ВАНДАЛИЗМГЕ ЖОЛ ЖОҚ
Қоғамдағы вандализм – еліміздегі ауқымды мәселе. Халыққа ортақ демалыс орындарындағы мүлікті қирату, тарихи-мәдени жерлердегі ескерткіштер мен жартастарға жазба қалдыру, жеке адамдарға тиесілі дүниелерді бүлдіру сынды бұзақылық тиылмай тұр. Осы мәселе бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерімен кездесуінде: «Азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды», – деп вандализммен күресуде жауапкершіліктің бір бөлігін журналистерге де артқан еді.
Артынша осы жылдың шілде айының басында Мемлекет басшысы вандализм үшін жазаны қатаңдату туралы заңға қол қойды.
Жаңа заңға орай «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданының бөлімі ұйымдастыруымен Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исаев Әмзе Әлдібекұлы ескерткіштерді сақтау бойынша жастармен Өтеген батыр ауылының орталық алаңында орналасқан «Үш ұрпақ» ескерткіші жанында «Ұрпақтар диалогын» өткізді. Ә. Исаев жас буынды соғыс ардагерлерінің өшпес ерліктерін мәңгі есте сақтауға арналған ескерткішпен таныстырды. «Мұндай ескерткіштерді қорғау – біздің міндетіміз. Ақ мәрмәрға түскен әрбір есімге құрмет білдіру – баршамыздың парасатты парызымыз», — деп атап өтті. Бөлім басшысы М. Жабиева өз сөзінде жастарға қазіргі таңдағы вандализммен күрес жайлы, ескерткіштер ерен еңбек пен тарих куәсі екендігі жайында айтып өтті. Шараға Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері және аудан жастары қатысты. Мақсаты: жастарға ескерткіштер маңызын түсіндіру, мәдениеттілікке баулу.
Вандализмге қарсы заңға қол қойылып, жаза күшейтілгеннен бері ендігі жерде вандализмге жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалайтыны немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу. Сондай-ақ «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған» бұзақылық үшін 200 мың АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Қоғамдық жұмысқа 300 сағат беріледі, ал қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ауданымызда көші-қон миграциясы ауқымды болғандықтан мәдени орталар мен саябақтар, одан қала берді зираттар мен бейіттер көп. Салдарынан жаңадан салынған қабір құрылыстары діни-қабірлеу кешендерінің қалыптасқан тарихи көрінісі мен бастапқы жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғады. Оған қоса, ұрпақтары болып жиналып, ата-бабасы жерленген ежелгі тамдарға, яғни мемлекеттік тізімге алынған күмбездер мен сағаналарға өз бетімен өзгерту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жағдайлары көп кездеседі, бұл ескерткіштің түпнұсқалы архитектурасына айрықша нұқсан келтіреді. Әр қала, ауыл, село әкімдері, ішкі саясат бөлімі және осы мемлекеттік мекемелерде жасайтын қызметкерлер, сонымен қатар, ауылдың учаскелік полициясы тарихи-мәдени ескерткіштің қорғау аймағында ешқандай жұмыстар жүргізуге болмайтынын (яғни адам жерлеуге, құлпытастар қоюға, өз еркімен ескерткіштерді өзгертуге, там салуға,) тұрғындарға ескертсе тарихи-мәдени ескерткіштерімізді сол күйінде сақтап қала аламыз. Егерде тарихи-мәдени ескерткіштерге нұқсан келтірген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша айыппұл салынады. Сонымен қатар, ҚР 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодексінің 295-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу бойынша тиісті тұлғаларды жауапқа тарту шаралары да қарастырылған. Ата заңымыздың 37-бабында көрсетілген еліміздің барлық азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті, – дейді мамандар
Жеке адамға немесе көпке ортақ мүлікке орынсыз залал келтіруді, мемлекет қазынасындағы құнды қалаларды қиратуды басты мақсат ететін вандалдардың тарихтағы алғашқы ізі сонау 450 жылдары Рим империясында қалған еді. Бұл жабайылық бүгінгі күнге дейін әлі де жалғасып келеді. Ресейлік психолог, доцент Людмила Ватова 11–23 жас аралығындағы жастардың вандализмге ұмтылу себебін зерттей келе 4 деңгейге бөліп қарастырған.
Алғашқы бейсаналы деңгейде адамның бұзақылық жасауына ашу-ызаның сыртқа шығуы, алкоголь немесе есірткі әсері себеп болуы мүмкін десе, саналы деңгейде мұндай әрекет ойын-сауық құру, еліктеу, ішкі «менін» жақтаудан туындайды-мыс. Жеке психологиялық деңгейде өзін-өзі қорғау немесе кек алу үшін мүлікке залал келтірілсе, әлеуметтік-психологиялық деңгейдегі адамдар наразылық, қайғы-ренішке қарсы жауап беру үшін осындай іс-әрекетке барады. Статистика нақты санын көрсетпегенмен, біздің елдегі вандализм оқиғаларының негізгі кейіпкерлері – жастар мен орта жастағы қазақстандықтар екен.
Қашан да вандализм құптарлық іс емес. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген бабалар даналығына қарап, озық ұлттан бұрын аты биік адам болуғаұмтылуымыз керек-ақ…
Өз тілшіміз