты. Сол себепті жастардың бас қосуына арналған ғимараттар, хаптар көбейсе дейміз.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Келесі әлеуметтік жобамыз – «Qasyndamyn». Аталған жоба  ерекше балалардың аналарына  психологиялық қолдау көрсетіп, жаңа бір дағдыларды үйретуге атсалысады. Дағды деп отырғанымыз, мәселен, парикмахер, маникюр, бет әрлеуші немесе аспаздық сынды түрлі салада курстар өткізіп, аналарға қосымша табыс табуға мүмкіндік беру. Одан бөлек, тағдырлары үндес жандарды бір-бірімен қауыштырып, өзара қолдайтын және түсінісетін орта қалыптастыру. Жоба барысында тек түрлі курстарды өткізіп қана қоймай, дамыту марафондарын да өткізуді артық салмақтан қалай арылуға болады деген сынды сұрақтарға да жауап іздейміз. Бұйырса, қыркүйектен бастауды жоспарлап отырмыз.  Бұл бағдарламаны қолға алған себептерімнің бірі – мен өзім де ерекше баланың анасымын. Сондықтан мен үшін бұл тақырып өте жақын және өз басымнан өткендіктен, бұл мәселені білгендіктен аталған жобаны қолға алуға бел будым. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әр анаға өзі іспетті жанның қолдауы, қолпаштауы, сенің қасыңдамын деп түсінгені аса қажет. Тағдыр тәлкегіне әр ана шыдамай сынып қалуы да мүмкін. Осы сәтте жанынан табылып, баласына оның қажет екенін ұғындыратын адам болуы маңызды. Сол ортаны өзім қалыптастырып, әр анаға кішкене болсын демеуімді берсем деймін. Бұл жобаның бастамасы дайын десем де болады. Аналарға психологиялық қолдау мақсатында телеграмм бот ашып, қолдау қажет аналарға өтінім жіберуге ыңғайлы анонимді платформа жасадық. Алайда телеграмм арқылы өтінім беру саны да шектеулі. Ал шектеуді алып тастау үшін оған да ай сайын қаржы салып тұру қажет. Сол себепті осы тұста қаржылай көмек болса нұр үстіне нұр.

Қазір бізге талапты, еңбекқор, шығармашыл жастар қажет. Ерікті ретінде немесе пікірлес, мүдделес адам ретінде келсе де қуана-қуана қарсы алуға дайынбыз. Себебі бізде жобалар өте көп, бірақ соны сапалы деңгейде жүзеге асыратын жастар тапшы.

Жастар қазір өте батыл, өте еркін, өздеріне не керек екен, өздерінің бағаларын біледі. Ең бастысы, соның барлығын дұрыс қолдану, дұрыс жаққа бет алу.

– Жастар күніне орай жас буынға жылы лебіңізді жолдасаңыз.

– Ел ертеңін көркейтетін жастарды 12 тамыз Жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жастардың қашанда болсын қоғамдағы мәртебесі  жоғары болуы қажет. Себебі ел болашағының жарқын болуы ертеңгі буынның қолында.

Әр жастарымыз өзінің өмірдегі орнын адаспай табуын тілеймін. Өзінің өмірдегі орнын, миссиясын тапқан адам, өзіне не керегін білетін адам бақытты. Сондықтан бақытты жастарымыз көп болғай.

– Сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс айтамын. Сізге шығармашылық табыс, әр ісіңізге оң бастама тілеймін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button