Алматы облысының жаңалықтары

АҚШИГЕ АУЫЛ АЗАМАТТАРЫ АРКА САЛДЫ

Ауыл – ел бесігі. Осынау алтын бесіктің құшағында тербелген тұрғындардың тұрмысы жайлы, береке-бірлігі жарасқан, қанаты кеңге жайылып, халық саны артып келе жатыр. Оған Күрті ауылдық округіндегі Ақши ауылына жасаған сапарымызда көз жеткіздік. Аумағына Күрті, Бозой сынды елдімекенді қамыған шағын округ, қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Кеңес үкіметі кезінде төрт түлігі төсінде өріп, алқабынан алтын дән өнген аймақтың тыныс-тіршілігі тоқырау жылдарында біраз саябырлады. Содан бері Ақшидегі жүдеу күй кешкен жұрттың соңғы жылдарда жаны жадырай түскендей. Өйткені, ондағы жаңғырған және жаңарған әлеуметтік нысандар өңірдің түлеуі мен түрленуіне жол ашқан. Округті аралаған сапарымызда өңір аумағында бой көтерген заманауи әлеуметтік нысандарды көріп, қазақы ауылдың көркем болашағына көңіл қуантып қайттық. Оның үстіне ауылдың кіре берісіне ауыл азаматтары бірігіп биік қақпа арка салыпты. Оған өзіміз куә болдық. Биіктігі – 5 метр, ұзындығы – 12 метір екі жағында ақшилік ержүрек азаматтардай екі арыстанның мүсіні орнатылған, ал арканың маңдайшасына шаңырақ белгісін салыпты. Бір шаңырақтың астында ауызбіршілікте,  бай-қуатты өмір сүруді көрсетіп тұр. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, арка салудың басы-қасында жүрген  ауылдың Серік Молдабаев сынды қайсар ұл-қыздары «Мұнымен тоқтамаймыз, алдағы уақытта мешіттің жанынан хатымхана сынды нысандарды саламыз» деп ниеттеніп отыр. Арканың ашылуынан кейін ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, разылықтарын айтты.

«Өсер елдің керегесі кең болар»,– демекші, өңірдің әлеуметтік әлеуетін таныстырмаққа жол бастаған округ әкімі Төлеген Омаров ең алдымен қазақы ауылдың қанаты кеңге жайылып келе жатқандығын тіліне тиек етті.

Округті аралаған сапарымызда ауыл шараушылықтың, оның ішінде түйе шаруашылығы қолға алынып, дамып келе жатқанын байқадық. Демек, Ақши округінде ауылшаруашылық өндірісінің тамырына қан жүгіріп келеді деген сөз. Бұл үдеріс ауыл жұртшылығын жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік береді деп сендік.

Ауылдастардың қауымдасып істеген тұщымды тірліктеріне куә болдық. Өңірдің жарқын келешегіне бастар кешенді жобалардың қолға алынып жатқанына көзіміз жетті. Қысқасы, қазақы ауылдың жаңа келбетіне көз тояды, тірлігі де берекелі. Ауызбірлігі бір ауылдастардың алдағы игі істеріне ақ жол тілеп қайттық.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button