Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыЗнай нашихҚоғам

АҚПАРАТТЫҚ АҒЫМ СӘТ САЙЫН АУЫСЫП ЖАТҚАН ТҰСТА «ҚАЗПОШТА» ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТКЕ ИЕ?

Пошта қызметі – ғасырлар бойы адамдар арасындағы байланыс пен ақпарат алмасудың маңызды құралы болып келген салалардың бірі. Бүгінгі таңда ол тек дәстүрлі хат алмасумен ғана шектелмей, цифрлық технологиялар мен логистиканың қарқынды дамуының арқасында ауқымды және жан-жақты қызметтерді ұсынады. Өркениет дәуірінде жойылып кетуі тиіс мамандықтар тізімінде пошташының кәсібі бірінші тұратын сияқты көрінетін еді. Алайда елімізде байланыстың бұл саласына деген сұраныс әлі де жоғары екен. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін пошташының мәртебесі зор. «Қазпоштаның» жұмысы тек газет-журнал тарату мен хат тасымалдау емес. Сонымен бірге, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы беру, коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, депозитке қаражат аудару, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен, экспресс жолданымдармен және курьерлікпен де айналысады. Барлығы 50-ден астам қызмет түрін ұсынады. Тұтынушыларының дені – заңды тұлғалар.

Пошта дегенді естігенде хат жіберіп, хат қабылдап алатын қызмет ғана елестейді көз алдымызға. Алайда бүгінде «Қазпошта» АҚ-ның ауқымы кеңейген, жұмысы сан алуан. Беріге дейін айшылық алыс жерлерден хабар алуда үлкен маңызға ие болған пошта бөлімшелері ақпараттық ағым сәт сайын ауысып жатқан тұста қандай қызметке ие? Поштаның бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін пошташылардың кәсіби мерекесі қарсаңызда Іле АПБТ орынбасары Абдрасилова Нұргүл Сайлаубайқызымен әңгімелесіп қайттық.

– Нұргүл ханым, қайырлы күн! Ең алдымен өзіңіз жайлы білгіміз келеді. Қай өңірдің тумасысыз?

– Мен, Абдрасилова Нұргүл Сайлаубайқызы Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында туып-өстіп. Қазіргі №8 орта мектеп, біздің кезімізде В.И. Ленин атындағы мектеп болатын. Сол мектептің түлегімін. 1996 жылы мектеп қабырғасын бітіріп, тұрмыс құрдым. 2007 жылдан бастап оқуымды қайта қолға алып, қазіргі Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінің «Бухгалтер және аудит» мамандығын тәмәмдадым. Отбасын құрғанмын. 3 ұлым бар.

– Пошта қызметіндегі мансап жолыңыз қалай басталды? Қай салада қызмет етуді армандадыңыз?

Пошта саласында 2011 жылдан бері қызмет атқарамын. 13 жыл осы салада қызмет етіп келемін. Пошта саласына қатысым жоқ, әпкемнің ықпалымен осы салаға жұмысқа келдім. Бастапқыда есеп айырысу бөлімінде оператор қызметін атқардым. Одан кейін кейінгі бақылау бөліміне ауыстым. Бүгінгі Кенен Әзірбаев ауылындағы бөлімшеде басшылық қызметте отырдым. Кейін сұрыптау бөлімінің басшысы лауазымына ауысып, соңғы 2 жылда Іле АПБТ орынбасар қызметін атқарып келемін. Оқырмандарға қызық әрі, таңғаларлықтай естілуі мүмкін. Алайда, мен бала кезімнен әскери қызметте жұмыс істеуді армандайтынмын. Мектеп қабырғасын аяқтап, тұрмыс құрған соң бұл арманыма жете алмадым. Өкінбеймін. Өзіме ұнайтын салада, құрметке бөленіп келемін.

– Нұргүл Сайлаубайқызы, цифрлық технологиялардың дамуы пошта қызметіне қалай әсер етуде?

– Интернеттің пайда болуы мен цифрландыру дәуірінің басталуымен пошта қызметі де айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Дәстүрлі хаттар мен сәлемдемелер жөнелтудің орнын электрондық пошта, онлайн хабарламалар және әлеуметтік желілер басып жатыр. Дегенмен, біздің поштамыз бұл жағдайда да өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше жаңа технологияларды игере отырып, қызмет көрсету сапасын арттырудамыз. Қазпошта» АҚ-ның төрағасы Жанасова Әсел ханым еліміздегі пошта жүйесін қарқынды дамытып жатыр. Қазіргі таңда пошта қызметтері тауарларды жеткізумен тығыз байланысты. Онлайн сауданың дамуы пошта қызметін маңызды логистикалық ортаға айналдырды. Курьерлік жеткізу, халықаралық сәлемдеме жіберу, жылдам экспресс-жеткізу сынды қызмет түрлері сұранысқа ие. Мәселен соңғы жылдары өздеріңізге белгілі «AliЕxpress» және «TEMU» сынды қосымшалардан алынған тапсырыстарда жеткізуде поштаға сұраныс жоғары.

Цифрлық технологиялардың арқасында пошта қызметі көптеген жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Мысалы, пошта бөлімшелерінде автоматтандырылған жүйелер енгізіліп, сәлемдемелерді қадағалау және жеткізу уақыты қысқартылды. Сонымен қатар, электронды пошта жәшіктері, пошта арқылы қаржылық қызмет көрсету, салық төлемдері мен мемлекеттік қызметтерді алу сынды функциялар кеңінен қолданысқа енді.

– Аудандық пошта бөлімінде қанша қызметкер бар? Қызметкерлерді мотивациялау және қолдау мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Біздің аудан бойынша «Қазпоштаның» 28 бөлімшесі бар. Жалпылай алғанда 145 азамат қызмет атқарады. Айта өткендей, технология дамыған сайын, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту аясында облыстан арнайы мамандар келіп, оқыту, тәжірибелер ұйымдастырып тұрады.

– Аудандық «Қазпошпа» қандай қызмет көрсетеді? Қызмет түрлеріне тоқтала кетсеңіз?

Қазпоштаның негізгі қызмет түрлері:

Пошта және сәлемдеме қызметі: хат-хабар жіберу, EMS қызметі, сәлемдеме жіберу және алу;

Қаржылық қызметтер: зейнетақы және жәрдемақы төлемдері, төлем карталары, онлайн банкинг, коммуналдық төлемдер;

Логистика және жеткізу қызметтері: логистикалық қызметтер, онлайн дүкендермен жұмыс;

Цифрлық қызметтер: электронды пошта, электронды сауда алаңдары;

Мемлекеттік қызметтер: мемлекеттік қызметтерді алу, салық және айыппұл төлеу;

Жазылым және баспа өнімдері: газеттер мен журналдарға жазылым, баспа өнімдерін тарату;

Филателия: пошта маркаларын сату.

Қазпошта осындай кең ауқымды қызметтерді ұсына отырып, пошта, қаржылық және логистикалық қызметтерді бір платформада біріктіріп, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады.

– Халыққа қызмет көрсету ошағының бірі болғандықтан, азаматтар қандай өтініш немессе шағымдармен келеді?

– Қазпоштаға халық түрлі өтініштермен келеді. Көбіне сәлемдеменің, жеткізу мерзімінің кешігуі, зейнетақы мен жәрдемақы бойынша өтініштер түседі.

– Тұтынушылардың тауарды уақытылы алуы қаншалықты қадағаланады? Ахаулар жиі болып тұрады ма?

– Әрине ахаулар орын алады. Алайда жиі деп айта алмаймын. Көп жағдайда тұтынушылардың сәлемдемесі жетпей қалуының басты себебі – мекенжайдың дұрыс жазылмауынан орын алады. Бұл жағдайда сәлемдеме қайтарылып, тұтынушы өтініш жазып, жіберу қайта рәсімделеді. Тауардың қауіпсіздігі мен жеткізілу уақыты қатаң қадағаланады. Тұтынушылар «QazPost» жүйесі арқылы сәлемдемелерінің қай бағытта, қайда келе жатқанын бақылап отырады.

– Нұргүл Сайлаубайқызы, мансабыңыздағы негізгі жетістіктер қандай? Жұмысыңыздың оң және қиын тұстарымен бөлісе кетсеңіз?

– Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Әрбір істе кәсібилікпен қатар адамның өз ісіне деген сүйіспеншілігі керек. Пошта саласында да түрлі қиындықтар кездеседі. Мен үшін жұмысымның қиындығы жоқ, өзіме ұнайды. Бұл сала қиындық тудырып, ұнамаса 13 жыл қызмет жасамас едім деп ойлаймын.

– Нұргүл ханым, жас ұрпаққа берер кеңесіңіз қандай?

– Пошта саласына қызығушылық білдіретін жастар аз емес. Бізге тәжірибеден өтуге келуші жастардың арасында осы салада жұмыс істеуге қалатын мамандар бар. Алайда, тәжірибе жинап, басқа салаға ауысып жатады… Жастар осы саланың маңыздылығын түсінсе екен деймін. Пошта саласы жұмысы жан-жақты әрі қызықты салалардың бірі. Жас ұрпаққа пошта саласы болсын, қай саланы таңдасаңыздар да жүректеріңізге жақын, сүйетін мамандықты таңдаңыздар дегім келеді. Қай саланы алсақ та еліміздің өркендеуі үшін септігін тигізері анық. Бастысы сүйікті жұмыс, адал еңбек.

– Базар нарығы қымбатшылыққа ұрынып тұрған шақта азын-аулақ қаржыға жұмыс істеп жүрген жандар қаншама. Осы тұста жалақы мәселесі сіздерде қалай?

– Иә, әрине кез келген сала болсын жалақы мәселесі басты назарда. Адал еңбек бағалануы керек. Қазіргі жастардың талабы жоғары. Поштадағы ең төменгі жалақы 100 мың теңгенің көлемін құрайды.

– Мереке қарсаңында, әріптестеріңізге, газет оқырмандарына айтар жылы лебізіңіз болса мархаббат…

– Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіз – қоғамдағы маңызды байланыс жүйесінің іргетасы, халыққа қызмет көрсетудегі жауапты да қиын жұмыс. Хаттар мен сәлемдемелерді уақытылы жеткізу, қаржылық қызметтерді ұсыну және әрбір клиентке сапалы қызмет көрсету арқылы сіздер күнделікті өмірді жеңілдетуге үлес қосып келесіздер. Бүгінгі мерекеде сіздерге зор денсаулық, қызметте табыс, отбастарыңызға амандық және жаңа жетістіктер тілейміз. Әрдайым еңбектеріңіз жемісті болып, халық сенімін ақтай берулеріңізге тілектеспіз.

Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

– Сұхбатыңызға алғыз білдіре отырып, қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

 

Карима Мейрамбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button