Диар Ануарбек өлеңдері
ЕСІМДЕРІН ҰЛЫҚТАП
ЖЫР ЖАЗАМЫЗ
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнау
Мың тоғыз жүз қырық бірде соғыс болды,
Өткізді елім қаншама қиын жолды.
Отан үшін от пенен оққа түсіп,
Ардагерлер, болашағың аман калды.
Тоғызыншы мамырда бақытты күн,
«Жеңіс» кеп ұмыттырды уақыт мұңын.
Аялап, қастерлейік, ардагерді
Арнаған жеңіс үшін әрбір күнін.
Ардагерлер – аяулы арман ерлер,
От жалын боп майданда жанған ерлер.
Елімді жаудан алып қалған ерлер,
Кешегі сұм соғыста майдангерлер.
Қатал жаудан жүрегі шайлықпаған,
«Аттан» деген бұйрықты жай құптаған.
Сіздер нағыз ержүрек батырсыздар,
Дұшпанға қарсы тұрған, қаймықпаған.
Тәуекелге бел буып шапқан жауға,
Атаңменен бола ма мақтанбауға?
Есімдерін ұлықтап жыр жазамыз,
Осынау бейбіт күнде, ақ таңдарда.
Ардагерлер, мың алгыс сізге бізден,
Шын жүректен айтамыз, шын лебізбен.
Жеңіс күні – мерекең құтты болсын,
Шашу шашам сіздерге жыр теңізден.
«Сөз Маржан» Collaboration Fest
ТАЛАНТЫМЕН ТАМСАНТҚАН
ДАРА ТҰЛҒАМ
Қадыр Мырзалиевке арнау
Қазақылық иісі бар жырларында,
Сахараның салты бар сырларында.
Табиғатты өлеңге арқау етсе,
Абыз болып шертеді мұңдарын да.
Ақ құндағы Жымпиты – Оралдағы,
Алматыға жетелеп өр арманы.
Қадір тұтқан қазақтың Қадыры боп,
Алты Алаштың атанған ол ардағы.
Ел дегенде көрмеген қалыс тұрып,
Шет елдікке қазақты таныстырып.
«Тарих деген халықтың іргетасы»,
Ел тарихын қорғаған жаны ышқынып.
Таңғажайып өлеңнің өрісінде,
Бәсі басым басқадан ел ішінде.
Жүректердің жол тауып түпкіріне
Асыл ойдың жүздірген теңізінде.
Сауын айтып жырымен айналаға,
Бәйтерегім қайтадан жайқала ма?
«Қызыл кітап – ол өзі қызық кітап»,
Сыр шертіп ең осылай қайманаға.
Талантымен тамсантқан дара тұлғам,
Қала елтіп жырына, дала тұнған.
Иіріміне жетелеп терең ойдың
Табиғатқа барынша ара тұрған.
Қалып қоймай ішінде қара түннің,
Қауырсынын от шарпып қанатыңның…
«Өз тіліңді құрметте», ол «арың» деп,
Қамын жеп өтіп едің ана тілдің.
Әкетсе де келмеске үзіп арман,
Сөз асылын тереңнен сүзіп алған.
Сары алтындай сөздерің ел жадында,
Өнерде өшпейтұғын ізің қалған.
Қуат алып жүрекке өлеңіңнен,
Сізге еліктеп кесте сөз өре білгем.
Жырларыңнан ұшталып өр талабым,
Өзің салған ізбенен келемін мен.
Диар Ануарбек,
№7 орта мектептің 10 «А» «Жас өрт сөндіруші» әскери-патриоттық сыныбының оқушысы