Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

АДАЛДЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН АРЫС АҒА

Ғұмырындағы әр қадамын есеппен басып, ақылмен жұмсаған адамдарға қарап таңғаласың. Өйткені сананы тұрмыс билеген мына қоғамда, жақсы өмір сүре білудің өзі өнер болып қалғандай.  Әсіресе күнде қолында миллиондаған қаржы операциясы жүріп жатқан есепші болсаң ше? Есепшінің жұмысы мұқияттылық пен дәлдікті талап етеді ғой. Себебі олардың қолында жәй ғана сандар емес, үлкен мекемелердің тұрақты жұмысы мен қызметкерлердің маңдай тер, еңбек ақысы тұрады. олар өздері қызмет атқаратын мекемедегі есеп, қаржы және материалдық-техникалық құндылықтарды бақылап, маңызды нәрселер үшін жауап береді. Осы мамандықты жанына серік еткен адал азаматты сіздерге таныстырғалы отырмыз. Ол елге сыйлы жан, өз ісіне адал әріптес, ардақты еңбек ардагері, қамқор ата, Іле ауданының Құрметті азаматы Арыс Омаровпен кездесіп сыр тартқан едік.

Ағаның өмірі жолымен таныстырсақ, Омаров Арыс 1950 жылы мамыр айының 9-ші жұлдызынан Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Кастек ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірген соң 1973-1997 жылдар аралығында бұрынғы Күрті ауданында, 1997-2007 жыл Іле ауданында, 2007-2008 жыл аралығында Жамбыл ауданында, 2008-2009 жылдары Іле ауданында еңбек жолдарын өткізген, 2008-2009 жылдары Іле ауданындағы Аудандық почта байланыс торабын басқарып зейнеткерлікке шыққан. 1985 жылы Алматы халық шаруашылық институтын сырттай оқып бітірген. Арыс аға, өзінің  43 жыл істеген еңбек стажының 4 жылын Талғар ауданында, 24 жылын бұрынғы Күрті ауданында, 10 жылын Іле ауданында, 5 жылын Қарасай ауданында қызмет істеген. Әкесі 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылы мүгедек болып келіп, 1973-жылы қайтыс болған. Омаров Арыс Қазпочта АҚ Алматы облысы аудандық почта байланыс тораптарының бастығы лауазымында қызмет істеген кездерде, жалпы барлық жұмыс істеген ұжымында өзінің жауапкершілігімен, адал таза азамат екенін көрсете білген. Басшы қызметте істеген уақытта жергілікті басшылармен тіл табысып, жұмысты ұйымдастыра білді. Рейтинг бойынша істеген мекемелері облыс бойынша алдыңғы қатарларында болды. Арыс Омаров еңбектегі жоғарғы жетістіктері үшін облыс әкімі, аудан әкімдерінің Қазпочта АҚ және Алматы облысы филиалының директор грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталған. 2013 жылы көп жылғы істеген еңбегін бағалап Қазақстан бойынша қызметкелерінің кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестіктерінің медальмен марапатталды. Бірнеше аудандық почта байланыс тораптарын басқару себебі, осы қызмет саласында тәжірбиесі өте үлкен, өз жұмысын жақсы білгені үшін, қай аудандарда қылмыс жасау фактірлері болса жұмыстарды ретке келтіріп кеткен кемшіліктерді болдырмау үшін сол аудандарға жұмысқа жіберіліп отырған.

Іле ауданының әкімі осы көп жыл еңбегін ескеріп Іле аудандық маслихатпен бірлесіп Арыс Омаровқа 2022 жылы Іле ауданының құрметті азаматы деген атақ берді. Омаров Арыстың жұмыс істеген мекемелері негізінен халыққа қызмет көрсету болып келеді.

Сонымен қатар Арыс Омаров ағамыз әріптестерімен және аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие болып іскер басшы, сыйлы азамат бола білді. Өнегелі жанұя иесі, 4 бала тәрбиелеп өсірді, балалары түрлі салада өнегелі қызмет істеп жүр.

Арыс аға өз сөзінде

– Әр саланың өз қызығы мен қиыншылығы болады. Біздің мамандық ең бірінші адалдықты, мұқият болуды талап етеді. Және де қателікті кешірмейді. Бүгінде өткен-кеткенді есе алсам жақсы бір түс көргендеймін. Түрлі қиындықты бастан кешірдім.  Ертеректе айлықты қолдан есептейтінбіз, қазіргі таңда барлығын арнайы бағдарлама көмегімен істейміз. Кейде айлық аударымдарында түсінбеушіліктер болып тұрады. Сол сәтте әріптестерге сабырлылықпен түсіндіруге тырысатынбыз, – дейді.

Жауапкершіліктің жүгі қашанда ауыр ғой.  Арыс ағамыз нағыз іс тетігін білікті кадрлар шешетін тұста жұмыс жасады. Сонау 1973-1997 жылдар аралығында бұрынғы Күрті ауданында, 1997-2007 жыл Іле ауданында, 2007-2008 жыл аралығында Жамбыл ауданында, 2008-2009 жылдары Іле ауданында еңбек жолдарын өткізген, 2008-2009 жылдары Іле ауданындағы аудандық почта байланыс торабын басқарды.

Арыс ағамыздай білікті азаматтар тарихтың қаттаулы беттеріне жазылып қалары анық. Көзкөрген ескі кадрлардың есінде адал азамат, елін сүйген ер ретінде айтылып жүр. 40 жылдан астам қатарынан өз қызметін адал атқарып, атақ-абыройға кенелгеніне, бірнеше буын жас маман тәрбиелеп, кейінгі шәкірттерінің өмірлік жол сілтеушісі, еңбектегі алғашқы ұстазы болғанына – ел куә. Тегінде, еңбектің еленуі бір бақыт десек те, атақ-марапат өз алдына, азаматтың атсалысуымен жүзеге асқан жобалардың өзі – нағыз бақыт болса керек-ті. Қияндағы елдімекендермен байланыстың өзі әлі толық жолға қойылмаған тәуелсіздіктің жаңадан құрылып келе жатқан қиын тұста, жұмыстың барлығы адам күшімен ғана жүзеге асатын шақта, басшының білікті болуы көп нәрсені аңғартса керек. «Жүзеге асуы тиіс жұмысты соңына дейін жеткізбей тынбайтын ол күн-түн демей, барлық нысандардың талапқа сай болуын өзі арнайы барып, қадағалап отыратын. Талапшыл, тура мінезді. Артық сөзге келмейтін, бірбеткей, тік болатын. Бір адамның бойынан білсем, үйренсем деген талпынысты байқаса-ақ, «осыдан бірдеңе шығады» деп, білгенін үйретуден жалықпайтын» — дейді үзеңгілес қызмет атқарған жұмыстастары. Бұл сөздердің өзі – біраз нәрсені аңғартса керек.

Әдетте ер-азамат түздің адамы, отбасы асыраушысы деп жатамыз. Ал, отанасы – осы ошақтың шамшырағы, үйінің берекесі. Жоғары лауазымдағы адамның жауапкершілігі де жоғары болатынын ескерсек, сол үйдің бар жүгі әйел-анаға артылатынын аңғару қиын емес. Осы орайда біз де Арыс Омаровтың жары, аяулы анамыз  Орынбасар Омаровамен  бірауыз тілдескен болатынбыз. «Біз елу жылға жуық  бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Зулаған өмір-ай… Күні кеше секілді еді, жастық жалынмен көңіл жарастырып, отау құрғанымыз. Тәубесінен таймаған жандармыз ғой, шүкір, қазір төрт балаларымыздан немере,  шөбере көрген аяулы ана, бақытты әжемін», — деді.

Сөз соңында осы еңбекқор отағасына қарап адалдығына таңдана отырып,  Омаров Арыстың көп жылғы еңбегін бағалай келе, Іле, Қарасай аудандарына әлеуметтік экономиканың дамуына қосқан еңбегін ескеріліп, Алматы облысының құрметті азаматы деген атақ берілсе екен деп тіледік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button