Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтары

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: «DIGITAL KAZAKHSTAN: ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ»

28 тамыз күні Боралдай кентіндегі .54 орта мектебінде  «Ауыл мектебі: Ізденіс. Шығармашылық! Нәтиже»  тақырыбымен облыстық Іле ауданының әдістемелік  күні өтті. Жиынға Іле ауданы мен Алатау қаласның білім саласының  мамандары бас қосты. Дәстүрлі тамыз конференциясы жаңа оқу жылы қарсаңында жыл сайын еліміздің түгелге дерлік аумағын қамтып, білім саласын дамытудағы қадау-қадау мәселелерді көтеруді мақсат тұтады. Биыл тым өзгеше басталды. Тамыз айының аяқты тұсын ала басталған жиынның көтерген жүгі ауыр алға қойған мақсаттары айқын болып айшықталып көрініп тұрды. Саладағы түрлі тақырып қамтылуы және өткен оқу жылы қорытындылануы керек, алдағы оқу жылына жоспар құру мәселесі тағы бар дегендей… Бір аудан бір қала болып өткен форматта  әр аймағында апта бойы жеке-жеке талқыланған тақырыпты арқалап алыстан ат арытып келген топ Боралдай ауылындағы №54 орта мектепте алқа-қотан жиылып, тағы да кеңесті, ақылдасты.

Іс-шара аясында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде танылып жүрген үздік оқушылар мен ұстаздар өз жұмыстарын көрсетіп, жетістіктерін паш етті. Сонымен қатар 50 үздік сабақ көрсетіліп, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасты. Әдістемелік күн қорытындысы аудандық Мәдениет үйінде халықаралық телекөпірмен аяқталды. Үздіктер сахнада  марапатталып,  үздік жұмыстар республикалық «Ыбырай ізбасарлары» журналында жарық көрді. Келген қонақтар кері байланыс жасап, Іле  ауданындағы  оқу-тәрбие жұмысына жоғары баға берді. «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбындағы ауқымды көрме жұмыстарымен кеңінен танысты.

Көрмедегі ардақты ұстаздардың назарын   Қосөзен ауылындағы № 14 орта мектептің ұсынған  «STEAM- жаңа көзқарас, жаңа бағыт» атты жаңа бағдарламасы болды.

Айта кетейік, өткен жылы №14 орта мектептің мұғалімдері STEAM сертификаттау бағдарламасы бойынша оқудан сәтті өтті. Қазақстандағы Іле ауданы Қосөзен ауылындағы № 14 орта мектебінің ұжымында steam сертификаттау бағдарламасының жаратылыстану-математикалық циклі мұғалімдерінің steam mektep ADVANCEMENT бағдарламасынан сәтті өтуінің арқасында инновациялар мен академиялық бағытта  жаңа қадамға аяқ басты. Бұл маңызды оқиға тек оқу орнының өзінде ғана емес, республикалық деңгейде де атап өтілді. Мұғалімдері өздерінің кәсіби дамуға дайындығын ғана емес, сонымен қатар, мүмкіндіктер мен білімнің жаңа көкжиектерін аша отырып, оқушыларына сапалы білім беруге ұмтылыстарын көрсетті.

Ауданда жүріп өткен табысты 50 мектеп жобасы, мың мектеп жобасы бақылау, мектеп басшыларының жұмысын бақылау жұмыстарына тікелей жауапты екендерін алға тартты. Бұл жоба жалпы «Баршаға қолжетімді сапалы білім, ұлттық» баядамасынан бастау алды. Қараша айынан бастап карта сызылып, ол картадан мықты дегендерді анықтап, әлсіз дегендерді анықтады. Ол жобада қаралған басты мәселе білім сапасы болатын. Дегенмен,сәуір айынан бастап министірліктің бұйрығымен нысана мектептерді анықтау жұмысы жүргізілді. Нысана мектеп ретінде Республика көлемінде 943 мектеп анықталса, Алматы облысында 112 мектеп, Іле ауданында 34 мектеп анықталып отыр. Бұл жоба бойынша тек қана білім сапасы емес, Pisa-ның қорытындысы, халықаралық, республикалық олимпиадалардың қорытындысы, мектептің аттестациядан өтуі, мамандардың аттестациядан өтуі т.с.с себептері бар.  Бұл жобадан әрбір педагогтеріңіз онлайн курспен қамтылады. Курстан 3 деңгей бойынша өтетін болады.1 деңгей — онлайн, 2 деңгей- онлайн және оффлайн, 3 деңгей-оффлайн өтеді. 943 мектеп жобасы да алдағы уақытта өз жұмысына кірісуде, жауапты қызметкерлер де тағайындалған

2024-2025 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде білім процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, төменде көрсетілген:

  • Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда — 33 оқу аптасын, 2-11 (12) сыныптарда – 34 оқу аптасын құрайды
  • 2024 жылғы 2-қыркүйек алғашқы оқу күні, оқудың аяқталуы — 2025 жылғы 23 мамыр.
  • Тілдерді кезең-кезеңмен оқыту шеңберінде 3- сыныпта «Шетел тілі» пәнін оқыту енгізіледі.
  • «Көркем еңбек» пәнін кезең-кезеңмен «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөліп оқыту 3-сыныпта жалғасады, 4-сыныпта «Көркем еңбек» пәні оқытылады.
  • «ДосболLIKE» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру шеңберінде мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасады.
  • Ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерінде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізіледі.
  • 2024 жылдан бастап «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру шеңберінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс белсендіріледі.
  • 2024 жылдан бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматы енгізілді.
  • «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадр резервінің республикалық базасын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады.
  • Цифрлы технологияларды пайдаланып шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамытуға бағытталған пилоттық жобалар масштабталады.
  • Мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы бойынша жұмыстар күшейтіледі.
  • Оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтіледі.
  • «Жер елшілері» креативті жастардың Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалысы» жобасы шеңберінде білім алушыларға экологиялық білім беру жүзеге асырылатынын айтты.

Тамыз кеңесі секция жұмыстары туралы мектеп басшыларынан пікір алған едік:

Зохида Туреходжаева, Өтеген батыр ауылындағы 24 лицей директоры:  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді» деп атап өткен болатын. Цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ең алдымен, сапалы контент жасау, дербес­тендірілген оқыту мен бағалау үшін жағдайлар жасауға, әрбір білім алушының, педагогтің және білім беру ұйымының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге бағытталады. Білім беру үдерісінде заманауилыққа бет бұру, онлайн трансляция,  жасанды интеллект, оқыту мен тәрбиенің біртұтастығы мен пайдалы жобалармен жұмыс жасаудың тиімділігін көрдік»

Алатау қаласы әдістеме бөлімінің басшысы философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шұбаева Ұлтай Құдайбергенқызы: «Жаңадан құрылған  Алатау қаласының білім бөлімі Алатау қаласы Ынтымақ ы/а орналасқан. Қаламызға қарасты 16 мемлекеттік білім беру мекемесі және 1 кешкі мектеп, 1286 ұстаз жаңа оқу жылын  жоғары дайындықпен бастағалы отыр.  Жаңа оқу жылында қаламызда 12950 оқушы алтын ұя мектебімен қайта қауышып, оның ішінде 1160 бүлдіршін 1 сынып табалдырығын аттағалы отыр. Бұл біз үшін зор қуаныш. Өйткені, ұрпақтың өсіп-өнуі — ел болашағының кепілі.  Биыл тамыз конференциясы жаңа дәрежеге өтті.  Оқу-ағарту министрлігінің бұл бастамасын мақұлдап, Жаһандану мен ақпараттандыру заманында әлемдік озық жетістіктер мен тәжірибелерді білім сапасын арттыру мақсатында қолдану мен енгізуден қорықпауымыз қажет. Себебі, бүгінгі жас өрендердің ойлау қабілеті сіз бен біздей емес, цифрландырудың кез келген түрін емін-еркін қолданып кете алады. Басты жаңашылдық жасанды интеллектінің педагог қызметі мен басқару жүйесін алмастыруға араласуы болады деп білемін. Ол, әрине алдағы уақыттың еншісінде».

Бұл білікті мамандардың пікірі. Қалай десек те, еліміздің білім саласындағы сапаны көтеру алдымен оқу-ағарту министрлігінен бастап  ата-аналар  міндеті екені даусыз. Ұрпақтың тәрбиелі және білімді болуы үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалуы керек. Сонда ғана «Елім» дейтін бала өсіп-жетіледі және елге қызмет ететін сана да, мінез де қалыптасады.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button