ЖАС ИНСПЕКТОРЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Жол қауіпсіздігі – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері елімізде балалардың қатысуымен 3,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 165 кәмелетке толмағандар қайғылы қазаға ұшырады. Жазатайым оқиғалардың алдын алуда профилактикалық жұмыстар маңызды рөл атқарады. Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт. Ол үшін жас ұрпақты жол ережесін білуге, қауіпсіздік шараларын сақтауға үйрету керек. Бұл орайда, жол қозғалысының жас инспекторлары жол полициясы қызметкерлеріне көмекші болып, білім алушылар арасында үгіт-насихат жұмысын жандандыруға өз үлестерін қосып келеді. Олар мектеп оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттауға белсене атсалысып, балалардың жолда жарақаттануының алдын алуға себепкер болуда.Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектеп пен №387 мектеп-гимназиясының әскери-патриоттық сыныптары да осы үдеден шығып, жас сарбаздар әскери машықтармен құқықтық сауаттылықтарын да арттыруда. Мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі, 7 «И» «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныбының әскери жетекшісі Геннадий Геннадьевич Нечаевтың жетекшілігімен Алматы облысының құрама командасы Қырғызстанда ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында өткен халықаралық байқауға қатысты. Жол қозғалысының жас инспекторлары тобының құрамында Іле ауданы №7 орта мектептің Жумадилов Манас атындағы 8 «А» «Жас полиция» сыныбының оқушысы Аймұхамед Аслан, Жумадилов Манас атындағы 7 «И» «Жас полиция» сыныбының оқушылары Болатжан Медина мен Сағидолда Акбота, Талғар ауданындағы «Б.Момышұлы атындағы №35 жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының» оқушысы Алибаева Толганай Медетовна және Талғар ауданы №17 орта мектептің 7 «Б» сынып оқушысы Сулейманов Ролан Сергеевич Қазақстан Республикасының намысын қорғады.
Балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша жұмыстарды жетілдіру және балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануының алдын алу мәселелеріне мүдделі ведомстволардың, ұйымдардың және жұртшылықтың назарын аударуды мақсат еткен халысқаралық слет саптық байқау, жас қозғалыс реттеушісі, болашақ жүргізуші, жол қозғалысы ережелерінің білгірі, үгіт-насихат бригадаларының сайысы, жол қозғалысы ережесінің әлемі, қабырға газетінің сайысы және қауіпсіз дөңгелек секілді сайыс түрлерін қамтыды. Жас инспекторларымыз осы слетте өздерінің білім-білік дағдыларын көрсетіп, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, халықаралық байқауда жүлделі І орынды иеленіп, олжалы оралды. Шәкірттеріміздің халықаралық байқауда топ жарып, жоғары нәтижеге жетуі мектебіміздің әскери-патриоттық сыныптарының әскери жетекшілерінің ерен еңбегінің жемісі деп білеміз. Мектебіміздің қоржынына жүлде салған жас инспекторларымызды жүлдесімен құттықтай отырып, болашақта еліміздің туын көкке көтеретін намысты ұл-қыздар болып өсетініне, ел үшін қызмет етер дарынды жас болатынына сенім білдіреміз.
Ертай АНДОСОВ,
әскери-патриоттық сыныптардың жетекшісі