Алматы облысының жаңалықтарыТұлғаЧапаев ауылдық округі

ӨШПЕС ІЗІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗЫМ

Елінің дамуына тамшыдай болса да үлесін қосып, өмір сүрген ортасына, балғын балауса бүлдіршіндерге білім беруде еңбек жолын бастаған, жанға жайлы сөзімен де, ісімен де талап биігінен шыға білген зиялы жандар аз емес. Шалғай ауылда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұңғыш қазақ сыныбын ашқан ұлағатты ұстаз, ардақты ана – Жаңыл Имашева. Білім саласында 45 жыл тәжірибесі бар өрелі тұлғамен, сүбелі сұқбат жүргізген едік.

– Ақиқаттың адамы, қайсар жан атанып кеткен Жаңыл Имашеваның өмір жолын бір шолып өтсек?

– Мен Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауылында дүниге келдім. Өскеменнің педагогикалық институтын бітіріп, ұстаздық жолға түстім. Ол кездері ұйымдастырушылық жұмыстарға жақсы араласатынмын, себебі қоғамдық жұмыстарға жаным жақын. Адамдармен аралас-құралас болған ұнайды. Жолдасым оқу оқыды, сондықтан, отбасылық жағдаймен 1977 жылы осы қазіргі Байкент (ол кезде Чапаев) ауылына көшіп келдік. Жұбайымның қайтқанына биыл 30 жылдай болып қалды. 1977 жылдан бастап, Қараойдың мектебінде қазақ және орыс тілінде сабақ бердім. Содан кейін кешкі мектепке ауыстырды. Ол жерде түрлі партияларды басқардым. Кейін сол кешкі мектептің директоры болып тағайындалдым. Ол кездері кешкі мектеп Қараой және Чапай ауылдарында болатын.

– Кешкі мектеп деп отырғаныңыз, қандай мектеп?

– Кешкі мектеп — 40 жасқа дейінгі мектеп табалдырығын аттамаған адамдарды оқытатын мекеме.  Ол жерде көбіне құс фабрикасында және  Чапаев совхозындағы жұмысістейтін40 жасқа дейінгі қызметкерлерді оқытатынбыз. Кейін ол қысқарып, Междуреченск сынды маңайдағы ауылдарды қоса бастағаннан кейін, басқа жұмысқа ауысуға бел байлап, 1986 жылы 10 мектепке ауысып кеттім. Мектеп қабырғасында орыс сыныптарына қазақ тілден сабақ бердім.

– Сізді осы ауылда қазақ тілі қоғамын құрған, қазақ сыныбын алғаш ашқан ұстаз дейді? 

– 1989 жылдары Республика бойынша Қазақ тілі қоғамы құрылып жатты. Оның бастамасын Әбдуәли Қайдаров деген кісі бастаған. Ол қазақ тілін жетілдіру мақсатында түрлі конференция ұйымдастыратын. Мен осындай ұйымды Чапаев ауылында құрдым. Содан ауылдағы орыс өкілдерін оқытуды жоспарға қойдым. Жұмысшы кооперативтерінің саудагерлерін,  түрлі фабриканың жұмыскерлерін қосымша тегін оқытатынбыз. Солай Чапаев ауылында алғаш Наурыз мерекесін өткізе бастадым. Басы-қасында жүріп, өзім сценарийін жазып, ұйымдастырдым. Мектеп директоры Жұмаған Тасыбеков те менің бастамамды қолдаған жанашыр азамат қой.  Ол кісі «Апай осы шаршамайсыз ба?» — деп қалжыңдап қоятын. Кейін  «Қазақстан егемендік алды» дегенде орамалымды лақтырып қуандым. Енді осы егемендік жолында қазақ болу үшін не істеуге болады деп ойға баттым. Енді қазақ сыныбын ашсақ қайтеді дедім. Ол кездері 15 шақты үй қазақ шаңырағы болатын. Мен алғаш келгенде отау тіккен бірінші қазақ отбасысы болғанбыз. Өзгенің бәрі неміс, орыстар. Ол кісі «Шамамамыз келе ме?» деп сұрады. Жан-жақтағы кісілермен ақылдасып, қазақ мектебін ашуға шындап кірістік. Алайда кедергілер көп болды. Ең алдымен мекеме табу керек болды. Алайда барлығы дерлік мекеме беруден бас тартты. Әкімшілікке бардық, барлығы орыс, тағы мектеп ашудың не керегі бар деп шығарып салды. Мектептерден қолдау іздедік, бірақ ақырында ұлтшылсың деген сөзге қалдық. Себебі, ауыл тұрғындары қазақтарға жабайы адамдарды көргендей қарайтын. Үлкендер былай тұрсын, балаларының өзі «Сен кімсің?» «Қайдан келдің, түрің неге осындай?» — деп кемсіте сөйлейтін.  Қазақ тілін сабақ деп қабылдамайтын.

– Үй-үйді аралап жүріп, қысқасы 9 бала жинадым. Білім бөлімі  9 бала болса қазақ сыныбын ашуға болады деп, әйтеуір айналаммен тартысып жүріп, дегеніме жеттім. Ата-аналарын көндіріп, орыс балаларын қосып бас-аяғы 9 баланы жинадым. Енді сыныпты ашуын ашып, мұғалім таппаймыз.

Содан 31 тамыз күні автобуста келе жатсам, маған бір кісі сіз 1 класс қазақ сыныбын ашыпсыз ғой. Әрі балаларды өзіңіз алатын болыпсыз деді. Мен жылап жіберіп, оны бере алмайтынымды айттым. Себебі ондай тәжірибе менде болған жоқ. Алайда мұғалім болмағандықтан, жыл аяғына дейін өзім сабақ бердім. Бұл уақытқа дейін оқушы саны 11-12 болды.

– Қазақ сыныбын ашқан кезде қандай қиындықтармен кезіктіңіз?

– Қазақ сыныбын жүргізу өте қиын болды. Себебі, кітап жоқ, программа жоқ, дәптер мен қаламнан басқа қолымызда ештеңе болған жоқ. Қайта ата-аналарға алғыс айтамын. Біреуі Шымкентке, екіншісі Талдықорғанға, үшіншісі Қызылордаға кетіп, жан-жақтан кітап жинап әкелді. Содан кейін 10 сыныпты бітіргенге дейін мектепті 26 бала бітірді. Содан жылдан жылға оқушылардың да, ұстаздардың да қатары көбейе берді. Менен кейін аяулы ұстаз марқұм Тәжімаханбетова Ақшагүл жарықтық 1 сыныпты алды. Осылайша алғаш қазақ сыныбының іргесін қаладым. Оған дейін аудан бойынша қазақ тілді сынып ешқай жерде ашылмаған болатын. Кейіннен Чапаевта ашылған қазақ сыныбынан кейін Междуреченск, Өтеген батырда ашыла бастады.  Енді осы мектептен отау құрылып, 45 мектеп шықты. Онда да 1000 нан астам қазақ балалары болды. Өзіміздің Чапаевтан мыңға таяу бала болды. Ал қазір 24 жылда 2000-нан астам бала оқып жатыр. Осылай қазақтар қатары көбейіп, Наурыз сынды ұлттық мейрамдарымызды бәріміз тойлап, үй-үйді аралап шелпек таратып, дастархан жайысып, бұл үрдісті де қалыптастыра алдық. Орыс халқы да біздің әрекеттерімізден кейін біртіндеп жинала бастады. Наурыз мейрамы болғасын, міндетті түрде ән айтылу керек. Ән айтатын кісі жоқ. Өзімнің айналамда 5-6 құрдасыммен сахнаға шығып, үйтіп-бүйтіп ән айтып шығатынбыз. Осыдан кейін  группа құру керегін түсініп, бұл істі қолға алдым. Ол кейіннен ансамбльге айналып, күні бүгінге дейін әлі де өнер көрсетіп жүр. Бірінші сыныпты алу өте қиын болды. Сабақ басталғанда оларды балапандар ұқсап ертіп алып жүретінмін. Бір реттері 1 сынып оқушысы мектепке келмей қалды. Кешке апасын ертіп келіп тұр. Мен сасқанымнан не болды деп сұрап едім, апай сіз біреу тиіссе төбелес демеп па едіңіз. Мен әткеншекте отырған кезімде, бір бала келіп мені түртеді. Мен қарап тұрмай төбелесе кеттім, содан қолым сынып қалды дейді. Осы жағдайдан кейін төбелесіңдер деп айтуды қойдым. Мұғалімдер Жамал апайдың балалары «боевой», өзі секілді деп күлетін. Осылай төбелесіп жүріп, ортадан орын алдық қой.

– Мектептегі өміріңіз мен ұжымыңыз жайлы не айта аласыз?

– №10 мектеп 1974 жылы салынып, жаңа мекемеге көшкен едік. Алғашында бізді онша жақтыра қоймады. Өзге адамдар тарапынан түрткі де көрдік, сөз де естідік. Алайда Жұмаханның мықтылығының арқасында бізге қатты сөз тие қойған жоқ. Сабақ бере алмайтын, сөйлей алмайтын қазақтар да болды. Менің өзім еркіндікті жақсы көрдім. Айналаммен араласып, ұлдар- қыздармен жұмыс істеп, бара-бара ұжымыма сіңісіп кеттім. Кейін қазақ тілінен бөлек 5-6 сыныптарға тарих пәнінен сабақ бердім. Орыс тілінен де сабақ беріп жүрдім. Біртіндеп қазақ мұғалімдер келе бастады. Қазір,шүкір, мектепте тек қазақтар ғана жұмыс істейді.

– Сол кездегі білім мен қазіргі білімді салыстыра қарастырсақ, не жетіспейді деп ойлайасыз?

– Қазіргі уақытта білімде болсын, тәрбиеде болсын ең негізгісі – тәртіп жетіспейді.  Менің бірінші қағидам – тәртіп. Тәртіп болмаған жерде сабақ болмайды. Сол тәртіптің арқасында ол кездері мұғалімдерді алақанға салып көтермелейтін. Ақпарат ағымы қазір толассыз ағып жатыр. Балалар керегі болсын, болмасын өзіне сіңіріп алады. Қарапайым мысал, тарап жатқан түрлі ойындар. Олардың салдары жазықсыз бүлдіршіндердің өмірін қыршынан қиюға әкеліп жатыр. Ал біздің кезде ақпарат алатын көздер көп болған жоқ. Біз балаларға керегін тауып, соны ұсынатынбыз. Қазір ондай сұрыптау жасау мүмкін емес.  Негізінен біздің қазақ тез көнгіш. Себебі біздің болмысымыз, біреу бізге жымия қараса соған жығылып түсеміз. Ар жағынан арамадық ойламаймыз.  Бірақ соның әсерінен болар, қазақ өздерінің ұлттық қасиеттерін жоғалтып алған іспетті. Бәрі емес, әрине, бірақ бар. Сол себепті тізгіндейтін тәртіп болу керек. Тәртіп бар жерде білім де, тәрбие де, денсаулық та болады.  Одан кейін қандай жұмысты қолға алсаң да ақ көңілмен шындап кірісу керек. Оның ақысы аз болсын, көп болсын соны ақтау қажет. Жеке басым солай деп есептеймін.

– Балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Әкемнің аты Уалхан Жорағатов. Соғыста қаза болды. Шешем 4 қызды өсірді. Мен үшінші қызбын. Анам бөлек шығып кеткен кезде, мен ата-апамның қолында қалдым. Сол кісілердің тәрбиесін көріп өстім. Анам осы Чапаев ауылында, менің қолымда 90 жасында қайтыс болды. Анамның есімі – Адасқан Бүркітбайқызы. Ол кісі өмір бойы бидай тазалайтын нысанда жұмыс істеген. Сондай адуынды, пысық бір өзі 70 киллограм қапты көтеріп, жүріп кететін. Не деген күш деп сол кездері де қазір де, тамсанамын

– 45 жыл тәжірибеңіз бар ұстазсыз, қазіргі өз әріптестеріңізге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Ең бірінші, білімді болу қажет. Себебі, ұстаз өз білімін өзгелерге дәнек етіп егеді. Сол дәнектен ертеңгі күні елінің іргесін бекем ұстайтын мықты тұлғалар шығады. Екінші, жүрек пен мамандығыңа деген сүйіспеншілік. Өз салаңды жақсы көрсең, сен оның ақысына да, қайтарымына да қарамайсың. Өкінішке орай, қазіргі ұстаздардың көбі жалақыға құнығып кетті. Өз деңгейін, тәжірибесін  ақшамен сатып алады. Бұл дұрыс емес үрдіс. Ұстаз еңбек етуге, балаларды білім нәрімен сусындатуға құштар болу қажет. Егеменді ел ертеңінің болашақ ұрпақтарына сапалы білім беріп, саналы түрде тәрбиелеу ұстаздардың міндеті болса, сол ілімді оң арнаға беттеп, елі үшін таянбай еңбек ету жастарымыздың есесінде. Сол себепті тәуелсіз болашағымыз үшін біз болып, сіз болып қос қолдап атсалысайық. Барында бар дүниені бағалайық!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button