ӨЛМЕСТЕЙ СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН ДАРА ТҰЛҒА
Қазақ әдебиетінде өзіндік соны ізін қалдырып, «Балалар әдебиетінің атасы» атанған тұлғалар кемде кем. Үлкен кісілерге арнап роман жазу әрбір жазушының қолынан келгенімен, балаларға арнап, балалардың өмірін суреттеп жазу, баланың танымына сай етіп жазу оңай емес. осындай үдеден шығып, шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдердің өмірінен алынып, соларға үлгі болардай өресі биік шығарма жазу – таланттың талантының қолынан ғана келсе керек-ті. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезде қазақы танымды, ұлттық колоридті жаңғыртып, дала адамының болмысын, ата-әженің тәлімін алған ұлтжанды ұрпақтың бейнесін беру арқылы өзінің көзқарасы мен ұлттық ұстанымын жеткізе білген балалар жазушысының бірегейі – Бердібек Соқпақбаев. Биыл дара тұлғаның туғанына 100 жыл толып отыр.
Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 13 қазанда Алматы облысы Нарынқол ауданының Қостөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі қарапайым малшы болған, оқымаған жан болса да ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген дейді. Балаларының анасы көз алдында дүние салды. Ол кезде Бердібек небәрі сегіз жаста болған. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті.
Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін арман қуып, Алматы қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1949 жылы бітірген. Содан кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.
Институт бітірген соң Бердібек Бәшен атты қызға үйленді. Аз уақыттан кейін ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастады. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті. Балалармен бірге жұмыс істегені оның балалар әдебиетіне тың серпіліс әкелуіне ықпалын тигізді. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы Бердібек Соқпақбаевтың тырнақалды туындысы «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырмандарын бірден тапты.
Күшігім менің саққұлақ,
Келеді әне шапқылап,
Сақтығыңды көрейін,
Қойшы атайға берейін, — деген мектеп оқулықтарындағы өлеңнің авторы да Соқпақбаев.
Бердібек Ыдырысұлы Алматыға әдеби ортаға келіп, журналистикаға бет бұрып, «Балдырған», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдары редакцияларында қызмет етті. «Қазақфильм» киностудиясында редактор болды. Оны үнемі бала тәрбиесі мен педагогика мәселелері толғандыратын. Б. Соқпақбаев шығармаларының көпшілігі өз өмірінен алынған.
Бердібек Соқпақбаев өлеңнен прозаға ауысты, сол екі қасиет біріге келе сценарий жазатын болған. Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.
Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері балаларға арналса, «Бозтөбеде бір қыз бар» жасөспірімдерге, «Өлгендер қайтып келмейді» романы ересектерге арналып жазылған. Оның «Қайдасың, Гауһар» повесінде жазушының бірінші әйелі Бәшенмен тұрған кезі, басынан кешкен оқиғалары қаз қалпында бейнеленген.
Б. Соқпақбаев 1952 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жазушыны танымал еткен «Менің атым Қожа» повесін 1957 жылы «Балалар әдебиеті» баспасы басып шығарды, кейін орыс тілінен әлемнің 68 тіліне аударылып және шетелде басылып шықты. Автордың сценариі бойынша туынды негізінде түсірілген осыған аттас фильмі Канн Халықаралық кинофестивалі сыйлығының иегері.
Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердікбек Соқпақбаев деуге негіз бар. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. «Балалық шаққа саяхат» повесінде жазушы анасының ұзақ ауырып қайтыс болғанын, емшектегі інісі Тұрдыбек тоқтаусыз жылап қалғанын жазған. Жұпыны үй ішінде бір үзім нанға зәру күн кешкенін бейнелеген.
«Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын», — деп жазды қаламгер естелігінде.
«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!», — дейді Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат» повесінде.
Жазушының туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, сахнада, экранда көрсетілді.
Бердібек Соқпақбаевтың кей шығармасы бірнеше жыл бойы қолжазба күйінде жатып қалған. Күллі қазақ білетін «Менің атым Қожа» повесі де алғашында протестік шығарма деп танылды. Сондықтан, алдымен орыс тіліне аударылып, кейін ғана қазақ тілінде басылды.
Соған қатысты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Қоғамдағы, идеологиядағы жалғандыққа іштей наразылығы қаламгер романдарының эпизодтарында ашық беріледі» — дейді.
Бердібек Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған, одақта 1952-1970 жылдары түрлі қызмет атқарды. Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының шет тілдерге аударылуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірі – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Тегіне тартып, елдің аударма ісіне еңбек сіңірді. Бердібек Соқпақбаевтың талай шығармасын орыс тіліне аударды.
«Менің атым Қожа» повесін әкемнің көзі тірісінде аударып, өзіне көрсеттім. Бұл менің шығармашылық жұмысымның алдыңғы қатарында болған жұмыс. Әкем аударманы ұнатып, жазған еңбегімді қабылдады. «Балам, шығармашылық жолмен жүре бер, қолыңнан біраз нәрсе келеді» деген әкемнің лебізі бар», — дейді Соқпақбаева.
«Қай шығарманы алсаңыз да, үлкен шеберлікпен жазылған… Өте ақылды, жүрегі жомарт кісі болатын. Балаларды жақсы көретін. Біздің отбасыда бізбен бірген тұрғанда мен де еркелеп өстім. Анам да әкемнің шығармашылығын сыйлап, бар жағдайын жасап жүрген әйел болатын», — дейді қызы.
«Бердібек марқұм көп ашуланатын. «Балалық шаққа саяхатта» өз мінезі туралы «Ыза болсам, күйіп-жанып, дызақтап кетемін. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады» дейтіні бар ғой. Сондай еді марқұм. Басын кесіп алса да, илікпейтін. Сол кішірейе білмегендігінен де барлық сыйлықтан құр қалған болар. Мақтау қағазын да алмай өтті ғой», — деген бірінші жары Бәшен Баймұратқызы.
Бердібек Соқпақбаев бірінші жарымен екіге айырылған соң бірнеше жылдан кейін Бибігүл есімді қызға үйленген. Одан Әлнұр және Мұхтар деген екі ұл сүйді.
1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ жазушы лауреат атанбаған. Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қаламгер «Халық жазушысы» деген атаққа ұсынылған. Алайда кейін сол атақ алғандар ішінде Соқпақбаевтың есімі болмай шыққан.
Десе де, мемлекет тарапынан ешқандай сыйлыққа ілікпесе де, Соқпақбаев өз соқпағынан жаңылмады. Өзінің сүйікті оқырмандарына тың туынды беруден жалықпады. Ол жан-тәнімен өзі өмір сүрген дәуірге, қоғамдық құрылысқа, мемлекеттік басқару үрдісіне қарсы болып, оны шығармаларында бейнелеп жеткізіп отырды. «Менің атым Қожа» повестінде балалық шақтағы қарсылығы бой көтерсе, «Ергежейлілер еліне саяхат» атты туындысында Кеңес үкіметінің ұр да жық әрекеттерін ашықтан ашық сынайды. Қаламдас жолдастарының айтуынша, жазушының осы шығармасы оның беймезгіл шақта өмірден өтуіне себеп болған екен.
Иә, көзінің тірісінде құрметтеліп, мемлекет тарапынан сый-сыяпат көрмесе де, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, елдің ыстық ықыласына кенелген ұлы тұлға биыл ғасыр жасап, 100 жасқа толып отыр. Қазақтың белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның еске алынатын Күнтізбесіне енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жазушының 100 жылдығын мерекелеу басталды. Б. Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда ескеркіш орнатылып, жазушының есімі саябаққа, білім мекемелеріне, облыстық кітапханаға беріледі деп жоспарлануда.
Мұндай айтулы шарадан Іле ауданы да қалыс қалмады. Ауданымызда жаңадан ашылған іргелі оқу орнының бірі №53 орта мектепке Бердібек Соқпақбаевтың есімі беріліп, жазушының аты ұлықталып, округ, аудан деңгейінде мерекелік кештер ұйымдастырылуда.
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім, қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейді тек дана сөз, — деп өзі жазғандай, артында қалған мол мұрасын сүйіп оқитын, Қожамен бірге ер жетіп, есейген шақта балалық шағына саяхат жасап, дарынды тұлғасын ардақтайтын халқы барда Бердібек те өлмек емес. Себебі, ол өз атын өлместей етіп қазақ әдебиеті тарихында қашап жазған ұлы тұлға. Халық даналығындағы «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек.
Өз тілшіміз