Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

АЩЫБҰЛАҚТАҒЫ АҚ БАТАЛЫ ЖИЫН

Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні сондай терең. Қариялар халқымыздың өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керекті. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңестері, тәлім-тағлымдары ұрпақ үшін орны бөлек. Қай заманда болмасын қоғамда қарияларға деген құрмет, ізет-ілтипат ерекше болған, олардың даналықтары мен өмірден түйген мол тәжірибесінен  үлгі аламыз.

Жуырда Ащыбұлақ ауылдық округінің М.Түймебаев ауылында «RONAI» күрд этно мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гейдаров Гамзенің ұйымдастыруымен қарттарға арналған құрмет жиыны өткізілді. Шараның басты мақсаты – қарттарымызға деген құрмет пен алғысты білдіру, олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегін дәріптеу болды.

Жиын барысында «Алатау жастары» ұйымының мүшелері қарттарға қызмет көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ас дастарқаны жайылып, ұлттық тағамдармен бірге молшылық пейіл көрініс тапты. Жастар өздерінің қамқорлығы мен ықыласын көрсетіп, үлкендерге ерекше ықылас танытты.

Аудандық мейрамханаларының бірінде өткен мерекелік асқа 150-ге жуық зейнеткер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданның құрметті қарттары, аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Әмзе Әлдибекұлы, Іле ауданы аналар кеңесінің төрағасы Мейрамкүл Түйебайқызы, Алматы облыстық «Алатау жастары» ұйымының төрағасы Орынбасаров Нұрсұлтан, этно ұйымдардың мүшелері қатысып, жиналған қауымды құттықтап, зор денсаулық тіледі.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – ақсақалдардың ақ баталары болды. Олар жастарға алғыстарын айтып, болашақ ұрпақтың ізгі істерде белсенді болуын тіледі. Әсіресе, ұйымдастырушыларға арнап айтылған жылы сөздер мен баталар жиынның мәнін тереңдете түсті.

Мұндай шаралар жастар мен үлкендердің арасындағы сабақтастықты нығайтып, қоғамдағы сыйластық пен құрметті арттырады. Гамзе Гейдаров пен Алатау жастарының осы жолғы ұйымдастырған іс-шарасы үлкендердің де, жастардың да жүрегінде мәңгілікке сақталып қалары сөзсіз.

Бұл игі бастама алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табады деп сенеміз.

Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button