Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

АУДАНЫМЫЗДА «ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Іле ауданы Өтеген батыр ауылының орталық алаңында Ішкі саясат бөлімі мен жергілікті ұйымдардың бірлесіп ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізілді. Бұл акция халықаралық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқанының аясында жүзеге асырылды. Шараның мақсаты – қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік теңдікке қол жеткізу және зорлық-зомбылықтың зиянын түсіндіру.

Акция аясында бірқатар мәдени және ақпараттық шаралар ұйымдастырылды. Олардың арасында флэшмоб, сурет көрмесі мен ашық әңгімелер болды.

Флэшмоб акцияға қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, зорлық-зомбылыққа қарсы күш біріктіру қажеттілігін бейнеледі. Өтеген батыр ауылының жастары мен студенттері бірлесіп би билеп, айрықша қуанышпен қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудартты. Әсіресе, флэшмобтың соңында көрсетілген плакаттар мен постерлер зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы ұрандар мен әсерлі мәтіндер арқылы адамдардың жүрегіне жетті.

Сондай-ақ, сурет көрмесі көрермендерге зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған фотосуреттер мен ақпараттық материалдарды ұсынды. Көрмеде мектеп оқушыларының жұмыстары, әлеуметтік желілер мен қоғам өміріндегі зорлық-зомбылық туралы көзқарастарды бейнелейтін шығармалар қойылды. Бұл көрме қатысушыларға зорлық-зомбылықтың психологиялық және әлеуметтік салдары туралы ойлануға, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, акция аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық аспектілері» тақырыбында зорлық-зомбылықтың құрбандары үшін жеке кеңестер мен психологиялық қолдау көрсету, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге медициналық, профилактикалық көмек көрсету мақсатында ашық есік күні, «Отбасындағы зорлық-зомбылық: Қоғамдық жауапкершілік және қорғау» тақырыбында конференция, дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

 «Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарға бұл мәселенің өзектілігін жеткізу, сондай-ақ алдын алу шаралары туралы ақпарат беру. Өтеген батыр ауылының тұрғындарын белсенділікке шақырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға үлес қосуды көздедік. Іс-шараға әртүрлі жастағы тұрғындар, әсіресе жастар мен балалар белсенді қатысты. Флешмоб, сурет көрмесі, фотозона және ақпараттық материалдар тарату арқылы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы маңызды мәліметтер берілді. Осы шара арқылы көптеген азаматтар бұл тақырыпқа назар аударып, көмек көрсету орталықтарының байланыстарын алды. Иә, бұл тек бастамасы. Біз алдағы уақытта да ақпараттық-насихат жұмыстарын жалғастырып, тұрғындармен тығыз байланыста болуды жоспарлап отырмыз. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен амандығы біз үшін маңызды»,- деді өз сөзінде «Іле ауданының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттің мекемесінің бас маманы Әйгерім Сансызбайқызы. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қоғамның барлық деңгейінде ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет. Бұл орайда білім беру ұйымдары, әлеуметтік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет етуі аса маңызды.

Акция барысында жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылықтың салдары мен оның қоғамға тигізетін зияны туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Сонымен қатар, акцияға қатысушыларды қорқыту, кемсіту және зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде кеңестер берілді. Акцияда сөз сөйлеген мамандар зорлық-зомбылықтың түрлі түрлері – физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық туралы ақпаратпен бөлісіп, оны болдырмау жолдарын ұсынды.

«Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек заңмен шектеліп қалмауы тиіс. Қоғамдық санада бұл мәселеге дұрыс көзқарас қалыптастырып, әрбір адам зорлық-зомбылыққа қарсы тұра алатындай күшке ие болуы тиіс. Осындай маңызды тақырыптағы шаралар ауданда өтіп жатқаны қуантады», – дейді шараға қатысушылардың бірі.

Ауданда өткен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы қоғамның назарын зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне аудару мақсатында тиімді ұйымдастырылды. Іле ауданында бұл тақырып бойынша алдағы уақытта да көптеген ақпараттық-мәдени шаралар өткізу жоспарлануда. Іле ауданындағы бұл акция қоғам мүшелерінің назарын зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағыттауға және қоғамда мұндай қылмыстарды болдырмауға бірлесіп атсалысу қажеттігін тағы да бір рет ескертті. Өткен шаралар қатысушыларға зорлық-зомбылыққа қарсы күресте бірігіп, күш біріктірудің маңыздылығын айқындағаны сөзсіз.

 

Карима Мейрамбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button