АЛТЫ АЙДА АЛЫНҒАН СЫНАМАЛАРДЫҢ 30 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС
Алматы облысындағы республикалық жолдардан биылғы жарты жылдықта 307 сынама алынған. Оның 1-еуі талапқа сәйкес келмеді, ал облыстық маңызы бар жолдардан алынған 276 сынаманың 30 пайыздан астамы тиісті нормаға сай емес. Жалпы күре жолдарды тексеру регламентке және кесте-жоспарға сәйкес жүргізіледі. Инженер жолдың жағдайын, геометриялық параметрлерін, жасанды конструкцияларды және жол белгілерін арнайы құрылғылар арқылы тексереді әрі сынамалар алады. Алынған сынамалар KazRoadLab программасына енгізіліп зертханаға келеді. Кейін ол сынамалар зертханада тексеріліп, хаттамасы тапсырыс берушіге және мердігерге жіберіледі. Сонымен қатар, жолға төселетін құрылыс материалдары да алдымен зертханадан тексерістен өтеді. Тиісті талапқа сай болған жағдайда төсеуге рұқсат беріледі. Бұл әдіс еліміздегі жол сапасының жақсаруына үлкен мүмкіндік бере бастаған. Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысында 4 битум зауыты бар.