Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚазақстан жаңалықтарыМерекелер

ЕРЛІК РУХЫ ЕШҚАШАН ӨШПЕЙДІ

Ағымдағы жылдың 28 тамызында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне, сондай-ақ  53975 әскери бөлімінің құрылғанына 82 жыл толуына орай Алатау қаласының «Ашық есік күні» мен мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шараға Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналары, әскери бөлім сарбаздарының отбасылары, қала тұрғындары, жергілікті билік өкілдері, әскери қызметшілер, ауған соғысының жиырмаға жуық ардагері мен облыстық ауған соғысы арлагерлерінің төрағасы қатысты. Келушілер әскери техникалар, қару-жарақтарды және жауынгерлердің дайындығын тамашалады. Бұл шараның мақсаты — қоғам мен әскер арасындағы байланысты нығайту, азаматтарды әскери қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру және патриоттық рухты көтеру.

Аталмыш шараның аясында Ауған соғысының жауынгер-интернационалистерінің құрметіне арналған ескерткіш пен әскери техникалар мұражайының ашылу салтанаты өтті. Совет Одағының батыры, ұшқыш Гайнутдинов Вячеслав Карибулович, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, борт техник Косилов Владимир Николаевич, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, капитан Савин Виктор Георгиевичтің құрметіне ашылған ескерткіш елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батырларға құрмет көрсетуді, олардың ерліктерін ұрпақтарға дәріптеуді мақсат етеді.

Мұражайда Ми-8, Ми-24, МиГ-29 әскери ұшақтары қойылды. 53975 әскери бөлімінің командирі, полковник Байдуллаев Нурлан Кошкарович салтанатты жиынды ашып, қонақтар мен әскери бөлім қызметкерлерін әскери бөлімнің төл мерекесімен құттықтап, алғыс білдірді. Келесі құттықтау сөз кезегі әскери бөлімнің ардагері, запастағы полковник Платошинге берілді. Сөз сөйлегендер Ауған соғысының қатысушыларының жанқиярлық ерліктерін туралы еске алып, олардың Отан алдындағы борышын адал орындағанын атап өтті. Ескерткіштің ашылуы кезінде ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың есімдері мәңгі есте қалатындығы айтылды. Ардагерлер өз кезегінде бұл ескерткіштің олардың жауынгерлік ерліктерін ұмытпауға және келер ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге септігін тигізетіндігін атап өтті. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде қонақтар ардагерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Арна ауылдық округі Мәдениет үйінің қызметкерлері әуелете ән салып, өнерлерімен қонақтарды тәнті етті. Ашық есік күні барысында әскери бөлімге келген қонақтар бөлімнің күнделікті қызметімен танысты. Олар әскери техниканы, қару-жарақтарды көріп, жауынгерлердің өмірі мен тұрмысын көрнекі түрде көре алды. Әскери қызметшілер қонақтарға өздерінің міндеттері, әскери дайындық процесі туралы айтып берді. Сонымен қатар, олар қонақтарға жауынгерлік өнер көрсету шараларын ұйымдастырды. Әскери бөлімдегі өмірді өз көзімен көрген жас буын өкілдері әскери қызметке деген қызығушылықтарын білдірді. Олар әскери қызметшілерден өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, бұл мамандықтың маңызды әрі жауапты екенін түсінді.

Мұндай іс-шаралар патриотизмді насихаттау және азаматтардың ел қорғанысындағы рөлін түсіндіру үшін маңызды. Ашық есік күніне қатысқан азаматтар бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, әскери қызметшілердің еңбегіне жоғары баға берді. Конституция күніне орай өткізілген бұл шара тек әскерилер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін құрметтеуге арналған айтулы оқиға болды. Ескерткіш ашу арқылы елдің патриоттық сезімі күшейіп, келер ұрпаққа батырлардың ерлігі үлгі ретінде көрсетілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button