Киелі Іле жерінде бау-бақша шаруашылығы тарихының
тамыры ертеден бастау алады. Қазіргі таңда ауыл шару-
ашылығының бұл саласы қарқынды жандануда. Өткеннің
тәжірибесі мен заманауи бау-бақша егу технологиясын қол-
данып, ауыл өнімдерін дамытуға құштар жандар арамызда
көбейіп келеді. Олардың қатарынан жаңа дәуірлік бағбан
Игорь Анатольевич озық тұр. Ол бүгінде жарты гектар жерден
халыққа қажетті біраз азықтық тағамдарын өндіру жұмыста-
рымен айналысады. Бағбаннан биылғы өнімнің қаншалықты
түсім түсіп, қандай қиындықтарға тап болғаны жайлы сыр-
ласқан едік.
− Ең алдымен Игорь, өзіңіздің кәсібіңіз жайлы айтсаңыз?
− Бұл кәсіп әкем Цой Анатолийдің бастамасымен 1998 жылы алғаш ашылған. Менің әкем көп жылдар бойы ауыл шаруашылығымен айналысқан кісі. Әкемнің ізін жалғап бұл кәсіпті бүгінгі таңда өз қолыма алдым. Алғашында біз техникалық дақылдарды өсірумен айналыстық. Ол кездері қант қызылшасын егу науқаны қарқынды жүрген. Кеңес заманында, қарап тұрсақ, еккен өнімдеріңіздің егу, шығу, жинау кезеңдері бірқалыпты болатын және олардың шығарына нақ кепілдік берілетін. Ал соңғы 7-8 жылда климаттың өзгеруіне байланысты шаруашылық саласында өзгерістер байқалып жатыр. Мәселен, күз кезінде айтарлықтай мөлшерде жаңбыр жаумайды. Соның салдарынан еккен дақылдар құрғақ жерде дұрыс өніп-өспейді. Су тапшылығы 2015 жылдан бері байқалып келеді. Жаңбыр суының аздығынан егістің күзгі көктеуі ойдағыдай жүзеге аспай жатыр. Бұл қиыншылықтың кесірінен техникалық дақылдарды өсіруден бас тартып, біртіндеп көкөніс түрлерін өсіруге көштік. Оның ішінде негізі екпін картопқа беріледі.
− Картоптан бөлек, тағы қандай көкөніс түрлерін өсіресіз?
Картоптан бөлек, капуста, пекин капустасы, асқабақ, қызанақ, бұрыштар және түрлі сорттағы өзге де көкөніс түрлерін өсіреміз. Көкөністі өндіріп-өсіру де оңайға соғып жатқан жоқ. Себебі, атап өткенімдей, климат өзгерісі бізге бұрынғы әдістерге жүгінуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті біз егіншіліктің интенсивті әдістеріне, соның ішінде тамшылатып суару сынды тәсілдерге көшуді біртіндеп қолға алып жатырмыз. Тамшылатып суару су мөлшерін үнемдеп қана қоймай, суда еритін тыңайтқышты кез келген уақытта, қажетті мөлшерде енгізу арқылы мүлде басқа өнім алуға мүмкіндік береді. Қазір барлық жабдық қымбаттаған. Одан шығудың бір ғана жолы – тамшылап суару. Шығындарды азайту үшін көбірек өнім алуды алға қойып отырмыз. Бұл жоспарымызды жүзеге асыру мақсатында өткен жылы 30 гектарлы жылыжай салуды бастадық.
− Аталған жылыжайда қандай өнімдер өсіріледі?
− Жылыжайда қызанақ пен бұрышты егіп көрдік. Алайда бұл көкөністерді алғаш рет егіп көргендіктен, дұрыс емес сортты таңдаған екенбіз. Салдарынан ешқандай өнім өндіре алмадық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Осы жылы кемшіліктерді ескере отырып, өнімдерді қайта егуге бел будық. Әзірге барлығы ойдағыдай жүзеге асып жатыр.
Жылыжайдан бөлек, жиналған өнімді сақтауға арналған көлемі 800 шаршы метрді құрайтын үлкен тоңазытқыштарымыз бар. Қазіргі таңда бұл тоңазытқыштарда шамамен 400 тонна Пекин қырыққабаттары сақталады. Қарап тұрсаңыз, жаз аусымында нарықта бәсекелестік деген өте көп және өзгелерден басып озу үшін өз бағасынан төмен бағада сатуға тура келеді. Бұл тұста айтарлықтай пайда көрмейсіз. Ал егер оны сақтап, жаздан кейінгі айлары сатар болсаңыз ол өнімге деген сұраныс артып, сәйкесінше бағасы жоғарылайды. Алайда бұл барлық өнімді сақтауға болады деген сөз емес. Кейбір картоп сынды өнімдерді сақтаудың ешқандай мағынасы жоқ, себебі еліміздің Солтүстік өңірлері бұл көкөніс түрімен қамтамасыз етіп отырады. Алдыңғы жылдары біз Пекин қырыққабатымен қоса, 200 тонадай асқабақты сақтағанбыз. Бірақ осы жылы асқабақты сақтамауды жөн көрдік.
− Кәсіби көзқарасыңыз бойынша асқабақтың қай түрін ең жақсы деп бағалар едіңіз?
− Әдетте бұл француз асқабағы – Мускат де Прованс. Бірақ ол сапалы болғанымен, үлкен әрі қолдануға ыңғайсыз. Сол себепті, жеке басым француз асқабағынан гөрі «Жапон» асқабағын құп көремін. Бұл гибридті асқабақ. Ол бір кездері Оңтүстік Кореядан Оңтүстік Қазақстанға әкелініп, сол жерге отырғызылған. Асқабақ бағасы өте қымбат болғанымен, өз сапасына тұрарлық. Әсіресе, Сеулге барып алсаңыз біздің бағадан 10 есе көп бағаға сатып аласыз. Әрине, бұл гибрид асқабақты отырғызып өсіруге көбісі талпынады. Мен де отырғызып, бағып-қағып өсірдім, бірақ бұл гибридтің бір кемшілігі нақты формасын сақтап өсірудің қиындығында. Мен жинаған өнімдер ұсқынсыз пішінде болды. Сол себепті бұл кемшілікті барынша түзету мақсатында агрономмен бірігіп, асыл тұқымды ойдағыдай өсіріп, жинауға бар күшімізді салудамыз.
− Өнімдеріңізді нарыққа шығару әрекеттері қалай жүзеге асады?
− Мен картоп сынды өнімдерімді өзім саудалауға бармаймын. Негізгі беретін нүктем Алтын Орда базары. Олар Жаңаарнада орналасқан нысанымызға келіп, өздері басып алып кетеді. Тікелей өздеріне барып апарып берген емеспіз. Одан бөлек, жол бойындағы базарларға да картопты көтерме сауда бағасымен сатамыз. Бұл қосымша табыс көзіміз десек те болады.
− Кәсіп барысында сан соғып қалған сәтіңіз болды ма?
− Әрине, кәсіп болғандықтан тасыңның қашан өрге, не көрге домалайтынын болжау қиын. Мәселен, біз соңғы жылдары картоптан аса пайда көрген жоқпыз. Оған себеп сапасыз алынған картоп тұқымдары. Осыдан екі-үш жыл бұрын белгілі бір жергілікті компаниядан жоғары сапалы картоп тұқымын сатып алдым. Оны баптап, залалсыздандырып, жан-жақты бақыладым. Бірақ картопты жинау барысына келгенде олар өте сапасыз және жеуге жарамсыз күйде болды. Мен бұл мәселенің неліктен туындағанын анықтау үшін керекті мамандарды шақыртып, зерттеу жұмыстарын жүргіздірдім. Ақырында талдау нәтижесі бойынша 15 картоптың 14-і вирус жұқтырған болып шықты. Компанияға айып тағайын десек, келісімшарт бойынша біз наразылығымызды тұқымды егуге дейін ғана айтуға құқылымыз. Тұқым өніп-өскеннен кейін ешқандай мін тағала алмаймыз. Бірақ ақыр соңында ол компания өз жұмыс істеуін тоқтатты. Осылайша екі жыл бойы біз осы компанияның берген сапасыз өнімінің салдарымен арпалыстық. Осы жылы біз Ресейдің Омск қаласынан жоғары сападағы тұқымдарды алдырдық. Әзірге картоп керемет көбейіп жатыр. Енді келер жылы осы картопты көп мөлшерде отырғызу жоспарда бар.
− Сіздің қармағыңызда неше қызметкер жұмыс істейді?
− Менің қол астымда 12-15 адамдай еңбек етеді. Олардың көбі өзбектер мен қарақалпақтар. Неге десеңіз, жергілікті тұрғындар бұндай жұмыспен айналысқысы келмейді. Сол себепті мигранттарды тартудан басқа амал қалмады.
− Кәсіп бойынша субсидия немесе несие аласыз ба?
− Әрине, жыл сайын субсидия аламыз. Бізде тыңайтқыштар, гербицидтер және ауылшаруашылық техникасы субсидияланады. Көптеген фермерлер мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді деп шағымданады. Бірақ мен бұл пікірге келіспеймін. Мемлекет аз ғана мөлшерде болса да, біз секілді кәсіпкерлерді қолдап, дмеушілік көрсетеді. Оның айқын мысалы, біз секілді кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін 0,5 пайыздық несие. Шарт бойынша негізгі 4 өнімді ( картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз) сақтауға дайын, өнімді белгіленген бағадан жоғары емес бағада сатуға және шығысы туралы есеп беруге дайын адамдарға пайызсыз дерлік несие беріледі. Бұл несие туралы естігенімде, оны тезірек рәсімдеуге асықтым. Себебі мен шекті баллдан екі есе аз ақшаға сатпасам, одан асырып сатуды ойламадым. Одан бөлек, әр тиын тебенімді қалай және қай жерге жұмсағаным туралы есеп беруге керісінше көзқарасым оң.
− Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлерге жағдай жасалған дедіңіз, бірақ қалай ойлайсыз сол көмек қолына неге басқа кәсіпкерлер жүгінгісі келмейді.
− Мен несие туралы ақпарат білуге барғанымда, несие рәсімдеуге келген бірде-бір адамды көрген емеспін. Бұл сауалды тікелей несие беруші орталыққа жолдағанымда, маған берген жауабы адамдардың кірісі мен шығысын көрсеткісі келмейтіндігінде деді. Несие талабы бойынша, кәсіпкер берілген қаржыны алған кезде оның қолдану аясына қатысты есеп беруі керек. Кәсіпкерден өз ісіне қатысты есеп береді, ал мемлекет тарапынан 0,5 пайызбен рәсімделген несие ұсынылады. Қарап тұрсақ, бұл өзара тиімді ынтымақтастық.
− Жалпы, шаруашылыққа арналған жер көлеміңіз қанша гектар?
− Біздің шаруашылық шағын, 39 гектар жерді алады. Оның ішінде, егуге қолайсыз жолдар, арналар бар. Оларды есептемегенде 30 гектардай жерді шарушашылыққа пайдаланамыз. Мысалы, биылғы жылы 5 гектар жерге Пекин қырыққабатын отырғыздық. Оны қазан айында жинап, тоңазытқыштарда сақтаймыз.
− Елімізде аталған кәсіптің қарқынды дамуына кедергі болатын жайттар бар ма?
− Ең алдымен, барлық кәсіпкерлердің бірауыздан айтар мәселесі – су тапшылығы. Бұл мәселені еңсеру үшін тамшылатып суару әдісіне біртіндеп көшіп жатырмыз. Су тапшылығынан бөлек, мені әбігерге салған мәселе субсидия. Субсидия алу мәселесі бір төбе, оның берілетін қаржылай мөлшерінің аздығы екінші төбе. Алматы облысында қандай да бір себептермен субсидиялауға аз ақша беріледі, одан бөлек 2-3 апта ішінде субсидиялар тіпті қарастырылмайды. Осы аталған мәселені жіті қарастырса дұрыс болар еді.
− Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?
− Жалпы жұмыс барысында мен көп нәрсені егіп көрдім. Биылғы жылдың өзінде Пекин қырыққабатын, брокколиді, гүлдіқырыққабатты отырғызуға тырыстық. Көп жағдайды басымнан өткердім және соның бәрін сарай келе түсінгенім мен жылыжайда жұмыс істегенді құп көремін. Әрине жылыжай жұмысының да өз ауыртпашылығы бар. Бұл нысан жан-жақты, сан саладан қарауды қажет етеді. Сол себепті келер жылы жылыжай мен картопқа ерекше назар аударылады деп жоспарланған. Картопқа келер болсақ, келесі жылы картоп тұқымы жеткілікті болса, онда бес гектардан 15-ке дейін, мүмкін 20-ға дейін көбейтуді көздеп отырмыз.
− Осы кәсіппен айналысуға бел буып отырған әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
− Бұл салаға аяқ басқан әріптестеріме айтарым ең алдымен сала аясыда жақсы білім алыңыздар, оқыңыздар. Себебі өнімді өсіріп-өндіру жақсы күтімді қажет етеді. Ал күтім жасау бұл саладан жан-жақты хабардар болуды, қыр-сырын білуді талап етеді. Сол себепті білім алыңыздар және сол білімдеріңізді тәжірибеде мығымдап бекітіңіздер.
Диана ҚАНАТ