Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН ЖӘНЕ ЖЫЛЖЫМАЛЫ МҮЛІК

–  Еліміздің әрбір азаматының атында кемінде бір жылжымайтын және жылжымалы мүлік тіркелген. Олар үшін азаматтар  белгілі мөлшерде салық төлемдерін төлеп, ресми түрде арнайы кадастрлерге тіркеу әрекеттерін жасайды. Ал жеке қарамағыңыздағы мүлік жылжымалы ма, әлде жылжымайтын ба? Әр мүлікке салық төлемі қалай жүргізіледі? Осы сынды сауалдарға жауап беріп көрелік.

 – Жылжымайтын және жылжымалы мүлік дегеніміз не?

– Азаматтық құқықтық қатынастардың объектілері болып табылатын мүліктерді заң жылжымайтын және жылжымалы деп қарастырады.

– Жылжымайтын мүлік деп қандай да бір күш әрекеттерді қолданбай орнын ауыстыру мүмкін емес объектілерді айтамыз. Мәселен, жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүліктер.

– Жылжымайтын мүлік екі санатқа бөліп қарастырылады. Олар бастапқы және екінші объектілер. Бастапқы объектілерге жұмыс әрекетіне бағытталған ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысы үшін маңызды объектілер жатса, екінші объектілерге – жеке меншік пәтерлер, жапсарлас үй-жайлар, дүкендер, кеңселер және өзге де нысандар жатады.

– Ал жылжымалы мүлікке жермен байланыспаған және елеулі қасиеттерін жоғалтпай тасымалдауға болатын (тауарлар, жиһаз, ақша, құнды қағаздар, борыштық, куәліктер және т.б.) заттарды жатқызамыз. Одан бөлек, көлiк құралдарын, айналымдағы тауарларды, өнiмге және өзге де мүлiкке қатысты құқықтар да  жылжымалы санатына кіргізіледі.

Объектінің құқықтық режимі белгілі бір дәрежеде мүлік иесінің алатын құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін.

 – Аталған мүліктерге салық қалай төленеді?

– Мүлік салығы – бұл жылжымайтын және жылжымалы мүлік үшін мемлекетке төленетін жарна. Ол салық мөлшерлемесі мен салық базасы негізінде есептеледі. Төлемнің барлық мөлшерлемелері, шарттары мен ережелері ҚР Салық кодексінің 15-бөлімінде жазылған.

Салық, мейлі ол пәтер, саяжай, көлікжай болсын жылжымайтын мүліктің кез келген санатына төленеді.

Егер сіз мүлікті өзіңіз алған бағадан қымбатыраққа сатсаңыз және оған бір жылдан кем иелік етсеңіз, салық төлеуге міндеттелесіз. Оның есебі жалпы сомадан емес, түскен табыстан ғана алынады.

Мүлік салығы жеке және заңды тұлғаларға әртүрлі есепте салынады.

Жеке тұлғалар үшін салық жер учаскелеріне, тұрғын үйлге, ғимараттарға, көлікжайлар мен автотұрақтарға, жертөлелерге және жер учаскілеріне салынады.

Ал заңды тұлғалар үшін егер олардың мүлкі компанияға немесе жеке кәсіпкер ретінде өзіне тиесілі болса, онда барлық ғимараттар мен құрылыстарға салық салынады.

Бірақ сіздің қол астыңызда жер салығы төленетін жер учаскелері, Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған ғимараттар, құрылыс аяқталмаған объектілер және кәсіпкерлік қызметте қолданылатын тұрғын үй-жайлар болса, онда бұл объектілерге салық төлемдерін төлемейсіз.

– Салық төлемінің мөлшерін қалай көреді?

– Жеке тұлғалар үшін салықты дербес түрде есептеудің қажеті жоқ. Төлеміңіздің мөлшері автоматты түрде есептеліп отырады. Жеке тұлға оны kgd.gov.kz сайтынан, egov.kz электрондық үкімет порталынан, салық төлеушінің кабинетінен, өз банк қосымшасынан көре алады.

Жеке тұлғалар үшін мүлік салығының мөлшерлемесі салық базасына, яғни меншіктегі объектінің кадастрлық құнына байланысты болады. Мысалы, құны 2 млн. теңгеге дейінгі объект үшін салық 0,5% мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Ал құны 2 млн теңгеден артық объект үшін салық 1 000 теңгені + 2 000 000 теңгені шегергенде объект құнының 0,08% құрайды.

Мысалы, егер салық базасы – 4 000 000 ₸ болса, онда 1000 + (4 000 000 − 2 000 000) × 0,08% = 1000 + 1600 = 2600 ₸ төлеу керек.

Айта өтелік, мүлік салығы жыл сайын төленеді. Айыппұл есептелмеуі үшін оны есеп жылынан кейінгі жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет. Салық 1 жыл ішінде төленбеген жағдайда әрмен қарай іс сот орындаушыға өтеді.

– Салық төленбеген жағдайда заң не дейді?

– Қазіргі таңда көптеген іс қозғалу әрекеттері жеке не заңды тұлғаның қол астындағы жылжымайтын не жылжымалы мүлкіне салық төлеуден жалтарғаннан туындап жатыр. Салық төленбеген жағдайлар үшін борышкердің мүлкін тәркілеу, айыппұл салу сынды  заңмен қарастырылған шектеулер қойылады. Мәселен, бүгінгі таңда көлік мүлкіне қатысты заң бұзушылықтар көптеп кездесуде. Осындай мүлік тіркемеу әрекеттері әшкереленген жағдайда, көлікті мәжбүрлі түрде тартып алу немесе оны жүргізуді шектеу әрекеттері жасалады. Бұл шектеулерді жүзеге асыру «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 32 бабына(Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар) сәйкес жүргізіледі.

Аталған бапта борышкерлерге келесідей әрекеттер қарастырылған:

1) борышкердiң өзiндегi не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, мүлкiне және аударым операцияларына тыйым салу;

2) борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы мүлкін алып қою;

3) борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру;

4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;

5) борышкер мүлкiне сүргi салу;

6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;

7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де іс-әрекеттерді орындауына тыйым салу.

Заң – мемлекеттің ішкі тәртібін реттейтін пәрменді күш. Әр азамат заңмен бекітілген әрекеттерді бұлжытпай орындауға міндетті.  Сол себепті, құқық бұзушылықтан аулақ болып, қол астымыздағы кез келген мүлік түріне бекітілген салықтарды төлеп, тізгіндей тәртіпке қос қолдан бағынайық!

 

Айдын Омаргалиев,

Алматы облысының жеке сот

орындаушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button