Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратМерекелер

ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ АУЫЛДАРҒА ЕСІМДЕРІ БЕРІЛДІ

Қазақтың сахна өнеріне өлшеусіз үлес қосып, өзіндік жаңалық әкелген үлкен дарын иесі, Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер әрі ұлағатты ұстаз Асқар Тоқпановтың құрметіне туған ауылы КазЦИК-тің атауы Асқар Тоқпанов ауылы болып өзгертілді. Айтулы шараға өнер майталмандары, тарихшылар, ұстаздың дәрісін тыңдап, тәлімін алған шәкірттері, ауылдастары қатысты. Бүгінде Іле ауданында төрт ауыл, бір ауыл округ және 200-ден астам көше қазақшаланды. Соның бірі – Асқар Тоқпанов ауылы, екіншісі – Жайнақ, бұрынғы Комсомол елдімекені. Жайнақ Қараталов пен Асқар Тоқпанов аталас туыс. Жайнақ – 1816 жылы Жетісу облысы Қаратау өлкесінде дүниеге келген қайраткер. Туған өлкесі қазіргі Жетісу облысы болса да, өсіп-өнген жері – Іле ауданы. Ол кісі туралы алдағы уақытта кеңінен жазамыз. Асқар Тоқпанов – қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері. Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтында атақты К.С.Станиславскийдің шәкірті болды. Мәскеудегі оқуын жаңа аяқтап келген жас режиссер Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналаған. Бұл қойылым әлі күнге дейін көрерменнің көзайымына айналып келеді. Режиссер Абай рөліне Қалибек Қуанышбаев сынды театр саңлағын таңдайды. Актерлік құрамға көңілі толмаған Мұхаңа да бой бермей, өзінің бірбеткейлігімен «Абай» трагедиясын жоғары дәрежеде алып шығады. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің: «Пәлі, мына жаман Қалибектен жап-жақсы Абайды шығарыпсың!» – деген сөзі театр тарихында мәңгі қалды. Бұл тек қойылымға ғана емес, 24 жасар Тоқпановқа берілген үлкен баға еді. Асқар Тоқпанов «Абайдан» басқа 72 спектакльді сахналаған. «Еңлік – Кебек», «Шоқан Уәлиханов», «Майдан», «Махаббат пен зұлымдық», «Достық пен махаббат», «Ыбырай Алтынсарин», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қаракөз», «Кремль куранттары», «Түнгі сарын», «Әлішер Науаи» – ұзын саны осылай жалғасып кете береді. Ол режиссер болумен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясының алғашқы уығын шаншып, керегесін көтерген. Шәкірттеріне аса сын көзбен қараған. Сондықтан «Профессор Тоқпановтың тоқпағы» деген сөз шәкірттерінің аузынан жиі естіледі. Жиында өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов: – Мен ол кезде Тараз қаласында энергетик боламын деп шапқылап жүрген кезім еді. Қылшылдаған жаспыз. Сол кезде тағдыр Асқар Тоқпановпен түсйістірді. Ол кісі «Әй, сен бала электригіңді қойып, сахнаға кел» — деп мені Алматы қаласындағы өнер институтынан бір-ақ шығарды. Театрға Асқар ағамның арқасында келдім. Ол кісі дарынды режиссер ғана емес, домбыраның құлағында ойнайтын күйші, ел тарихын тереңнен қозғайтын тарихшы, қазақ шешендік өнерінің қаймағын қалқып отыратын тіл шебері еді. Бүгінгі ауыл атауының берілуі – айтулы тұлғаға арналған үлкен сый, құрмет, – деді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті эстрада және джаз кафедрасының меңгерушісі Майра Дәулетбақ: «1981 жылы Алматыдағы өнер институтына түскенде Асқар Тоқпанов бізге лекция оқыды. Басында түрік тақия, өңі ашық, кең иықты әдемі кісі екен. Дауысы қандай керемет! Ұстаздың аузынан шыққан әр сөзі өнеге мен тәлімге тұнып тұратын», – деп еске алды. 1986 жылдың желтоқсанында ел басына күн туған кезде де ешкімнен қаймықпады. Сол кездегі куәгерлердің айтуынша, Колбинді сайлауға келген солақай үкіметтің жаңалықтарынан кейін Асқар Тоқпановтың өзінен бұрын залда күңіренген үні естіліпті. Мінберге шығып сөйлегенде: «Мыналар, – деді иегімен сахнада отырғандарды меңзеп, – сендерге жоғары басшылықта болған өзгерісті жеткізген болар. Қонаев билікке келгенде аштықтан кейінгі қазақтың саны екі миллион төрт жүз мыңдай ғана еді. Ол сол аз ғана қазақтың санын алты миллион жеті жүз мыңға жеткізді.

Экономикадан бөлек, ұлттық кадрды, ұлттық өнерді, езілген еңсемізді көтеріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бүгінгі күнімізге там-тұмдап жеткізіп еді. Бүгін Мәскеу төріміздегі асылдың орнына көлденең көк аттыны қонжитты. Енді күндерің қалай болар екен, момын халқым, қайран қазағым?!. Өң-басы басқаның – ісі басқа. Бастарыңнан сипап, бақтарыңды аша қояр ма екен?!. Жоқ, әлде Махамбет пен Абайдың зарына қайта алып бара ма? Әй, қайдам?!.. Менде күдік басым, шырақтарым. Момынның мәймөңкелеп өткен күні құрысын!» – дегенде залдағы бүкіл студенттердің бойында от шарпығандай әсер қалдырған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастармен бірге ұлтының болашағын ойлаған зиялылар да қудаланды. Тоқпановқа буынсыз жерден пышақ ұрып, оны жардан итеріп жіберуге қаншама рет әрекеттенсе де, арам пиғылдары іске аспады. Шындықтың жолы шырғалаң. Жауларының бетіне тіке қарап жүріп, 1994 жылы өмірден өтті. Асқар Тоқпановтың: «Дананы дана ғана ұғады, балуанды балуан ғана жығады, лайланған су тұнады», – деген ұлағатты сөзі бүгінде шәкірттерінің аузында жүр. Бүгінгі ауылдың аты өзгеріп, Асқар Тоқпанов болып жатқаны – елінің ерін ұмытпағаны. Алматы облыстық ономастиканың қара қазанында он жылға жуық қайнап жатып, бүгін құтты орнына қойылды. Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ең алғашқы жылы әкім бола салып киелі Іле жеріне келгенде берген уәдесі орындалды. Ел тұтқасын ұстап жүрген азаматтарға арда халықтың алғыстан басқа айтары жоқ.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button